Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Құрбымның қысылғаны-ай»

«Құрбымның қысылғаны-ай»
ашық дереккөз
«Құрбымның қысылғаны-ай»
Арайлым АБДУАЛИЕВА, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры: – Студент кезімде белсенді жастардың бірі болып талай қоғамдық іс-шаралардың басы-қасында жүрдім. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Педагогика және психология» мамандығы бойынша білім алып жүрген кезім. Бір күні жақын араласатын курстас құрбым «активист» болуға қызығушылық танытып, қайта-қайта айтып жүргендіктен кезекті бір жиынға қатысуға қасыма ертіп алдым. Іс-шара өтіп жатқан орынға бару үшін әуелі «Орталық мешіт» аялдамасына, кейін өзіміз оқитын институттың Төле би көшесінің бойындағы бас корпусына келдік. Жиынға қатысқан соң екеуміз бірге қайттық. Алдымен аялдамаға келдік. Күтіп тұрғанымыз қазіргі №26, бұрынғы №30 автобус. Көп күттірмей ол да келді. Құрбым екеуміз жайғасып алдық. Бірақ автобусымыз Пушкин көшесіне жақындай бергенде бұзылып қалды ма, әйтеуір, жүрмей бір орнында тұрып қалды. Автобус тоқтап қалған соң ішінде отырғандардың барлығы түсе бастады. Біз де шықтық. Артынша басқа қоғамдық көлік келіп, бәрі де соған жапа-тармағай сығылыса міне бастады. Автобус іші лық толы. Ине шаншыр орын жоқ болған соң мінгім келмеді. Ал құрбым болса ештеңеге қарамастан, артқы есіктен лып етіп ішке енді. Алдындағы кісілерді итеріп-итеріп қояды тағы. Маған қарап: «Кел, мін, осымен жетіп алайық», деді. Менің мына автобусқа кіргім жоқ. Келесісін күтетінімді айттым. Ол да қайтпады, көндіріп бақты. Мейлі дедім де қысылып-қымтырылып алдыңғы есіктен мен де мініп алдым. Автобустың ішінде құрбым маған қарап қайта-қайта жұдырығын көрсете берді. Не айтқысы келіп тұрғанын ұға алмай сұраулы жүзбен қараймын. Өз аялдамамызға жетіп, автобустан түстік. Сыртқа шыққан соң құрбым: «Сен үшін қызардым, елдердің алдында ұятқа қалдырдың», дейді. Не болғанын сұрадым. Сөйтсем, менің автобусқа мінгенімді көрмей қалып, мені қайда кетті деп іздей беремін дегенде автобустың есігі жабылып, басы есікке қыстырылып қалған екен. «Ну, погоди!» мультфильмін көрген болсаңыздар, сонда қасқыр да қоянды қуалап жүргенде автобустың есігіне басы қысылып қалмай ма?! Тура сол көрініс орын алыпты. Мен алдынан мінген кезде автобус лық толы болғандықтан біреу-біреуге мән беретіндей жағдайда емес, ол қыздың айқайлаған дауысын естімеппіз. Құдай сақтап, басы қысылып тұрғанын көрген елдер шулап жатып есікті ашқызып алған екен. Басын шығара бергенде есік қайтадан жабылып қалып, шашы қыстырылып қалыпты. Артқы жақта не болып жатқаны бізге беймәлім. Қайтадан айқай-шу. Басы да, шашы да есіктен аман-есен шыққаннан кейін автобус ішіндегі жолаушылардан өлердей ұялыпты. «Неге айқайлап атыңды шақырғанда жауап бермейсің?» деп біраз күңкілдеді. Құрбымның ренішіне мән беріп жатқан мен жоқ, ішек-сілем қатып күліп жатырмын. Басы автобустың есігіне қыстырылып тұрған бейнесін көз алдыма елестетсем болды, күлкіме ие бола алмай қаламын. Өзі де күліп жатыр. Екеуміз бір-бірімізге қараймыз да күле береміз. Осы бір қызықты оқиғаны әлі күнге дейін сағынышпен еске аламыз. Бұл оқиға студенттік шақтың ұмытылмас естеліктерінің бірі еді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар