ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ЖАРЛЫҒЫН ЖАЗҒАН ҚАЙРАТКЕР
ХХ ғасырдың басында көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялылары тәуелсіздікті аңсап, құқығы бар мемлекет құруды мақсат етті және сол үшін барынша талпынып бақты. Алғашқы жоғары білімді зиялы Алаш жастарының арман-мақсаттарын жүзеге асыруы жеңіл жұмыс болмады. Қазақ әліппесін жасауға, қазақ тарихын зерттеуге, тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру мақсатында тер төккен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Ақбай, Б.Қаратаев, М.Тынышпайұлы және де басқалар тізе біріктіре еңбек етті. Оның әрбірі еркіндікті көздеп, бостандықты аңсады.
13 маусым – Алаш жылнамасындағы тарихи күн. 1911 жылдың 13 маусымында заңгер, қоғам қайраткері Барлыбек Сыртанұлы «Қазақ елінің Уставы» деп аталатын алғашқы қазақ Конституциясын Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен жазып, жария етті және бұл Алаш партиясының бағдарламасына енгізілді. Осылайша «Оның иесі (авторы) жайлы көпшілік не біледі, қандай мәліметтер бар?» дей отырып, қолымызға қалам алдық.
Барлыбек Сыртанұлы – қазақ тарихындағы ерекше із қалдырған айтулы тұлғалардың бірі. Ол 1867 жылы Жетісу губерниясына қарасты Қапал уезіндегі Қарашоқыда дүние есігін ашқан. Барлыбектің арғы бабасы Қаптағай қол бастаған жаужүрек батыр әрі XV ғасырдағы Ақ Орда мемлекетінің ірі қайраткері болған. Барлыбек Қапал қаласындағы екі жылдық пансионатта оқып, сауатын ашады. Сол пансионатта оқып жүргенде татар молдаларынан дін ілімін қоса үйренген екен.
Білімге талпынған ол Верный қаласында ашылған ерлер гимназиясында оқып, оны үздік аяқтайды. Мектеп директоры Д.Новак шәкіртінің оқуға деген таудай талабын байқап, Жетісу губернаторына Барлыбектің білімін университетте жалғастыруы үшін қаражат бөлуін сұрайды. Өтініші қабыл алынып, Барлыбек Сыртановқа арнайы стипендия тағайындалады. Барлыбектің Санкт-Петербург университетіне аттанғаны туралы М.Тынышбаев: «Сондай қиыншылықта Жетісу деген бір түкпірден қазақ көрмеген я естімеген жерге Барлыбек марқұм жарық дүние көруге, кейінгілерге үлгі болып, жол көрсету үшін жалғыз кетті», деп жазады («Қазақ» газеті, 1915 жыл, №95).
Барлыбек Санкт-Петербургтегі жоғары оқуға бармас бұрын Верный ер балалар гимназиясын тәмамдаған. Ол 1886 жылы Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне оқуға түсіп, белгілі мамандардан дәріс алады. Сөйтіп, оны 1890 жылы үздік бітіріп шығады. Ол студенттік шағында сондағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастары М.Сералинмен, Б.Қаратаевпен, А.Теміровпен, Б.Құлмановпен бірлесіп, «Жерлестер» атты үйірме құруға атсалысты. Бұл үйірме мүшелері студент жастарға көмек көрсетуді ұйымдастырумен бірге, сондай-ақ мезгіл-мезгіл саяси-әлеуметтік мәселелерді қызу талқыға салып отырды. «Жерлестер» – қазақ тарихындағы ең тұңғыш жастар ұйымы. Қазақ қайраткерлері шыңдалған, өмірлік мұраттарын айқындауға септігін тигізген ұйымда олар басқосулар өткізіп, түрлі шаралар ұйымдастырып, танымын қалыптастырды.
Одан бөлек Б.Сыртанұлы сол жылдары орыстың көрнекті зиялы қауым өкілдерімен, революционер, демократ қайраткерлерімен шығармашылық тығыз байланыста болған. Еуропа, АҚШ сияқты өркениеті озық, ғылыми прогрестік ойы дамыған елдердің заңдарымен, құқықтық-саяси нормалық құжаттарымен және заң іліміне қатысты ғылыми әдебиеттерімен танысып, журналдарын оқыған екен.
1891-1894 жылдары Барлыбек Сыртанұлы Түркістан генерал-губернаторлығының кеңсесінде жауапты қызмет атқарған. Ол уақытта генерал-губернатордың резиденциясы Ташкент қаласында болған. 1894 жылы 29 кыркүйекте Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Мұның артынша ерекше тапсырмалардың кіші шенеунігі қызметін атқарды. Жетісу облыстық басқармасында қызмет ете жүріп, Ресей шенеуніктерінен жәбір көрген қазақ халқының өкілдеріне көмек көрсетуді өзінің борышы санады. Осы қызметінде жүргенде, яғни 1906 жылы қазіргі Алматыда тұңғыш рет І Мұсылмандар кітапханасын ұйымдастырып, діни әдебиеттерді шығаратын Қазан, Уфа, Орынбор, Петербор сияқты қалалардың баспаханаларынан кітаптар алдырып, кітапхана қорын молайтқан. Петерборда оқып жүргенінде оқымысты азамат 2000-нан астам кітап жинап, кейін оны еліне әкелген-ді. Әлгі кітаптарды оқып, танымдық көзқарасын кеңейткеннің бірі – көрнекті ақынымыз Ілияс Жансүгірұлы.
Барлыбектің аталас туысы Маман қажының ұрпақтарына кеңес беріп, Қарағаштағы «Мамания» мектебін аштыруы оның оқу бағдарламасының даярлануына көмек берді.
1903-1908 жылдары Б.Сыртанов Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне атсалысты. Патша өкіметінің орыс шаруаларының Жетісу өңіріне қоныс аударып, жергілікті халықтың мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытты. «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қатысты мақалалар жариялады. Сол тұстағы жергілікті халықтың мұң-мұқтажын айқындап, оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында жалпықазақ съезін шақыру мәселесін көтерді. Оның мұндай ұсынысы С.Лапин, Р.Мөрсеков, Ж.Сейдалин және Б.Қаратаев секілді қазақ зиялылары тарапынан қолдау тапты.
1908 жылдың күзінде патшалық биліктің ұлық қызметіндегі Барлыбек Сыртанұлы саяси көзқарасына байланысты «сенімсіз кадр» ретінде танылып, қысыммен отствакаға шығарылады. 1909 жылы Жетісудағы атамекені Ақсу бекетінің (Арасан болысы) қасында 12 шақырым жердегі кіндік қаны тамған жеріне – қыстауына оралады.
Алғашқы білімді, озық ойлы ұлт өкілдері сол ауыр кезеңде ел жағдайына барынша көңіл бөліп, титімдей болса да халқыма пайдамды келтірейін деп өмір сүрген, қолынан келген көмекті еш аямаған. Сондай азаматтың бірі Барлыбек Сыртанұлы болды. Ол Қарағаштағы ағайынды Маман-Тұрысбек балалары ашқан «Мамания» мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс оқып, ұстаздық қызмет атқарады. Мұсылмандық-жәдиттік бағыттағы мектепте имандылық курстарын енгізуге, дүние ілімдерінің оқу-әдістемелік жоспарын даярлауға көп еңбек сіңіреді. Одан бөлек ол Жетісу өлкесінде өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеуді бастайды. «...Ол өзі табиғатынан бойына дәрігерлік қасиет қонған адам болатын. Петербордағы Императорлық университетті бітірген соң туған жеріне келіп, қызметке араласа бастаған тұсында қазақ даласында өсетін емдік қасиеті зор шөп, гүл, тағы сол секілділерді зерттеп, орыс тілінде «Дәрілік өсімдіктер» («Травяные растения. Способы их употребления») деп аталған медициналық еңбек жазған», деп жазады жазушы-зерттеуші Елдос Тоқтарбай (Adebiportal.kz).
Б.Сыртанұлы 1910 жылдың 21 қазанында Алматының жанындағы Ұзынағаш елді мекенінде қырғыз-қазақ азаматтарын жиып, патшаға қарсы манифестік съезд ұйымдастырады. Бұл тарихымызда сирек айтылатын әрі аз жазылған «Ұзынағаш съезі» еді. Съезде жер мәселесі, білім, оқу-ағарту және бас бостандығы, діни ерік мәселелері қаралған. Осы съезде алғаш рет Б.Сыртанұлы әлеуметтік маңызы зор идеяны талқыға салады. Ол: «Жақсы жердің бәрі қара шекпенділердің меншігіне өтті. Жұртынан айырылған байғұс қазақ тақыр жерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас. Ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу – басты міндетіміз. Қара шекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет», деп халқына үндеу тастайды. Жиынға қатысқан делегаттар ұлтты ұйыстырар, бірлікке шақырар игі бастаманы бірауыздан қолдайды.
Сонымен қатар саяси тұлғаның қаламынан «Ынтымақ ережесі» еңбегі шықты. Бұл Барлыбектің бүгінгі тілмен айтқанда «кооперативтік» бастамасы болатын. Яғни «Ынтымақ ережесі» еңбегінде әлеуметшіл тұлға ел азаматтарының бір-біріне қайырымды, мейірімді һәм иман жолында көркем мұсылман болуды міндеттейді. Небәрі 15 тармақтан тұратын ережеде зекет, қайыр-садақа, ораза, намаз мәселелерін қазақ тұрмысымен және дәстүрімен сабақтастыра отырып, қарапайым әрі түсінікті тілде ұсынған. Ережеден бірер мысал келтірейік:
«Зекет, қайыр-садақа, үшір малы жоқ кедейдікі, жыл сайын бөліп бере беру, кедей жоқ болса, медресенікі;
Ғұмырынша жазылмайтұғын біреуде ауру болса, көбіміз дәрігерге қаратайық, шығыны көптен болсын – бай-кедей демей;
Балаларын ұл болсын, қыз болсын оқытпаса, жыл сайын 25 сом көпке берсін;
Бозбалалар, қарасақал, ақсақалдар намаз оқымаса, ораза ұстамаса, үшір бермесе, бай зекет бермесе айыпты болсын, айыбы шариғат қосқаннан басқа әр жолға 10 сомнан айып көптікі.
Ұрлық, өтірік, боқтау, ойнас тіпті болмасын. Болса, абақтыдан басқа көпке ат-шапан болсын».
Міне, көрдіңіз бе, «шын мұсылман» болып өмірден өткен заңгер, идеолог азаматтың әлеуметтік көзқарасын, халықшыл болғандығын бірден байқауға болады.
Барлыбек Сыртанұлы – дін жолынан аттамаған, ұлт-азаттық қозғалыс барысында Алла алдындағы, ел алдындағы және ата-баба аруағы алдындағы перзенттік парызын толық өтеген һәм империялық-монархиялық билікке қарсы мінез көрсеткен, қара басын қатерге тіккен айбынды біртуар азамат еді.
Оның ұлт мұраты жолындағы өшпес мұрасы, әлеуметтік-прогрестік ойлары, құқықтық-саяси көзқарастары уақыт өтіп, ұрпақ алмасқан сайын туған ұлтының қажетіне жарайтын өзекті, жаңа заманның мәселелерімен үндесіп жатқан өміршең жәдігер ретінде мәңгі жасай беретініне күмән жоқ. Барлыбекті қай қырынан алып қарасақ та жаңалық ашып, тың дерек табуға болады.
Барлыбектің өскен ортасы, империя астанасының қоғамдық-мәдени өмірі, орыс интеллегенциясының біліктілігі оның тұлға, азамат болып қалыптасуына, қайраткерлік көзқарасының дамуына ерекше ықпал еткен. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында қазақ жерінің Ресей құрамына қосылуы патша өкіметінің субъективтік мақсаттары мен мүддесіне сай жұмыс істеді. Қазақ жұртының жігері мүжіліп, жері жырымдалып, талан-таражға түсе бастады. Бұл – қазақтың зиялы жастарын ойландырмай қоймады. Осындай өмірлік-қоғамдық тәжірибе және империяға кіріптар болған халқының мүшкіл халі оның Конституциялық құжат жазуына түрткі болған.
Тарихшы-ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, Барлыбектің Алаш идеясының теориялық негізін қалаған Ә.Бөкейхан замандасымен қатарласып, осы идеяның жүзеге асуына себепкер болғаны айтылады. Барлыбек қазақ халқының мұң-мұқтажын жеткізуге Санкт-Петербургке делегация басшысы болып барып, ол жақта бір жылдай болады. Ол ақ патшаға кіре алмайды. Десе де оның қол астындағы шенді қызметкерлеріне кіріп, халық талабын жеткізеді. Ол жақта Әлихан Бөкейханмен кездеседі. Бірақ оған дейін де екеуі кездескен. Әлихан мен Барлыбектің кездесулерінің нәтижесінде қазақ халқының болашағы турасында ұзақ әңгіме болады. Ойлары, мақсаттары, саяси көзқарастары осы жерде үйлесімін табады. Екеуі ақылдаса келе, «Алаш» партиясын құру мәселесіне тоқтаған. 1911 жылы Санкт-Петербургте бай кітапхананың мүмкіндігін пайдалана отырып, Ә.Бөкейханның өтінішімен құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің отары қатарынан шығаруды көздеген Жарғы әзірледі. Бұл Жарғыда қазақ жері Ресей отары емес, доминионы (достастық құрамына енген мемлекет болуын, яғни Австралия одағы (Жаңа Зеландия) сияқты болуы көрсетілді. Бұл Жарғы С.Б.Алашинский деген бүркеншік атпен қазақ елінің алғашқы Конституциясы («Қазақ елі Уставы») болып жарық көрді. Конституция – терең ақыл-ой иесінің кемелдігі мен жан-жақты білімінің нәтижесі еді. Еңбекті оқи отырып, әрбір тармағына қайран қаласың! Мәселен, «Кіріспе» бөлімінде: «Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкіметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі Республикасын құрамыз», делінген.
ХХ ғасыр басындағы оқыған қазақ азаматтары патшалықтың отарлау саясатына ақыл-ой, кемел білім арқылы ғана қарсы күресті. Б.Сыртанұлы дайындаған Жарлықта:
«10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді.
11. Қазақ елінде адам балалары бостандықта, теңдікте һәм бақытты өмір сүруге хұқы бар.
12. Қазақ елінде ер адам мен әйел теңді. Қазақи ерекшеліктер әйелдерді қорламайды, әйел келісімімен іске асады.
13. Қазақ елінде адам баласының еркін сөйлеуге, ұйым құруға һәм партияларға кіруіне тыйым жоқ.
14. Нәсілдерді бір-біріне қарсы итеретін ұйымның, партияның, адам баласының істеріне тыйым салынады. Кінәлілер законға жауапты.
15. Қазақ елінде соттың рұқсатынсыз адам баласы ұсталмайды, абақтыға қамалмайды. Ұсталғандарға сот 24 сағатта хұкім беруі шарт, болмаса қамаудан босатылады. Законды бұзумен қамаған сот алдында сазайын тартады.
16. Қазақ елінде адам баласының хат-хабарын ашуға рұқсат жоқ. Рұқсат беру – соттың мойнында.
17. Адам баласының мүліктің барлық түріне ие болуға хұқы бар. Мүлікке ие болу, пайдалану һәм билеуден адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлік хұқынан айыру законмен, құнын төлеу арқылы болады», делінген.
Б.Сыртанұлы болашақ қазақ елін парламенттік республика формасында басқаруды ойластырып, оның ең үлкен билік органы – Парламент екенін анықтап: «Қазақ елінде ең басшы орны – Ұлт мәжілісі», деп жазған.
Уставта қазақ жері, сот турасында: «Қазақ жері оның меншігінде болады. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, Құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты. Жердің кені, орман, су, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкімет рұқсатымен болады», делінген. Сондай-ақ «Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Олардың саны – 7 адам. Сот орындарында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру құқығынан айырылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады», деген баптар дәл қазіргі сот жүйесінің принциптерімен жанасып тұр.
Бұл құжатта көтерілген мәселелер мен идеялардың әлі күнге дейін өзекті, жасампаз болуының басты себебі – адами капитал, жеке адамның бас бостандығы мен зайырлылығына айрықша көңіл бөлінгендігінде. Автордың конституциялық құжат даярлау барысында шетелдік танымал заңгер, философ, социологтардың еңбектерімен жіті танысқаны анық байқалады. Мысалы, автордың әлеуметтік прогресс, парламенттік мемлекет, адам құқы мен бостандығы туралы сарабдал ойлары Ш.Монтескье, Т.Джефферсон, Дж.Локк еңбектерінің күретамыры болған. Пассионар тұлғаның шерлі жүрегін жарып шыққан «Қазақ елінің Уставы» –
бүгіннің ғана емес, келешектің де қажетіне жарайтын құнды еңбек болып қала бермек.
Барлыбек жазған конституциялық еңбектің мәні – отарлық саясаттың зардабын тартқан қазақ елін өз алдына дербес мемлекет қылу болатын. 4 бөлім, 28 баптан тұратын құжат патшалық жандарм өкілдерінің қатаң бақылауына түсіп, оны Барлыбектің үлкен қызы Қанипа қиын-қыстау кезеңде жер астына көміп жүріп, әке мұрасын НКВД тырнағынан аман алып қалады.
Бұл заң тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы саяси маңызы зор құжат болатын. Барлыбек саяси құжатына мемлекет атын «Қазақ елі Республикасы» деп атап көрсетіп, жеке республикалық мемлекеттің алғышарттарын, ерекшеліктерін айшықтаған. Яғни мемлекеттің басты нышаны – рәміздері, парламенттік республика болатындығын жазған. Заңнамада қазақ елі патшалық Ресеймен достастық дәрежесінде ғана болады деп айрықша айтқан. Мәселен, «Бұдан былай Қазақ елі Россиямен достастық, яғни доминион дәрежесіндегі қарым-қатынаста болып тұрады».
Бұл жердегі «доминион» терминін оқымысты «достастық» баламасымен алмастырады. Дүниежүзі тарихынан білетініміздей, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бірқатар ұсақ мемлекеттер Британияның колониясында болды. Олар өзін-өзі басқару құқығына ие, алым-салықтан босатылған, өз әскері, өз Үкіметі бар жеке-дара мемлекет есебінде болған. Еуропаның саяси ілімін жетік меңгерген заңгер Б.Сыртанұлы «доминион» терминін Британия моделінен синтездеген. Осы заңның мән-мағынасы хақында кейін С.Өзбекұлы, Ш.Тлепина сынды ғалымдар жақсы аналитикалық талдаулар жүргізіп, орынды баға берді.
Сонымен қатар Барлыбектің қаламынан сол замандағы мерзімді басылымдарда өткір-өткір публицистикалық мақалалары да жарияланып тұрғаны белгілі. Әрине, патша үкіметінің «шекпенділеріне» өз саясатын жүргізуге бұндай белсенді азаматтар кедергі болды, басқыншылық іс-әрекеттеріне кедергі болды. Ондай ұлттық қайраткерлерге қайда болмасын патшалық кезеңінде де, совет заманында да тыныштық болмады. Бәрінің артында тыңшы жүретін. Тексеріске алынған, ізіне жансыз түскен қайырсыз шақ. Николай заманында Барлыбек Сыртанұлы 1914 жылғы 26 қарашада 48 жасында опат болды (Жетісу облысын басқарған әскери губернатор, генерал-лейтенат Михаил Фольбаумның арнайы тапсырмасымен атылған деген де мәліметтер бар). Арда туған азамат қайтыс болғанында Алаш ұранды үзеңгілестері қайғырып «Қазақ», «Айқап» басылымдарына Ә.Бөкейхан, М.Тынышбайұлы, С.Қиясов сынды азаматтар қазанама-мүнаһиб (некролог) жазған. Сол замандастарының көңіл айтуында Барлыбекті «Шын мұсылман еді» деп еске алған екен.
Барлыбек – өзінің бағасын фәни ғұмырында-ақ алып үлгерген тарихи тұлға. Жүсіпбек Басығараұлы естелігінде: «...менің айтайын дегенім Барлыбек марқұм еді ғой. Съезд он күнде тәмам болды, сол он күнде марқұм Барлыбек тамаша болып, орыс пен қазақтың арасындағы сөзді ашық ажарлап түсіндіргеніне жұрт рухтанып қалды. Марқұмның мінезі: шын мұсылман, майда, мәлім, жылы жүзді, сөзі маңызды, білімді жігіт көрінді. Мен одан сол жақтағы найманның бірсыпыра руын сұрап, жазып алып едім. Жасаған Ие, о дүниеде рахметіне батып, қалған туысқандарына хабарын берсін деп дұға қылдым» деп жазады.
Ал замандасы, қоғам қайраткері Б.Қаратаев: «...Один ты по-моему, заслужил расположение народа. Один ты имеешь право сказать, что работал за народ. Кто же больше. Все остальные – сытые подлецы на казенных жалованьях – лишь умеют зло завидовать и змейным образом шипеть вокруг тех, кто работает, тогда как они сами пальцами не шевелят за народ», деп оның қоғамдық-саяси қызметіне әділ бағасын берген.
ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси өмірімізге белсене араласқан Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі, ұлт қайраткері, шығыстанушы-ғалым, заңгер-реформатор, ойшыл азамат патшалық билік жүйесінде ұлық дәрежелі қызметте 18 жыл болған Барлыбек Сыртановтың өмір жолы КСРО ыдырағаннан кейін ғана түбегейлі зерттеле бастады (Е.Тоқтарбай, Ж.Бикұрман, С.Өзбекұлы, Е.Нұрахмет, Ж.Қазымұратұлы және басқалар). Оның есімі қазақ елінің алғашқы Конституциясының авторы ретінде тарихта қалды. Оның негізінде кейінгі ел Жарғылары (Конституциялар) дүниеге келді.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп қазақ атамыз орынды айтқан. Олай болса, ұлтымыздың бостандығы үшін аянбай тер төккен, жұртым деп жанын пида еткен Алаш ардақтысы Б.Сыртанұлы сынды ұлтымыздың дегдар азаматтары халық есінде сақталғаны жөн.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Тараз қаласы