Өнерлі өрендерге өріс ашу керек
Өңірімізде өнер саласының жан-жақты дамуы ұлт руханияты үшін өте қажет. Өскелең ұрпақтың таланты мен талғамына қарай мемлекетімізде барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын құп көреміз.
Тараз қалалық әкімдігінің хабарлауынша, биыл көктемде Таразда Қазақ КСР және КСРО халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімұлы өнер орталығының құрылысы басталмақ. Негізі 2011 жылы Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде ыңғайластырылып ашылған орталық бүгінге дейін осы ғимараттың ішінде өз шығармашылығын жүргізіп келеді. Сол орталыққа халық әртісінің фильмдерде, театр сахнасында қолданған бұйымдары мен жеке заттарынан және жалпы өнері мен өміріндегі құндылықтардан құралған жәдігерлер қойылыпты. Олардың саны 700-ге жуықтайды.
Даңқты актердің өнерін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету – басты мақсат. Бүкіләлемдік театр мен кино саласының асқар биігінде өз қолтаңбасын қалдырған аңыз адамды мақтаныш тұтып, өнер жолындағы жастарға осы орталық арқылы бағыт-бағдар сілтеу көзделгені баршаға аян. Бүгінгі буынға өнегелі тәлім-тәрбие беру мақсатында қызмет атқарып келе жатқан аталған орталыққа келушілердің де жылдан-жылға қарасы артып отыр.
Асанәлі Әшімұлының театр мен кино өнерінде бағындырған биігі орасан зор. Жерлесіміз осы саланың хас шебері ретінде ұрпаққа мол мұра қалдырды. Талай жастар Асанәлі ағамыз түскен фильм арқылы оның тұлғасына қарап бой түзеді, өнерден өз жолын тапты.
Қазіргі таңда 3 бөлмеден тұратын шығармашылық орталықтың көптен бері жеке ғимаратты қажет етудегі жалпы жоспарын орталықтың меңгерушісі Маркс Дүзелбаевтан сұрадық. Ол орталықтың жұмысына заманауи телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатындағы мәдениет, білім және қоғамдық кеңістіктің міндеттері жатқызылатынын айтты.
Шығармашылық орталықтың негізгі міндеті – жас ұрпақтың рухани және өнегелі дамуы, көркем білімінің және шығармашылық тәрбиелеудің деңгейін арттыру. Сондай-ақ театр өнері мен кино саласында дарынды тұлғаларды айқындау үшін жағдай жасау, ел игілігі үшін шығармашылық және мәдени әлеуетін жүзеге асыру үшін оларды қолдау да негізгі мақсаттың бірі, – дейді ол.
М.Дүзелбаевтың айтуынша, шығармашылық орталық келешекте Тараздың танымал мәдени орталығына айналмақ. Бұл жерде спектакльдер, концерттер өтеді. Сонымен қатар жүйелі түрде кинокөрсетілімдер, облыстық, аймақтық, астаналық театрлардың гастрольдері, музыкалық қойылымдар, шығармашылық кездесулер, әртүрлі өнердегі аймақтық және астаналық фестивальдер ұйымдастырылады. Шығармашылық орталықта қазақ киносын насихаттау және қолдау мақсатында «Қазақфильм» акционерлік қоғамы қорындағы үздік фильмдер көрсетіледі екен. Қысқасы, А.Әшімов түскен кез келген фильм жұрт назарына ұсынылады. Шығармашылық орталық жанында қазақ кинематографиясының даму тарихына, актердің өмірі мен шығармашылығына арналған театр және кино музейі құрылады.
– Экспозиция А.Әшімовтің наградаларынан, жеке заттарынан, сахна киімдерінен, қазақ театр және кино тарихымен байланысты топтамалардан тұрады. Мониторлар көмегімен қазақ киносының майталманы ойнаған көркем фильмдерден үзінділер көрсетіледі. «Қазақфильм» киностудиясынан мұражайға «Транссібір экспресі», «Қыз Жібек», «Сіз кімсіз, К мырза?», «Атаманның ақыры» сынды басқа да фильмдердің афишалары, техникасы, суреттері, сценарийлері, киімдері ұсынылады. А.Әшімовтің режиссуралық қойылымдарында рөлдер сомдаған актерлердің де суреттерін, киімдерін, афишаларын көруге болады.
Шығармашылық орталықтың құрылымына, музей көрмелеріне экскурсия жасау үшін балаларға арналған ойын бөлмесі қарастырылған. Орталықта театр және киностудия, бейнелеу өнері (сурет салу, қолөнер, мүсін) секілді шығармашылық студиялар, зертханалар ашылады, – дейді Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығының меңгерушісі Маркс Дүзелбаев.
Байқасақ, болашақ үшін бір орталық талай игілікті істің жүзеге асуына түрткі болғалы тұр. Алайда осы орталық ашылады деген мәлімет тарағалы бері қоғамдық пікір екіге жарылды. Әлеуметтік желіде желдей ескен әңгіме көбейді. Әсіресе әлеуметтік желідегі «Facebook»-тің белсенді қолданушылары мен блогерлер арасында біріне-бірі қарсы пікір айтып, текетірескендер қатары көп.
Қолға алынғалы жатқан іске қарсы пікір білдірушілердің жазбасына назар аударсақ, «Жеке тұлғаны дәріптеуге арналған орталық халық қазынасы есебінен салынбауы керек. Қалалық мәдениет үйінің қасынан тұрғызылатын ғимаратты салу үшін ол жердегі саябаққа зақым келеді, талдар кесіледі, бұл табиғатқа шығын әкеледі. А.Әшімовтің халыққа істеген жақсылығы болсын, одан да сол орталықты өз қаржысына салып берсін», деген сарындағы пікірлер жетіп артылады.
Ал болар істі қолдайтындар тарапынан «Маңдайымызға біткен өнер майталманы атында бір орталық бой көтерсе, несі айып?! Орталық қазақтың біртуар тұлғасы Асанәлінің атында болғанымен, заты өнерлі жастарды тәрбиелеуге арналған. Осының арқасында шығармашыл азаматтардың бірқатары жұмыспен қамтылар еді», деген пікірлер айтылды.
Бір белсенді: «Асанәлі Әшімовтің атындағы өнер орталығының салынуын қолдаймын. Балаларымыз ақылы үйірмелерге барады. Осы орталықтан үйірмелер көптеп ашылса дейміз және тегін үйірмелер болса, тіпті жақсы. Бұл жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануға пайдасын тигізер еді. Таразда бір ата-ана баласын фильмге түсіру үшін 600 мың теңге ақы төлепті. Осы орталық салынса, бәлкім, ондағы үйірмеге қатысқан өнерлі балалар отандық киноларға түсуге мол мүмкіндік алатын шығар», дейді.
Осы орайда біз ҚР Мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері Талғат Сұлтангереевтің пікірін тыңдап көрдік. Ол Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығы өнер орталығы болып болашақта арнайы жаңа ғимаратқа ауысса, онда қазіргі атауы музей болып өзгертілетінін сөз етті. Айтуынша, ауқымы кеңейтілген музейде А.Әшімовтің ұстаздары Шәкен Аймановқа, Асқар Тоқпановқа және өнердегі әріптестері Елубай Өмірзақов, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Әзірбайжан Мәмбетов, Сабира Майқанова, Құман Тастанбеков, Нұрмахан Жантөрин сынды ұлттық театр мен кино өнерінің жұлдыздарына қатысты барлық жәдігерлер топтастырылады.
– Облысымызда мәдениет пен өнер ошақтарының көп болғаны артық етпейді. Адамдардың әртүрлі қызығушылықтарына тән осы сияқты үйірмелер отауының саны арта берсе, мұның қоғам үшін маңыздылығы зор болмақ. Көпшілік осы өнер орталығының басқаларға ұқсамайтын өз ерекшелігі болатынынан үмітті. Шағын 70 орындықты көрермен залы, соған шақ сахнасы болады деп күтілуде. Мен зейнетке шықпай тұрғанымда осы игі істің жүзеге асырылу шаруасына араласқанмын.
Көрермен үшін шағын зал қарастырылған. Себебі төрт бағытта жұмыс істейтін орталықтың шығармашылығы халықтың қызығушылығын арттырып, бағалы дүниелерімен көпшілікке кезек күттіретіндей орталық болуы тиіс. Залы да, сахнасы да үлкен мәдениет ошағының бізге керегі қанша? Ішіне адам толтыру қиынға соғуы мүмкін.
Жалпы орталықта шамамен 41 штат болады. Демек, бұл 41 адам жұмыспен қамтылады деген сөз. Үйірмеге қатысушыларға Асанәлі Әшімұлы өзі бастаған республикамызға танымал профессорлар, академиктер арагідік шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Бұл орталықтың республикалық деңгейде жұмыс істеуіне мүмкіндігі мол. Себебі осы жерде үйірмеге қатысатын өнерпаздардың талантына орай көтермелеуге көп қолдаулар жасалады. Шаһарымызда, ауылдарда көзге түспей, өнері дұрыс бағаланбай жүрген талантты жастарға жол ашылады десем, артық айтқаным емес. Олай деген себебім, жаңағы айтқан театр тарландары, өнер саңлақтары әркез осында келіп, шәкірттерге сабақ өтіп тұрса, әрине, таланттардың олардың көзіне түсуіне жол ашылады.
Ал енді бұл ғимараттың орналасатын жеріне келсек, ешқандай тал кесілмейді. Тек сол жердегі спорттық құралдар футбол алаңшасына жақын маңға көшіріледі. Артық нәрсе бүлінбейді. Есесіне салынатын ғимараттың айналасына жаңа талдар егіледі. Бұл жобамен біздің облыс басшылары және Асанәлі Әшімұлы өзі келіп тікелей танысты, – дейді Талғат Сұлтангерейұлы.
Осы ретте ұлы ойшылдар өнер туралы не дейді деген сауалға келсек, АҚШ, Аустралия, Шотландия, Ұлыбритания секілді бірнеше мемлекеттегі әйгілі университеттердің профессоры болған, психоаналитик Альфред Адлер: «Өнердің дамуы – қоғам дамуының көрінісі. Өнер көре білу мен сезіне білуге үйретеді, оның өзі де əлдебір тіл тəрізді жəне оның бойында зор мүмкіндіктер жинақталған», деп ой түйіпті. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза: «Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді», деген. Демек, адамның бойынан ізгілік, мейірім, қарапайымдылық секілді тағы да басқа ұлы қасиеттер жоғала бастаған, кісіліктен гөрі көңіліміз пендешілікке бейімделген мына заманда руханиятымызды көтеретін орталықтар керек-ақ.
Нұржан ӘЛІШ
Келесі мақала