Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көктемгі егін науқанына дайындық қалай?

Көктемгі егін науқанына дайындық қалай?
ашық дереккөз
Көктемгі егін науқанына дайындық қалай?
Енді аз уақытта дала төсінде көктемгі егін жұмыстарына дайындық басталады. Үкімет көктемгі егісті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық шараларды қабылдады.  Ол жайлы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде кеңінен айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков БАҚ қызметкерлері алдында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және қаржыландыру мәселелерін баяндады. Баспасөз мәслихатында Қанатбек Қайшыбекұлы биыл аймақта көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын, шаруашылық жұмыстарын қамдау жайын баяндады. – Биыл аймақта ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқабы 14,7 мың гектарға артады деп болжануда. Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында облыста дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, көкөніс-бақша дақылдары, картоп, қант қызылшасын отырғызуға басымдық беріледі. Ауылшаруашылық саласын қолдауға ағымдағы жылы 100 миллиард теңгеден астам қаржы қаралып отыр. Бұл қаржылар шаруаларға субсидия төлеуге, пилоттық жоба мен сүт-тауарлы фермаларын құру, көкөніс қоймаларын салу, құс және балық шаруашылығы сияқты жобаларды іске асыруға жұмсалады, – деді спикер. Мұнан соң баяндама жасаған Н.Жігітеков көктемгі дала жұмыстарына қажетті 90,2 мың тонна тұқым көлемінің бүгінгі күнге 68,9 мың тоннасы қолда бар екендігін айтты. – Жетіспейтін қант қызылшасының, дәндік жүгері, картоп, сүрлемдік жүгері және күнбағыс дақылдарының тұқымын шет мемлекеттерден және Алматы, Қарағанды, Павлодар және Жетісу облыстарынан жеткізу жоспарлануда. Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 7 317 ауылшаруашылық техникасын қатыстыру жоспарланған. Атап айтсақ, 4 585 трактор, 1 234 соқа, 580 қопсытқыш, 826 дәнсепкіш, 92 тұқымдәрілегіш. Бүгінгі таңда аудандарда ауылшаруашылық техникаларын жөндеу жұмыстары басталды. Биыл ауылшаруашылық техникаларын 12 пайызға жаңарту көзделіп отыр. Биыл көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін және дизель отынын шаруашылықтарға ертерек қаңтар айынан бастап тарату үшін Ауылшаруашылық министрлігіне хат жолданды. Қаңтар-мамыр айларына жалпы 15,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны қажет. Бүгінгі күнге аудандар бойынша таратушы операторларды белгілеу және меморандум жасасу жұмыстары жүргізілуде. Кепілдендірілген дизель отынының шаруашылықтарға жеңілдетілген түрдегі бағасы әлі нақтыланған жоқ. Себебі дизель отынының тоннасына негізгі баға мөлшерін ҚР Энергетика министрлігі бекітеді. Аталған министрлік тарапынан бүгінгі күнге бекітілген баға келген жоқ. Осы жылы 54 мың тонна тыңайтқышты 280 мың гектар алқапқа енгізу жоспарлануда. Оның ішінде 26,7 мың тонна аммиакты селитра, 7,1 мың тонна аммофос және 20,2 мың тонна басқа да тыңайтқыштар бар, – деді Нұрби Рахметқанұлы. Спикер басқарма тарапынан шаруашылықтар 50 пайыз қаражатты өз есебінен, қалған 50 пайыз қаржыны субсидия есебінен жабу бойынша «ҚазАзот» ЖШС және «Қазфосфат» ЖШС компанияларымен меморандум жасау келісіліп жатқандығын айтып өтті. Меморандум негізінде облыс шаруашылықтарының егін науқанындағы отандық тыңайтқыштарға деген қажеттілігі мен сұранысы қамтамасыз етіледі. Биыл облыс бойынша Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында қант қызылшасы дақылын 10 400 гектар жерге егу жоспарланып отыр екен. Жоспарланған егіс алқабына қажетті тұқым көлемі 15 600 себу бірлігін құрайды. Қазіргі таңда өңірімізде 5 заңды тұлға («AGROTIMES» ЖШС, «ANS-AGRO» ЖШС, «Kaz Seeds» ЖШС, «LLC Check Point Kazakhstan» ЖШС, «Prime seeds» ЖШС) қант қызылшасы тұқымын өткізуші шаруашылығына аттестатталып, жұмыстарын жүргізуде. Көктемгі егіс, дала жұмыстары кезінде шаруа қожалықтарға қажетті тұқым көлемін аталған 5 кәсіпкер тарапынан қамтамасыз ету жоспарланыпты. Қажетті тұқым көлемінің 3 000 себу бірлігін Меркі қант зауыты қамтамасыз ететін болады. Қосымша 3 500 себу бірлігін осы зауыт арқылы беруге қолдау көрсету бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде қант қызылшасы дақылын егетін шаруалардың аудандар, оның ішінде ауылдық округтер бойынша тізімі жасақталып, Меркі қант зауыты мен осы дақылдың тұқымын жеткізумен айналысатын кәсіпкерлерге ұсынылды. Биыл 10,4 мың гектар қант қызылшасының агротехникалық іс-шараларын мерзімінде өткізу үшін қосымша 31 бірлік заманауи қызылша жинайтын комбайн мен 162 бірлік тіркеме мен аспалы құралдарын сатып алу көзделуде. Сондай-ақ баспасөз алаңында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының облыстық филиалының директоры Жанар Исмаилова-Есжанова, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Бауыржан Тәжібаев қаржы институттарының агросаланы дамытуға бағытталған бағдарламалары аясында да өңірдегі шаруаларға қандай қолдау көрсетілетіндігін баяндады.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар