Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МЕКТЕПТЕГІ САПАЛЫ ТАМАҚТАНУ – БАЛА ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

МЕКТЕПТЕГІ САПАЛЫ ТАМАҚТАНУ – БАЛА ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
ашық дереккөз
МЕКТЕПТЕГІ САПАЛЫ ТАМАҚТАНУ – БАЛА ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
«Әділетті Қазақстанға» қадам бастық қой, енді қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы түзеліп, әл-ауқаты жақсаратын шығар. Қараша халық мемлекет тарапынан белгілі бір әлеуметтік топтардан бөлек, жалпы тұрғындар үшін қандай да бір жеңілдіктердің қолға алынуынан үмітті. Өйткені уақыт өткен сайын күнкөрісімізді қиындатып, ақшаның құнын тиындатып жіберген қымбатшылыққа қарсы қылар амал қалмай барады. Егер айлықақы өссе немесе зейнетақыға аздаған тиын қосылса, азық-түліктің де бағасы аспандап шыға келетіні үйреншікті жағдайға айналып кетті. Сондықтан Үкімет халыққа көмегі тиетін жеңілдіктер жасаса, әрине, мұның артықшылығы жоқ. Негізі осы тақырыпты қаузауымызға «Оқушылар арасында тегін тамақты кімдер ішеді?» деген сауал түрткі болып отыр. Ал қоғамда мұндай сауалдың туындауына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың министрліктің алқа отырысында елімізде бастауыш сынып оқушыларының барлығына бірдей ыстық тамақты тегін беру жоспарланып жатқаны жөнінде айтқан сөзі басты себеп. «Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтанудың маңызы ерекше. Балаларды тамақпен қамтамасыз ету стандарттары қайта қаралады. Оның ішінде барлық бастауыш сынып оқушыларын бірреттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, сондай-ақ асханаларда қолма-қол ақшасыз есеп жүргізу жүйесін енгізу жоспарланып отыр», деген-ді Ғ.Бейсембаев. Жағымды жаңалық ел құлағын елең еткізді. Еліміздің бас мұғалімі тілге тиек еткен бұл игілік барлық оқушыға ортақ. Негізі Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды білім беру ұйымдарында тегін тамақпен және жалпы бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіні атап көрсетілген. Бұл бойынша бюджеттен арнайы қаржы бөлу жайы қарастырылып жатқан көрінеді. Ал осы игі іс қашан жүзеге асады? Өйткені Тараз қаласында да осы жүйенің жүзеге асуын күтіп жүрген жандар аз емес. – Төрт балам бар. Оның бірі Қ.Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназияда оқиды. Отағасының табысын растайтын құжатты мектепке 6 қаңтардан кейін өткіздім. Өзім жұмыссызбын. Әлеуметтік педагог құжат өткізуде бұл жолы кешіккенімізді, осы құжаттарды келер айға таман өткізуім қажеттігін айтты. Балам ақпан айынан бастап ыстық тамаққа ілігетін болды. Бастауыш сынып оқушыларының барлығы бірдей тегін ыстық тамақпен қамтылатын жүйе қолданысқа енсе құжат жинап әуре болмайтын едік, – деді аты-жөнін атамауды өтінген ол. Қазіргі таңда орта мектепте тегін тамақты кімдер ішіп жүргенін облыс әкімдігі білім басқармасындағы мамандардан сұрадық. – Қазіргі таңда облыстағы орта білім беретін мектептерде тегін тамақпен тек мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар қамтылған. Сондай-ақ жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, өзге отбасында тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге ыстық тамақпен қоса қаржылай және материалдық көмек көрсетіледі, – деді облыс әкімдігі білім басқармасының баспасөзге жауапты маманы Ару Датаева. Жалпы қазіргі жүйе бойынша тегін тамақ ішетін балалардың тізіміне тіркелу үшін ата-анаға социолог тарапынан бірнеше құжаттарды жинау тапсырылады. Мемлекеттен жәрдемақы алатынын растайтын құжат немесе еңбекке жарамсыз деген анықтама мен тағы басқа талаптарға сай тиісті орындардан берілетін рұқсат қағаздар қажет етіледі. Бұл жеңілдіктің жалпыға бірдей берілмейтіні түсінікті. Ал біз сөз етіп отырған жүйе қашан қолданысқа енеді? – 2023-2024 жылдары жаппай бастауыш сыныптағы оқушылардың барлығы тегін тамақпен қамтылады. Олардан отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты құжаттар талап етілмейді. Тек Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысындағы санаттарға сәйкес құжаттары қабылданған оқушылар өтініште көрсетілген оқу жылында тегін ыстық тамақпен, жазғы сауықтыру лагерьлерімен және қаржылай көмекпен қамтамасыз етіледі. Әлеуметтік осал топқа кіретін 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың ата-анасынан түрлі топқа жататын жағдайына байланысты анықтамалар сұралады. Тамыз айынан бастап мектеп әкімшілігі, білім бөлімінен берілетін қаржылай, заттай тиісті көмектерді үлестіру үшін заңды құжаттары тіркеледі, – дейді Ару Серікқызы. Әрине, білім беру ісінде оқушыны оқытып қана қоймай, оның ашқұрсақ жүрмеуінің де маңызы зор. Қарны ашып, асханаға алаңдап отырған ойын баласының білімге деген құштарлығы төмендеп кетуі де әбден мүмкін. Сол себепті бастауыш сынып оқушыларының жаппай тегін тамақпен қамтылу ісінің арты сиырқұйымшақтанып кетпей, берекелі болуынан қоғам үміттеніп отыр.

Нұржан ӘЛІШ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар