Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ДЕПУТАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫН ТҮСІНУГЕ МІНДЕТТІ»

«ДЕПУТАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫН ТҮСІНУГЕ МІНДЕТТІ»
ашық дереккөз
«ДЕПУТАТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫН ТҮСІНУГЕ МІНДЕТТІ»
«Толқынды толқын қуады, толқыннан толқын туады» демекші, ел тәуелсіздігінен кейін туған жастардың өзі ел ісіне араласа бастады. Әрине, тәуелсіздік жылдары өмірге келген жастар өрттен кейінгі өртеңдей алдыңғы буын ағалардың орнын басып, ізін қуып келе жатқаны қуантады. Осы орайда біз, жас болса да бас болып, талай игі істің басы-қасында жүрген Тараз қалалық мәслихатының ең жас депутаты ретінде танылған Медет Нұрділлаұлымен сұхбаттасып, талапты өреннің айтарына құлақ түрген едік. – Медет Нұрділлаұлы, сұхбатымызды бастамас бұрын оқырмандарымызға өзіңізді таныстырып өтсеңіз... – 2000 жылдың 23 наурызында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келдім. Аумағы аядай ғана болса да үлкен-үлкен тұлғалар туып-өскен ауданда бақытты балалық шағым өтті. Аудандағы №169 орта мектепте білім алдым. Оқушы кезімнен белсенді болып, нәтижесінде ұйымдастырушылық қабілетім шыңдалып, адамдармен тез тіл табысу, ортаға сіңісіп кету сынды көптеген ізгі қасиеттерді бойыма сіңірдім деп ойлаймын. «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының белсенді мүшесі ретінде ұстаздарымның да көзіне түстім. Мектепте алған білімім мен тәрбием, қалыптасқан түрлі қабілеттерім кейін үлкен өмірде жақсы орта, көптеген адал достар табуыма және еңбек жолымда да айтарлықтай септігін тигізді. – VII шақырылған Тараз қалалық мәслихатының ең жас депутаты болдыңыз. Өзіңізді депутаттыққа кандидат ретінде ұсынуға не себеп болды? – Әр нәрсенің қозғаушы күші болады. 2016 жылдан бастап Тараз қалалық жастар ресурстық орталығында, басқармада волонтерлік қызметті жүзеге асырдым. Тараз қалалық «Jas Оtаn» Жастар қанатының төрағасы болдым. Қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, жастар саясаты саласында қызмет істеп жүргенімде Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді партия көшбасшыларын анықтау мақсатында праймериз өтетіні белгілі болды. Әрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттық корпуста жастардың үлесін арттыру бойынша тапсырма берді. Президенттің тапсырмасы жігерімді жанып, осылайша бағымды сынап көрейін деп шештім. Бұл шешімім – облыс жастарының тың идеяларын қолдап, жергілікті атқарушы органға мәселелерін жеткізіп, өсіп келе жатқан жастарға үлгі болу мақсатында қорықпай жасаған алғашқы қадамдарымның бірі. – Ендеше депутат ретінде қандай мәселелердің шешілуіне ықпал ете алдыңыз? – Депутат болып сайланғаныма 9 айдың жүзі болды. 9 айда бекітілген қаланың №9 округі тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін жазбаша түрде қабылдап, тиісті мемлекеттік мекемелерге жолдап, барынша көмек қолын созуға жәрдемдестім. Әрине, халықтың сенімін арқалап, халық қалаулысы деген атқа лайықты жұмыс істеуге құлшынып келеміз. Әрі халықтың атынан атқарушы органға бірнеше мәселе бойынша сауал да жолдаған болатынмын. Мәселен, Байзақ батыр көшесіндегі аялдама жанына арнайы белгі салып беруін сұрадым. Аталған мәселе оңтайлы шешімін тапты. Әрі жолдаған сауалымның аясында 10 жасты жұмыспен қамтуға, волонтер жастардың идеяларын жүзеге асыруға демеушілік жасалды. Сонымен қатар қайырымдылық шараларына да белсене атсалыстым. Мақсатым – еңбегімді сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрсету. Бұйырса, алдағы сайлауға тағы да қатысып, бұдан да көп мәселелердің шешімін табуына түрткі боламын деген ойдамын. – Жалпы депутаттық мандат өміріңізге қандай өзгерістер алып келді? – Біріншіден, халықпен тығыз байланыс жасауды үйрендім деп айта аламын. Көптің алдында күмілжімей сөйлеуді, халықтың сұрағына жан-жақты жауап беру, тұрғындармен кездесулерде өтініштерін тыңдап, әр істі заң шеңберінде қарастырып, бұқараның өтініштерін жауапты мемлекеттік органдарға жолдап, жауабын жариялау деген секілді мәселелердің барлығын депутат болғаннан кейін ғана меңгере бастадым. Әрі депутат болғаннан кейін халықтың жанын түсінуге міндетті екенімді сезіндім. – Облыс әкімінің «Әулиеата үміті» жастар сыйлығында «Үздік жас қоғам белсендісі» номинациясы бойынша марапатталдыңыз. Марапат қандай еңбегіңізге берілді деп ойлайсыз? – 2016 жылдан 2021 жылға дейін облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасында, облыстық жастар ресурстық орталығында «Жібек жолы жастары» волонтерлік қозғалысына жетекшілік жасап, 10 ауданнан филиал ашып, волонтерлік қызметті дамыту мақсатында жұмыстар жүргіздім. Тараз қалалық «Jas Оtаn» Жастар қанатының төрағасы ретінде жастардың қоғамдық-саяси өмірге қызығушылығын арттыруға күш жұмсадым. Коронавирус індеті асқынып тұрған кезде, Байзақ ауданында жарылыс болғанда және басқа да төтенше жағдайларда игі істердің басы-қасынан табылып, нәтижесінде «Халық алғысы» медалімен марапатталдым. Осы секілді азды-көпті еңбектерім еленіп, «Үздік жас қоғам белсендісі» номинациясы бұйырды деп ойлаймын. – Сіз өзіңізге білімді қайдан алып отырасыз? Яғни кітап оқып толықтырасыз ба, әлде басқа амалдар арқылы ма? – Күнделікті жұмыстармен қарбаласып жүргенде кейде өзімізге көңіл аудара алмай жатамыз. Бірақ уақыт оны кешірмейді ғой. Сондықтан қолым қалт ете қалғанда өзім ұнататын мемлекетті басқару құпиялары, психологиялық, мотивациялық кітаптарды көп оқимын. Ал жұмыс барысында көп дүние тәжірибемен келеді. Сондықтан көбіне білімді практика жүзінде алғанды дұрыс санаймын. Яғни саясаттың ішінде жүріп те көптеген олқылықтардың орнын толтыруға болады. – Өзіңізге жиі есеп бересіз бе? – Әрине, жас болсақ та бас болып ел ісіне араласып жүргендіктен жіберген кемшіліктерімді саралап, сараптап отырамын. Күнде кешке ұйқыға жатар алдында сол күнгі жасаған істерімді ой елегінен өткізіп, мені ренжіткен адамдарды кешіріп, мен ренжіткен кісілерден кешірім сұрап, өкпе-ренішті ұмытуға тырысамын. Осы әдісті қолдану арқылы өзімді жеңіл сезініп жүрмін. – Қызметтен тыс қандай шаруалармен айналысасыз? – Депутаттық қызметтен тыс Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының жұмыстарымен айналысамын. Одан бөлек жастармен кездесіп, бірге серуендеп, әңгімелесуге уақыт табуға тырысамын. – Қазіргі қоғамда жастарға не жетпейді? – Жастар бағытында жүргендіктен бірінші кезекте солардың мәселесімен тікелей айналысамын. Ал енді «Қазіргі жастарға не жетпейді?» дегенге келсек, жастар үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер, қолдаулар жасалып жатыр. Тек сол мүмкіндіктерді пайдалана алса болғаны. Жастарымыз мемлекет тарапынан беріліп жатқан шағын гранттар мен стипендияларды, тағы басқа да мүмкіншіліктерді тиімді қолдана білуі қажет. – Ал қазіргі қоғамның дерті не деп ойлайсыз? – Қоғамның дерті өте көп. Әсіресе жастардың электрондық темекіге, құмар ойындарға, нашақорлыққа, алкогольге құмар болуы, теріс жолға түсіп кетуі – ең бір өзекті мәселе. Әр жас өзінің өмірін кішкене ойлап алға ұмтылса, алдына арман қойса, өз мақсатына қол жеткізер еді. Біз жастар қоғамның жаман жағын дамытуға емес, қайта өзіміздің жақсы қырларымызды көрсетіп, өршіген дертті жастық жалынымызбен сөндіруге ұмтылуымыз керек. Әркім өзінің бойындағы жаман қасиеттерімен күрессе ғана біз нағыз өркениетті қоғам құра алатын едік. – Әлеуметтік желіде белсендісіз бе? Тұрғындармен қаншалықты кері байланыс орнатасыз? – Әлеуметтік желіде әрқашан да белсендімін. Парақшамда жазылған сауалдарға барынша жауап беріп, қолдан келгенше қолдау көрсетуге тырысамын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар