АСҚАРДЫҢ АРЛАНДАРЫ-АЙ!
Тұқымы тұздай құрып бара жатқан қазақы төбеттің өсімін көбейту мәселесі көп жылдан бері жиі-жиі көтеріліп келеді. Алайда нақты нәтиже шықпаса керек, мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласуға мәжбүр болды. Өткен жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттің Іс басқармасына қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау жұмысын қолға алуды тапсырды. Президент тапсырмасы бойынша атқарылған жұмыстарға мақаламыздың соңында оралармыз, сондықтан бірден негізгі айтпағымызға көшейік.
10 МЫҢ ДОЛЛАРҒА САТЫЛМАҒАН АҚТАБАН
Ғалымдар, мамандар айтса айтқандай-ақ, қазынамыздың бірі де бірегейі қазақы тазы мен төбеттің тұқымы жыл санап азайып бара жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Тіпті қазір ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі – ауылдардан қазақы төбет табу шөптен ине іздегенмен бірдей. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Мәселен, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Байзақ ауданындағы Байзақ ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Асқар Құрбанұлы бірнеше жылдан бері қазақы төбеттер асырап, көздің қарашығындай сақтауға тиіс қазынамызды қастерлеп жүр. Айтуынша, 2000 жылдары шаштараз болып, мемлекеттік қызмет саласында да бағын сынап, кейінірек жеке кәсіппен айналысуға бел буыпты. Ал коронавирус індеті күшейіп, шектеу шаралары енгізіле бастағанда тауда малшаруашылығымен айналысқанды жөн көреді. – Тоғызыншы сыныпты бітіргеннен кейін оқуды ары қарай жалғастырудың реті болмай, 15 жасымда Тараз қаласындағы шаштаразға жұмысқа орналастым. 4-5 жылға жуық уақыт шаштараз болып, 2002 жылы әскерге аттандым. Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін 7-8 жыл мемлекеттік қызмет саласында еңбек еттім. Дегенмен шаруашылықпен айналысуға қызмет біршама кедергісін тигізіп, жұмыстан шығуға тура келді. Мемлекеттік қызметпен қош айтысқаннан кейін білек сыбанып жеке шаруашылығымның шаруасын жүргізе бастадым. Әлі күнге дейін бау-бақша, жеміс-жидек егіп, малшаруашылығынан бұйырған несібемізді тауып жүрміз. 2020 жылы карантин басталғанда кәсібімізді жүргізуде біршама қиындықтар туындады. Шетелдік жұмысшыларымыз келе алмай қалды. Шақшадай басым шарадай болып, тығырықтан шығудың жолдарын іздестіріп жүргенде фазендада малшаруашылығымен айналысу жайлы ой келді. Сонымен Ақшолақ ауылының жоғары жағында, Қырғыз Республикасымен шекаралас таудың ішінде «Алмалы» фазендасына малымды шығардым. Таудың іші болғаннан кейін малға шабатын аңның бірнеше түрі кездеседі. Сондықтан жақсы ит табу керек болды. Сөйтіп, Дархан есімді ағамызға барып: «Жақсы күзетші иттер керек», деп бұйымтайымды төтесінен қойдым. Ол кісі сөзге келместен 2-3 итін берді. Сол кезде қорасында жатқан бір айлық күшік көзіме оттай басылды. Дегенмен сұрауға батпай, берген иттерін алып қайттым. Бірақ ағамнан алған иттер алғашқы күннен көңілімнен шықпады. Малды күзеткені былай тұрсын, мүлдем үрмейді. Берген тамағыңды жеп, жатады да қояды. Амал жоқ, Дархан ағамызға қайтып барып, бір көргеннен ұнатқан, түр-тұлғасы келіскен күшікті сұрадым. Ол кісі аздап қиналғандай болғанымен, әйтеуір көндірдім. Сонымен не керек, бір айлық күшікті бір қойға сатып алдым. Атын «Ақтабан» деп қойдым, – дейді Асқар Қалмамбетов. Арада бір жылдан аса уақыт өткенде Асқарға кезінде бір қойға сатып алған Ақтабанын 10 мың долларға, тіпті одан да қымбат бағаға сататын мүмкіндіктер болыпты. Дегенмен кейіпкеріміз бүгінде жан серігіне айналған Ақтабанын ат басындай алтынға айырбастамайтынын айтады. – Бір жылға жуық уақыт тауда болып, ауылға келгеннен кейін итімнің мықтылығын сынап көру туралы ой келді. Осылайша мықты иттермен төбелестіріп көрдім. 1 жас 8 айында Шымкент қаласында атағынан ат үркетін талай итті жеңген «Зорбаттан» айласын асырды. Одан бөлек Қазақстан ғана емес, Орта Азияға танымал иттермен төбелесіп, бәрін қоғадай жапырды. Сол кездерде 10 мың долларға сату жайлы ұсыныс түсіп, бас тарттым. Қазіргі таңда үш қазақы төбет бағып отырмын. Тұқымын көбейту мақсатында ұстап отырған 4-5 аналық төбетім де бар. Осы уақытқа дейін күшіктерін де сатқан емеспін. Жақын таныстарыма беремін, – дейді А.Қалмамбетов.«УАҚЫТ ЖОҚТЫҢ» УАҚЫТЫ ЖОҚ
Асқар Құрбанұлының айтуынша, бүгінгі таңда Ақтабаны 72+, яғни аса ауыр салмақта, «Бойкасы» деген иті 50 келіде, ал «Уақыт жоқ» атты төбеті 55 келі салмақ дәрежесінде екі чемпионатта бақ сынап жатыр екен. Осы орайда бізді А.Қалмамбетовтің «Уақыт жоқ» атты төбетінің аты қызықтырып, қойылу себебін сұрап көрдік. – Уақыт жоқ – өте жылдам ит. Әйтеуір асығады да жүреді (күліп). Төбеттерімнің қай-қайсысы болмасын шаруашылықтағы үлкен көмекшім. Уақыт жоқты мал қайыруға немесе айдап келуге жіберсем алды-артына қарамай қуып келеді. Айтқаныңды тыңдамайды. Төбелеске шықса да жылдам қимылдайды. Қарсыластарын тез жеңеді. Сондықтан атын өзінің іс-әрекетіне қарап әрі қалжыңдап «Уақыт жоқ» деп қойған болатынбыз. Бүгінгі таңда Уақыт жоқ та, Ақтабан мен Бойка да қатыстырған чемпионаттарында үздік өнер көрсетіп жүр. Негізі қазір асылтұқымды иттерді сату өзінше бизнес екендігі де рас. Әрі тұқымы құрып бара жатқан төбеттердің қымбат бағаланатындығы да баршаға мәлім. Бірақ мен төбеттерді пайда табу үшін асырамаймын. Егер ақшаға құнықсам, кезінде, қазір де қымбат бағаға сатып жіберуіме болатын еді. Ал менің қазақы төбеттерді асырайтын себебім – біріншіден, малдағы адал серігім. Таптырмайтын күзетші. Екіншіден, барлықтың, байлықтың, тектіліктің белгісі саналатын қазақы төбеттің тұқымын қолымнан келгенінше көбейту. Басқалар да солай етсе деймін. Ел ішінде қазақы төбет асырап отырған азаматтар аз емес. Егер алдағы уақытта тазы, қазақы төбет тұқымын сақтауға және көбейтуге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілсе, тіпті нұр үстіне нұр болар еді, – дейді А.Құрбанұлы. Егер Президент тапсырмасы тиянақты орындалып, Асқар Құрбанұлы секілді төбет тұқымын көбейтуді көздеген жанашыр азаматтар қатары көбейсе, кім біледі, аз жылда мәселенің түйіні тарқатылып та қалар. Жоғарыда айтқанымыздай, Мемлекет басшысының қазақы тазы мен төбет тұқымдарын сақтау тапсырмасы шеңберінде аталған ит тұқымдарын сақтау және қалпына келтіру мәселелері бойынша алдағы уақытта жеке заң әзірленетін болды. Сондай-ақ арнайы жұмыс тобы құрылды. Енді жұмыс тобы Қазақстанның барлық аймақтарында таза қанды тазы мен төбеттің генофондын ғылыми-зерттеуді нысаналы қаржыландыру мүмкіндіктерін тауып, мемлекеттік қолдау түрлерін қарастырады. Осылайша сең қозғалып, жұмыс басталды. Ал күтілетін нәтиже жайлы сөз қозғауға әлі ерте. Қолға алынған жұмыстардың қаншалықты нәтижелі болатыны алдағы күндердің еншісінде.Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала