ҮЗДІК ТӘЖІРИБЕ ОРТАЛЫҒЫНАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ КӨП
Кез келген елдегі сияқты Қазақстанда да халық денсаулығын қорғау басты орында. Сол үшін де мемлекет медициналық көмек сапасына және оған деген қолжетімділікті арттыруға баса назар аударып келеді. Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласын реформалау және дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар осының көрінісі.
Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі – бірінші кезекте басым мақсаттарды айқындауда және оларды
шешуге барлық мүмкін ресурстарды бағыттауда жатыр. Талас ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері
Есмахан Имаммырзаев денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020– 2025 жылдарға арналған мемлекеттік
бағдарламасының индикаторларында белгіленген халық денсаулығы көрсеткіштерін жақсарту арқылы түпкілікті нәтижеге қол жеткізу мақсаты біртіндеп орындалып жатқанын айтады.
– Бағдарламаның басты мақсаты – сапалы және қолжетімді денсаулық сақтауды қамтамасыз ету. Халықтың саламатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру және қоғамдық денсаулық қызметін дамыту – басты
міндет. Сол үшін де медициналық көмектің сапасын арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін орнықты дамытуға баса көңіл бөлініп келеді. Бағдарламада адамның өмір сүру жасының ұзақтығын 2025 жылға қарай 74,5 жасқа дейін ұлғайту көзделген. Осы жылы жалпы өлім-жітім көрсеткіштері, одан бөлек туберкулезден аурушаңдық және өлім-жітім, қатерлі жаңа түзілімдерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері бойынша оң динамикаға қол жеткізілді. Қазіргі кезде денсаулық сақтау саласын әрі қарай дамытуда аурулардың профилактикасы және саламатты өмір салтын қалыптастыру басым бағыттың бірі ретінде қарастырылып отыр. Осы орайда маусым айында орталық аурухананың медициналықсанитарлық алғашқы көмек бөлімінде «Үздік тәжірибелер орталығы» ашылған еді. Оған еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният арнайы келіп қатысты. Үздік тәжірибе орталығының ашылуына «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай
Рақыпбековтің, осы қауымдастықтың басқарма төрағасы Роза Абзалованың тигізген көмегі мол. Осы азаматтар ауданымызға арнайы келіп, сабақ, тренинг өткізген болатын. Ашығын айтқанда, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, қызметкерлердің рухани тұрғыда кемелденуіне өз септігін тигізді. Министр де орталықтың ашылуына осы кісілердің қолдауымен келіп қатысты. Бұл орталықты құрудағы басты мақсат – халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, науқастарға сапалы және жедел көмек көрсету, озық инновациялық технологияларды пайдалану, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру. Қазан айында ең үздік тәжірибе орталығы ретінде республиканың барлық аймақтарынан 50 адам бізге тәжірибе алмасуға келді. Бұл да біздің жұмысымыздың деңгейінің жақсарғанын көрсетеді. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша үздік тәжірибе орталығы – сапалы қызмет көрсетудің жоғары деңгейімен, инновациялық технологияларды қолданумен, адам денсаулығына қамқорлықпен сипатталатын кешен. Бұл медициналық, әлеуметтік және психологиялық көмекті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымының құрылымдық бөлімшесі болып есептеледі. Ал орталықтың негізгі міндеттері – медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру
және сапасын қамтамасыз ету, ұзақ мерзімді бағдарламалар, саланы дамыту жобаларын әзірлеу, – дейді Е.Имаммырзаев.
Талас аудандық орталық ауруханасында инсульт бөлімшесі құрылыпты. Бөлімнің негізгі қызметі – ми қанайналымының жіті бұзылуына тап болған науқастарды шұғыл ауруханаға жатқызып, ем тағайындау.
Бөлімше мидың созылмалы және жіті қантамырлық жеткіліксіздігі науқастарына консультациялық және арнайы, сондай-ақ жоғары мамандандырылған стационарлық медициналық көмекті жүзеге асырумен
айналысады. Мұндағы хирург дәрігер Бахытжан Ментаевтың Стамбул қаласына жіберілген ең мықты
хирургтар тобының құрамында болып, Түркия дәрігерлерімен тәжірибе алмасуы аурухананың жаңа жетістігі
саналады. Осындай тәжірибе алмасу аурухана үшін үлкен мүмкіндіктер мен жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге ықпал ететін бірден-бір жол болса керек.
Аудандық емхана меңгерушісі Гүлнар Каленова осы орталық ашылғалы аудандық емхананың да
құрылымында біраз өзгеріс орын алғанын сөз етті. Оның айтуынша, алдын алу бөлімінде дені сау баланың
даму кабинеті, ресурстық кабинет, отбасын жоспарлау кабинеті, дәрігерге дейінгі кабинет, әйелдер мен ерлерді
тексеру кабинеті, скринингтік кабинет, жастар орталығы, мектепке дейінгі мекемелер мен оқу орындарының
кабинеті, психологтар кабинеті, әлеуметтік қызметкер кабинеттері жұмыс істеп жатыр екен.
– Емханада орын алған өзгерістер қатарында халықты, фельдшерлерді шұғыл көмек көрсетуге үйрету, оқыту
бойынша тренинг кабинеті ашылды. Ол үшін арнайы муляждар, манекендер сатып алынған. Учаскелік мейірбике кабинеті құрылып, мейірбикелер жеке қабылдау жүргізуге мүмкіндік алды.
Патронаждық медбикелер сөмкелермен қамтамасыз етілген бірыңғай дресскодқа қол жеткізді. Дұрыс тамақтану бойынша жаңа денсаулық мектебі ашылды. Денсаулыққа ықпал ететін, балаға мейірімді қарым-қатынас жасайтын мектеп қалыптасты. Ана мен бала бөлмесі құрылды. Қазан айында медициналық-санитарлық алғашқы көмек көресту бойынша өткен халықаралық конгресте екі дәрігеріміздің өз жобалары бойынша баяндама оқуы да үздік тәжірибе орталығы үшін жақсы көрсеткіштердің бірі болып отыр. Үздік тәжірибе орталығының тағы да бірден-бір көрсеткіші – қоғамдық мониторинг, ақпарат тарату және тұрғындармен кері байланыс орнату бойынша механизмді енгізу. Осы жоба аясындағы «Халық кеңесі» комитетінің ықпалының да артықшылығын айта кеткен жөн. Бүгінде аталған комитет 38 мәселені анықтаса, оның ішінде 28 мәселе өз шешімін тапты. Науқастардың сұраныстарын жеке қарау және көтерілген мәселенің шешімін табу «Фокус-топта» аурухана басшылығы және медицина қызметкерлері тарапынан шешіледі, барлығы «Халық кеңесі» комитетінде қаралады. Бұл комитет медицина ұйымы мен тұрғындарды байланыстыратын алтын көпір, – дейді Г.Каленова.
Айта кетер тағы бір жайт, Балалар жылына орай аудандық орталық ауруханада әр айдың екі бейсенбісі тек қана балалар қабылдауына арналыпты.
Алдын алу бөлімінің жетекшісі Гания Молжігітованың сөзіне сүйенсек, осы бөлімнің мамандары, аудандық педиатр және аймақтық балалар медбикелерінің бастамасымен, онкологиялық аурулармен ауыратын балалар, шала туған нәрестелер, аутизм синдромы бар балалар және мүмкіндігі шектеулі, түрлі аурулар бойынша есепте тұратын балалар үшін арнайы іс-шаралар ұйымдастырылған.
Барлық іс-шараларда талдамаларға кезексіз қан алынып, профильді дәрігерлер кезексіз қабылдау жүргізіп, балалар үшін арнайы тренинг-ойындар ұйымдастырылып, оларға сыйлықтар берілген. Ауданның бас дәрігері Есмахан Имаммырзаевтың жұмысты ұйымдастыра білуінің арқасында
ұжымдағы әр маманның кәсіби, адами қасиеттерінің және бірліктің көрсеткіші ретінде орталық ауруханадағы көрсетілетін медициналық қызмет те, ұдайы жалғасын табатын әрбір ізгі бастама да нәтижелі жемісін беріп келеді.
Келер жылы да денсаулық сақтау саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізу көзделген. Оған үздік тәжірибе орталығының септігі тие беретіні анық. Бастысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласына қатысты берген тапсырмаларын орындау, алға қойған мақсаттарға сай әрі қарай жұмысты жалғастыру біз үшін маңызды міндет
болып қалады.
Мирихан ДОСЫМОВА, аудандық орталық аурухананың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс маманы, Талас ауданы
Келесі мақала