Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Су астында қалған қалалар

Су астында қалған қалалар
ашық дереккөз
Су астында қалған қалалар
Суға батқан қалалар туралы сөз болса, көп жандар бірден Атлантида туралы ойлайды. Бүгінде ғалымдар Атлант өркениетінің болған-болмағаны туралы ортақ пікірге келе алмай жүр. Алайда планетамызда тұңғиыққа батқан өзге де көптеген қалалар бар. Солардың бірнешеуін назарыңызға ұсынамыз.

Данвич

Данвич Англияның Саффолк графтығының шығыс жағалауындағы ірі сауда порты және өркениетті қала болды. Ол біздің дәуіріміздің XIII ғасырында аумағы мен мәртебесі бойынша Лондон деңгейіне дейін дамыған. Қалада сегіз шіркеу, үш шағын шіркеу, діни ордендердің бес үйі, тамплиерлер прецепториясы, екі аурухана және гильдия ратушасы болған. Қала ХІІІ-ХІV ғасырларда қатты дауыл салдарынан су астына батып кеткен. Жергілікті тұрғындар алға қарай жылжып келе жатқан суды бөгеп, қаланы су тасқынынан құтқаруға тырысып, қорғаныс ойықтарын салғанымен бәрі бекер болған.

Байи

Байи қаласы Неапольдан батысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан. Бұл ежелгі Рим қаласы Улистің кемесін басқарған басқарушы Байос есімімен аталған. Ежелгі Рим дәстүрінде айтылғандай, Байи жұмсақ климаты, жайқалған өсімдігі мен ыстық бұлағы бар, яғни тұрғындар үшін өте қолайлы мекен болған. Тұрғындар қаланы «Жердегі жұмақ» деп атаған. Шаһарда көптеген сәнді виллалар мен үлкен ғимараттар, рим халқына ұнайтын қоғамдық моншалар болған. Везувий жанартауының атқылау әсерінен қаланың бір бөлігі Неаполь шығанағында батып кеткен. Тарихта қалған осы қайғылы оқиға өркениеті дамып, гүлденіп келе жатқан Помпей қаласын жермен-жексен еткені көпшілікке белгілі. Бұл жерге 1941 жылдан бері археологиялық зерттеу жүргізіліп келеді. Аймақтың суы мөлдір болғандығы сүңгуірлерге су астында қалған қаланы мұқият зерттеуге зор мүмкіндік береді. Қаланың кейбір бөліктері, соның ішінде күрделі мозайка едендері 1700 жыл бойы су астында болса да толықтай сақталған. Сүңгуірлер қала жолдарын, қабырғаларды, тіпті Улисс пен Байостың мүсіндерін бұзылмаған күйінде тапқан.

Гераклион

Кей деректерде Тонис деп те аталатын Гераклион қазіргі Мысырдың Ніл өзенінің Каноп сағасына жақын орналасқан мысырлық ежелгі қала болған. Бұл қала туралы алғашқы жазбалар біздің дәуірімізге дейінгі XII ғасырға жатады. Ол Геродот, Страбон және Диодор сынды ежелгі шежірешілердің туындыларында кездескен. Ніл сағасындағы іргелес аралдарда салынған бұл қала ежелгі Мысырдың соңғы кезеңінде ірі сауда портына айналды. 2000 жылдардың басында археологтар суға батқан қаланың артефакттарын жер үстіне шығара бастады. Зерттеулер бойынша, қала ІІІ ғасырдың бірінші жартысында суға бата бастады, ал VІІІ ғасырда жер бетінен мүлдем жоғалып кетті.

Рейвенсер Одд

Рейвенсер Одд – Англияның Йоркширдегі ортағасырлық қарақшылар қаласы. Бұл Скандинавиядан келетін кемелер үшін ең жақын порт саналды. Райвенсер Оддтың азаматтары салық төлеуден босатылды, ал қала іс жүзінде өз-өзін басқаратын шағын мемлекет есебінде еді. Оның өз мэрі, соты, түрмесі болды. Орта ғасырда қала ақырындап суға бата бастады. Ал 1362 жылы қаңтарда болған қатты дауыл мен ерекше жоғары толқын Рейвенсерді мәңгіге су астына батырды.

Кекова

Түркияның Кекова аралында орналасқан қаланы біздің дәуіріміздің екінші ғасырында жер сілкінісі қиратқан. Тарихи жазбалар бұл аралдың Византия дәуірінде ірі қала болғанын дәлелдейді. Бүгінде бұрынғы қаланың орнына Жерорта теңізінің мөлдір көк суының астындағы қирандыларды көруге болады, ал жергілікті тұрғындар су астындағы қаланы көру үшін туристерді қалаға апарып, қосымша табыс табады. Бұл жерден судан шығып тұрған жартылай батып кеткен қирандыларды және тас баспалдақтары бар ғимараттарды көруге болады.

Дайындаған Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар