Жылыжайлар саны жылдан-жылға артуда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған былтырғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Ауылшаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес, Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс», деп атап өткені белгілі.
Облыс орталығы Тараз қаласының іргесіндегі Байзақ ауданы негізінен ауылшаруашылықпен айналысатын аймақ. Ауданда 51 986 мүйізді ірі қара, 366 386 қой-ешкі, 19 505 жылқы, 1 047 түйе, 1 650 шошқа, 862 081 құс өсіріліп жатса, бұл өткен жылмен салыстырғанда мал, құстың анағұрлым өскенін көрсетеді.
Аудан бойынша өткен жылдың 11 айында 17271,4 тонна ет (тірідей салмақта), 44628,7 тонна сүт және 12 миллион 552 мың жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда мал өнімдерінің барлық түрлерінен ілгерілеушілік барын байқау қиын емес. Бұл ретте аудандағы осыдан 2-3 жыл бұрын қолға алынған тұрғындардың табысын арттыруға арналған пилоттық жобаның пайдасы көп болып отыр. Түймекент, Қостөбе, Үлгілі ауылдық округі түрғындары аталған жоба аясында мал өсіріп, егін салуда мол нәтижеге қол жеткізіп, өз жағдайларын анағұрлым жақсартып алғандарын атап өтуге болады.
Өңірде кейінгі жылдары егіншаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауылшаруашылық мақсатындағы жалпы егістік жердің көлемі 59 790 гектарды құраса, оның 29 549 гектары суармалы, 30 241 гектары тәлімі жер. Былтыр аудан бойынша 59 552 гектар жер игеріліп, 8 750 гектар күздік бидай, 12 790 гектар жаздық арпа, 5 703 гектар көкөніс, 2 010 гектар дәндік жүгері, 1 400 гектар майлы дақыл, 1 000 гектар қант қызылшасы, 1 800 гектар бақша, 700 гектар картоп егілді. Бұлардан басқа таңқурай, құлпынай, дәндік бұршақ, тағы басқа да дақылдар еккен шаруашылықтар бар.
Былтырғы жыл диқандар үшін қолайлы жыл болды. Ерте көктемде үзіліссіз жауған жауын, егістік суының уақытылы берілуі қайсыбір дақылдың болмасын бітік шығуына жол ашты. Диқандар ала жаздай тынымсыз еткен еңбектерінің нәтижесін көріп, қуанып отыр. Олар барлық дақылды да төкпей-шашпай өз мезгілінде, яғни сапалы түрде жинап алуға қол жеткізді. Бұл ретте аудандағы 21 540 гектар масақты дәнді дақылдардан 43 047 тонна өнім алынғанын атап айтуға болады. Сонымен қатар 196 586 тонна көкөніс, 52 492 тонна бақша өнімдері, 16 493 тонна картоп, 14 972 тонна жүгері жиналды.
Ауданда пияз егіп, одан мол өнім алуда жақсы тәжірибе қалыптасқан. Биылғы жылы аудан бойынша 1825,2 гектар жерге пияз егілді. Пияз егумен 18 округтің ішінде 14-і айналысады. Олардың арасындағы Бурыл ауылдық округі 900 гектар жерге пияз ексе, Қостөбе, Ботамойнақ, Диқан, Жаңатұрмыс ауылдық округі диқандары пияз егетін алқапты 130-215 гектарға жеткізген. Аудан бойынша әр гектардан 425 центнерден өнім алынып, барлығы 77 576 тонна пияз жиналды.
Ауданда жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, жыл сайын жылыжайлардың саны да, көлемі де артуда. Аудан бойынша көлемі 5,2 гектарды құрайтын 5 жылыжай шаруашылығы және 0,95 гектарды құрайтын 12 отбасылық жылыжай бар. Жылыжайлардың жалпы көлемі 6,9 гектарды құрап отыр. Былтыр жылыжайларға қияр, қызанақ, құлпынай дақылдары егіліп, олардан 189,5 тонна өнім жиналды. Демек, аудан диқандары жылыжайдың пайдалы екеніне көз жеткізіп, олардың санын көбейтуге жұмыс жасауда.
Егістіктен мол өнім алуда оны өз уақытында дұрыс суарудың пайдасы мол. Алайда кейінгі жылдары егін суына байланысты мәселелердің туындап отырғаны аян. Сондықтан да шаруашылықтар суды үнемдеу мақсатында егістікті жаңбырлатып, тамшылатып суғару тәрізді және жаңа технологияларды пайдаланған диқандарымыз өнімді екі есеге дейін артық алып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде мұндай технологияларды 27 шаруашылық пайдалануда. Су тапшылығына байланысты жерасты суын пайдалану үшін былтыр 17 ұңғыма қазылды.
Өсірілген өнімді жинап алудан бөлек, оны сол қалпында сақтау да маңызды. Міне, сондықтан да ауданда 15 жеміс-көкөніс сақтау қоймалары бар. Олардың аумағы 17 625 шаршы метр болса, сыйымдылығы 29 540 тонна. Аталған қоймалардың үшеуінде салқындатқыш қондырғылары орнатылған.
Былтыр аудан бойынша 1 000 гектар (27 шаруашылық) алқапқа қант қызылшасы егілді. Осы егіс алқабы толық жиналып, 37 500 тонна өнім алынды, орташа өнімділік гектарына 375 центнерді құрады. Оның 37405,7 тоннасы Меркідегі қант зауытына өткізілді. Егіс алқабында 6 комбайн іске жұмылдырылды. Алдағы жылдары қант қызылшасы көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз.
Мал, егіншаруашылығын жүйелі жүргізуде техникалардың атқаратын жұмысы көп. Сондықтан да ауданда техникаларды жаңалап отыру әдетке айналған. Өткен жылы аудан бойынша 58 шаруашылық жалпы құны 924,6 миллион теңге тұратын 170 жаңа техника сатып алды. Техника жаңару көрсеткіші 11 пайызды құрайды.
Мал басын өсіріп, оның өнімділігін арттыруда жемшөптің алар орны ерекше. Сондықтан да жаз айларында жемшөп дайындау мықтап қолға алынды. Нәтижесінде аудан бойынша 203 716 тонна пішен, 50 574,7 тонна сабан, 11 590 тонна пішендеме және 10 000 тонна сүрлем дайындалды.
Мемлекет тарапынан ауылшаруашылық саласында несиелендіру жұмыстары жақсы жүргізілуде. Өткен жылғы көктемгі дала жұмыстары үшін жалпы сомасы 29 миллион теңгені құрайтын 3 шаруа қожалығы несиелендірілді. Бұлардан бөлек «ҚазАгро Қаржы» АҚ-нан лизинг арқылы 12 шаруашылық 147,2 миллион теңгеге 12 трактор және «Тараз» ӘКК арқылы 1 шаруашылық 25,2 миллион теңгеге 2 трактор және 43 миллион теңгеге 1 комбайн сатып алды. Былтыр аудан бойынша 1 849 шаруашылық жалпы сомасы 3 миллиард 733,6 миллион теңге субсидия алды.
Болат САҒЫНБЕКОВ, аудан әкімінің орынбасары, Байзақ ауданы
Келесі мақала