Жаңа Экология министрі Зүлфия Сүлейменова туралы не білеміз
Бүгін елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды. Соның бірі Зүлфия Сүлейменова ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі 32 жастағы жаңа министрдің қызметте жүріп өткен жолына үңіліп көрді.
Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы 25 ақпанда Ақтөбеде дүниеге келген.
Үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген.
Жаңа министр Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бакалавриаты мен магистратурасын тәмамдаған. Мамандығы - «халықаралық қатынастар».
Сондай-ақ, Жапонияның ұлттық саяси зерттеулер институтында «Қауіпсіздік және халықаралық зерттеулер» бағдарламасын бітірген.
PhD дәрежесі бар және президенттік жастар кадр резервінің мүшесі.
Еліміздің бас экологы қоршаған ортаны қорғау және дамыту мәселелерімен айналысады.
Атап айтқанда, Сырдария өзені бассейнінде трансшекаралық су ынтымақтастығы бойынша диссертация жазды.
Зүлфия Сүлейменова осыдан төрт жыл бұрын, кадр резервіне енді түскен кезде тәжірибесі мен білімін Қазақстанның өркендеуі үшін экология мәселелерін шешуге арнағысы келетінін айтқан еді.
«Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында жаңа экология министрі өзінің өмір салты туралы айтып берді.
«Бір пиджакты тігуге шамамен 12-15 мың литр су жұмсалады. Осы орайда су, экология мәселелеріне қатты алаңдаймын. Мен әдейі аң терісінен жасалған киімдерді кимеймін. Өйткені, жануарларға қамқор болуды өзімізден бастауымыз керек деп санаймын. Сонымен қатар ет жемеймін, жүн өнімдерінен де бас тартқанмын, сол сияқты жануарларға тексерілген косметиканы қолданбаймын. Одан бөлек, хайуанаттар бағы мен дельфинарийге бармаймын», - деп бөлісті З. Сүлейменова.
Айта кетейік, бүгін Зүлфия Сүлейменова Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды.
Келесі мақала