Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕРМЕН БАСТАЛДЫ

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕРМЕН БАСТАЛДЫ
ашық дереккөз
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІКТЕРМЕН БАСТАЛДЫ

600 орындық мектеп алыстан көз тартады

1 қыркүйек – Білім күніне орай Тараз қаласындағы Асқаров көшесінде 600 орындық №61 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Мерекеге сай безендірілген жаңа мектепке қарай шат-шадыман күйге бөленген ата-аналар балаларын жетектеп ағылып жатты. Алыстан менмұндалап тұрған білім ошағы салтанатты түрде оқушыларын қарсы алып, алғашқы қоңырау соғылды. Білім беру ісі қай дәуірде де қоғам дамуы мен тұрақтылығының негізгі өлшемі болған. Бүгінгі шәкірт – ертеңгі маман, еліміздің гүлденіп, өсуіне, өркендеуіне үлес қосатын басты тұлға. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесімен және әлеуметтік салаларға жасап отырған қамқорлығы ұшан-теңіз. Соның бір көрінісі жаңадан ашылып отырған мектеп. Жаңа нысанның құрылысын өткен жылдың тамыз айында «Сырым Блеке Компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып, ғимарат биыл тамыз айында пайдалануға берілді. Аталған білім ошағында 30 оқу кабинеті, 144 орындық акт залы, 244 орындық асхана, 28 орындық кітапхана, мультимедиялық және компьютерлік сыныптар, физика, химия, биология кабинеттері, кәсіптік бағдар беру сабақтарына арналған екі шеберхана бар. Ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков, Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил, қала әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова, БАҚ өкілдері мен оқушылардың ата-аналары қатысты. Мектеп директорының міндетін атқарушы Дархан Мүсірбековтің айтуынша, мұнда қазір 275 оқушы, 17 мұғалім бар. Жаңа нысан болғандықтан мектепте оқушылар мен мұғалімдер саны толық емес. Алайда білім ошағының көп оқушылардың шат күлкісіне толар күні алыс емес. – Мектебіміз әзірге бір ауысымда жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта екі ауысыммен оқыту жоспарлануда. Мектептің пайдалануға берілуі арқылы білім нысандарындағы басты мәселелердің бірі орын жетіспеушілігі жартылай шешілетін болады. Негізінен бізге қаладағы 54-50-ші орта мектептердің балалары оқуға келіп жатыр. Қазірдің өзінде сол мектептерден 266 бала ауысып келді. Олардың басым бөлігі үш ауысымда оқитын №50 мектептен келіп жатыр. Өкінішке қарай, биыл бір ғана бірінші сынып бар. Онда 25 бала білім алатын болады. Бірінші сыныпқа бала қабылдауды әлі де болса жүргізе береміз, – деді Д.Мүсірбеков. Білім күніне арналған салтанатты жиында А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Жандос Ілиясбеков қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің рөлін сомдап, «Кел, балалар, оқылық!» өлеңімен балаларды білімге шақырды. Сондай-ақ қалалық әкімдік тарапынан оқушылардың білімге деген құштарлықтарын арттыру мақсатында 25 оқушыға әліппе сыйға тартылды. Қаланың көркемөнерпаз балалар ұжымдары өздерінің вокалдық-хореографиялық қойылымдарын ұсынды. Одан кейін «Сырым Блеке Компани» ЖШС-ның бас директоры Елмұрат Күнібеков мектеп басшысына оқу ордасының символикалық кілтін табыс етті. Мерекелік шара барысында сөз алған Махметғали Сарыбеков Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде 2025 жылға дейін 1000 жаңа мектеп салу туралы тапсырмасы облысымызда жүйелі түрде орындалып жатқанын атап өтті. – Мектеп – әрбір жанды үлкен өмірге дайындап, білім-ғылымға үйретіп, саналы азамат етіп шығаратын алтын ұямыз! Жаңа мектептің оқушылары бұл жерден тек жақсы нәрсені үйреніп, білімді азамат атанып, Қазақстанның болашағын жарқын етеріне сенемін! – деді М.Сарыбеков. Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил да бүлдіршіндерді оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол өз сөзінде оқушыларды озат оқуға, білімге бар ықыластарымен ден қоюға, ұстаздар мен ата-аналардың сөзін тыңдауға шақырып, өскелең ұрпақты өздері үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты бағалай білуге үндеді. Балаларымыз алысқа сандалмай, жақын маңдағы мектепте білім алатын болды деп қуанған ата-аналар үшін бұл үлкен сый еді. – Үшінші сыныпта оқитын ұлым бұрын 50-ші мектепте білім алатын. Қазір білінбейді, қыс түсе күн қысқарғанда мектептен қараңғы уақытта қайтатын баламды ойлап уайымдап автобустың жолын тосып жүруші едім. Бұл бір үлкен қуаныш болды. Жаңа білім ордасы жақсы, заманауи үлгіде салынған. Мектепке келер жолдағы тротуарлар да көп ұзамай жөнделеді. Білім саласындағы көптеген мәселелерді дер кезінде шешіп жатқан қала басшылығы мен құрылысшыларға алғыс айтамын, – дейді Меруерт Қадырбекова. Сапалы білім алуға барлық жағдай жасалып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мектеп ішін келген қонақтар аралап көрді. Сондай-ақ «Бастауыш сынып», «Информатика», «Физика» кабинеттері мен кітапхана, мәжіліс залы, спорт зал және асханаға бас сұқты. Салтанатты шарадан соң барлық сыныптарда «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті.

Айша бибі ауылындағы айрықша қуаныш

Жаңа оқу жылының басталуына орай Жамбыл ауданы, Айшабибі ауылы тұрғындарының өтінішімен 300 орындық №7 орта мектеп ел игілігіне берілді. 22 кабинеттен тұратын бұл білім ошағында бүгінде 407 оқушы білім алса, оларды 43 ұстаз білім нәрімен сусындатады. Оқушыларды мектепке тасымалдау жүйелі жолға қойылған. Ол үшін екі автобус қарастырылған. Заманауи үлгідегі жаңа мектептің ашылуына облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Әбдірайымов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов, аудан әкімінің орынбасарлары Нұрлан Несіпбеков пен Олжас Баққараев және "Amanat" партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Рүстем Қасымов қатысып, мұғалімдер мен оқушыларға сәттілік тілеп, ізгі лебіздерін білдірді. Шарада облыс әкімінің жаңа мектепке сый-тартуы да табысталды. – Бүгін – ерекше күн. Көпшілік көңілін нұрландыратын сәулелі сәт – Білім күні мерекесінде өздеріңізбен қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмын. Өткен жылы ғана Айшабибі орта мектебі күрделі жөндеуден өткен еді. Енді міне, араға жыл салып, 300 оқушыға арналған жаңа білім ордасы ұрпақ игілігіне берілуде. Баршаңызға мәлім, ауылда орта білім жүйесіндегі өткір проблеманың бірі мектептегі орын тапшылығы еді. Бұл мәселе толық шешімін тапты. Жаңа мектептің сыртқы көркем көрінісі, заманауи сәулеті, ішкі материалдық-техникалық жабдығы мемлекетіміздің саналы ұрпақ тәрбиелеу жолына бөлген көңілі екенін көрсетеді. Осы жаңа мектептен де тек білімді, тәрбиелі және ел абыройын асыратын озат ұрпақ шығады деген сенім бар. Баршаңызды бүгінгі айтулы дата – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Оқу-ағарту саласы қызметкерлерінің жасампаздыққа бастаған жұмысына табыс, оқушылардың қадамына сәттілік тілеймін. Жаңа білім шаңырағынан шуақ кетпесін, – деді Марат Жаңабекұлы. Еңселі мектептің символикалық кілтін білім ордасының құрылысын жүргізген «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қуат Кеңесбекұлы №7 орта мектептің директорының міндетін атқарушы Бақытжан Шабанбаевқа салтанатты жағдайда табыстады. Биыл Жамбыл ауданындағы мектептерде жалпы 16 589 оқушы мектептерде білім алатын болса оның ішінде 1 468 оқушы 1-сыныпқа, 837 оқушы 11-сыныпқа қадам басты.

Жуалыда үш мектеп пайдалануға берілді

Жаңа оқу жылы Жуалы өңірі үшін де жағымды жаңалықтармен басталды. Себебі, облыс көлемінде алты жаңа мектеп ашылса, оның үшеуі осы аймаққа тиесілі. Ол – Диқан, Алатау орта мектептері мен Ақтасты негізгі мектебі. Аталған мектептер ауыл тұрғындары үшін көптен күткен үлкен қуаныш. Аядай, ескі мектепте оқыған балалар енді жаңа, зәулім, заманауи үлгідегі мектепте білім алады. Диқан ауылындағы жаңа мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев: «Бүгін 180 балаға арналған мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Облысымызда биыл 22 мектептің құрылысы қолға алынған еді. Оның алтауы жаңа оқу жылында пайдалануға беріліп отырса, үшеуі осы ауданда. Бұл мемлекет қолдауының нәтижесі. Мұғалімдерге де аянбай еңбек етуге барлық мүмкіндіктер жасалуда», – деді. Нысан құрылысын жүргізген «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-ның басшысы Салауат Талғатұлы Диқан орта мектебінің директоры Майра Молдақұловаға мектептің символикалық кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Салтанатты сәтте аудан әкімі Жалғас Мұртаза, Диқан ауылының тумасы, психология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Мұқан Әтенұлы жұртшылыққа игі тілегін арнады. Еркін Құлымбайұлы мен аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы бар кітаптың бастауы болған әліппе оқулығын 1-сынып оқушыларына салтанатты түрде табыс етті. Көп кешікпей мектептің летнасын қию рәсімі өтіп, салтанатты жиынның қонақтары мектеп ішін аралап көрді. Жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашқан Алатау орта мектебінің кілтін мердігер «Агроспецстрой» ЖШС директорының орынбасары Әдімұрат Дүйсенбаев мектеп директорына табыстап, ақ тілегін білдірді. Кеш қонақтары облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев және аудан әкімі Жалғас Әлижанұлының құттықтау сөзінен кейін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ардагер ұстаз Тоқтағұл Құдайқұлов ақ батасын берді. Мұнда да лента қию рәсімі өтіп, қонақтар 100 орындық мектептің ішіне кіріп, құрылысымен танысты. Осы күні аудандағы барлық мектептерде алғашқы қоңырау салтанатынан кейін «Білімге құштарлық, еңбексүйгіштік және отаншылдық» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтті. Тағы бір айта кетер жағымды жаңалық, биыл Халық жазушысы және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай облысымызда төрт мектепке Шерхан Мұртазаның аты берілсе, соның бірі – №1 мектеп-гимназиясы. Бұл да барша жуалылықтар үшін үлкен қуаныш, маңызды әрі тарихи күн болды. Салтанатты жиынға аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысып, сөз сөйледі. – Биылғы оқу жылында аудан бойынша жалпы білім беретін 39 білім шаңырағында алғашқы қоңырау соғылды. Мектепке 10 724 бала барды. Оның ішінде 900-ден астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушылары. Сіздердің мектептеріңізге 152 бүлдіршін келіп отыр. Жалпы мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп отырған қолдау өте көп. Атап айтқанда, 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт сапалы білім беру» Ұлт жоспарының аясында білім нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жаңа мектептер салынып, біраз мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, соңғы үш жылда ауданда үш жаңа мектеп салынып, сегіз мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында елімізді жан-жақты күшті мемлекеттердің қатарына қосатын білімді жастар болып табылады. Сондықтан да барлықтарыңызға сапалы білім, саналы тәрбие алып, алған білімдеріңізді мемлекетіміздің өркендеп, өсуіне жұмсайды деген сенімдемін, – деді аудан басшысы.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар