Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қош бол, король - Дүниежүзі Пелені жоқтап жатыр

Қош бол, король - Дүниежүзі Пелені жоқтап жатыр
ашық дереккөз
Қош бол, король - Дүниежүзі Пелені жоқтап жатыр
Дүниежүзі футбол королі – Пелені жоқтап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдары Пеленің өмірден өткенін хабарлап, оның футбол тарихындағы орнын, қандай адам болғанын жаппай жазуда. «Бразилия мен Аргентина арасындағы бітпейтін бәсекелестікке қарамастан, Пеленің тарихтағы ұлы футболшылардың бірі екендігіне ешкім күмән келтіре алмайды, – деп жазады Аргентинаның Ole басылымы. – Көптеген адамдар үшін ол Диего Марадона мен Лионель Мессиден де жоғары тұр. Ол «Сантоста» жасөспірім кезінде ойнағаннан бастап Бразилия құрамасында тұтас бір дәуірді бастан кешірді». «Пеленің шеберлігі мен құйындай жылдамдығы қақпа алдындағы дәлдікпен ерекшеленетін. Ол өз Бразилиясының ұлттық батыры ғана емес, күллі әлемнің спорттық құдайына айналды. Алаңнан тыс жерде Пеле қоғамдағы ең кедей адамдардың өмірлік жағдайын жақсарту қажеттігін үзбей қайталаумен болды», – BBC қазанамасында осындай баға берілген. Фото: AFP/GETTY IMAGES NY Times газетінің жазуынша, «Бразилияның ұлттық батыры Пеле бүкіл әлемде жағымды болды – кедейлер арасында туып-өскен ол бірге саяхат жасаған өте бай адамдар ішінде де беделді еді. Оның алаңда қалай ойнағанын көргендердің бәрі пір тұтты. «Пеле – менің теориямды жоққа шығарғандардың бірі, – деді бірде Энди Уорхол. – Оның даңқы 15 минут емес, 15 ғасырға созылатын болады». Пеле жанкүйерлерге өзінің өмірді сүйгіш мінезімен, ұлтына, тайпасына қарамастан, дүние жүзіндегі адамдарды біріктіретін футболдың күшіне сенетіндігімен ұнайтын». Фото: instagram.com/pele «Ғажайып Пелені көзбе-көз көру үшін телевидение дәл сол уақытта ойлап шығарылған болатын, – деп жазады Marca. – Қара-ақ түсті теледидар арқылы адамдар 1958 жылы 15 маусымда Гетеборгта қайталанбас тұлға туғанын көрді. Ресейлік бапкер Качалиннің: «Мен бүгін футбол көрдім деп сене алар емеспін. Мен мұндай әдемі ойынды бұдан бұрын көре алмағаныма таңмын» деген сөзі болған оқиғаны толық бейнелей алмайтын. Эдсон Арантес ду Насименто есімді 17 жасар жасөспірім Швециядағы әлем чемпионатында алаңға шыққан күннен бастап футбол мүлде өзгеріп сала берді. Король әр ойында ғажап ойнай білді. Әр кеш жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Бітпейтін симфония! Ол көпке ең әсер ете білетін, ең жаңашыл корольға айналды». «Ол өзінің мансабында футбол өнерін аспандата білді. Ол доппен не істеймін десе, соны істеді, ол тарихта бұрын ешкім жетпеген биікке жетті. Футбол әлемі корольді жоқтап жатыр, бірақ оның мұрасы өшпек емес» – бұл El Espectador басылымынан алынды. Фото: instagram.com/pele Бразилияның Globo сайты бастапқы бетін тек Пелеге арнап өзгертті. Ондағы материалдардың бәрі Пеле туралы. «Футбол өзінің королін жоғалтты, – деп жазылған мақаланың бірінде. – Ол өзімен бірге бәлкім, енді ешкім жаңарта алмайтын рекордтарын алып кетті. Ол – дүние жүзіндегі жалғыз үш мәрте әлем чемпионы. Пеле бәтеңкесіз халықаралық жұлдызға айналды. Сосын киножұлдыз ретінде көрінді, өзінің альбомдарын шығарып, өзінің бейнесін көптеген өнімдерді сату үшін пайдалана білді. Tupiniquim плакатындағы таңғажайып бала! Оның өмірі мазасыз болды, өкініш-күйініші жанына аз әсер еткен жоқ. Соңғы жылдары жеңімпаздың ағзасын оның тәніне жабысқан ауыр дерт қатты әлсіретті. Ең бастысы, ол адамдығын жоғалтқан жоқ. Ол тек ауруды ғана жеңе алмады. Ол өзіне үшінші жақтан сөйлейтінімен де ерекшеленетін. Міне, бүгін Эдсон дүниеден озды. Бірақ Пеле аңыз ретінде мәңгі өмір сүретін болады». Фото: GETTY IMAGES Бразилияның басты басылымдарының бірі ESPN Brazil «Пеле мәңгілік» деген тарау арнады. «Пеле кетті. Эдсон Арантес ду Насименто кетті. Қысқаша айтқанда, барлық уақыттағы ұлы спортшы. Футбол королі – Пеле. Допты ұстау өнері жанкүйерлерді таңғалдыра алатын, соғысты тоқтататын, футболды одан сайын кеңінен таратқан адам өтті өмірден. Бүкіл әлем ұлы тұлғаны жоқтап, көз жасын тыя алар емес. Қайғыға бөккен футбол әлемі спорт тарихында өшпес із қалдырған ұлы адаммен қоштасуда. Эдсон кетті. Пеле – жоқ. Бірақ ол мәңгілік», деп түйеді газет. «Дүние жүзіндегі ең танымал спорт түрі – футболдың королі атағын сөзсіз иеленген ұлы адам өмірден өтті», деп хабарлайды Correio Braziliense. «Әлем футбол тарихындағы ең ұлы адам Пелені жоғалтты» –Umdoisesportes тақырыпты осылай қойған. «Қош бол, король!» деген сөздер жалғаса бермек. Фото: instagram.com/pele «Сантос» футбол клубының хабарлауынша, Пеленің мәйітін 2 қаңтар күні таңда ауруханадан алып шығып, «Вила Белмиро» стадионына апарады. Табытты алаңның ортасына орналастырады. Қоштасу шаралары жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-де басталып, келесі күнге дейін жалғасады. Сосын табытты Сантос көшелерімен алып жүріп, отбасы мүшелерін жерлеуге арналған орынға қояды. Пелеге футбол әлеміндегі белгілі тұлғалар да қоштасу сөзін арнауда. «Пелемен бірге футбол ең әдемі аңызын жоғалтады. Король өлмейтіндей көрінетін. Ол қаншама ұрпақтың бойында футболға деген сүйіспеншілікті қалыптастырды. Бала кезде бәрі де Пеле болғысы келетін. 10-шы нөмірмен ойнаған ол техникалық шеберлігін, батылдығын өз командалары үшін жұмсай білді. Әсіресе, үш рет (1958, 1962, 1970) өзі құрамында әлем чемпионы атанған Бразилия үшін ештеңені аянған жоқ. Пеле – әдемілік пен тиімділіктің көрінісі. Оның таланты мен жасаған жарқын істері біздің жадымызда әрдайым қалады. Оның отбасына, туысқандарына және Бразилия халқына шынайы көңіл айтамын. Король король болып қалады», деді ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де әлем чемпионы атанған Франция құрамасының жаттықтырушысы Дидье Дешам. Бұған қосылмау мүмкін емес. Қош бол, король! Фото: GETTY IMAGES Эдсон Ара́нтис ду Насименту 1940 жылдың 23 қазанында Бразилияда дүниеге келген. Ол жанкүйерлерге Пеле деген лақап есімімен белгілі болды. Пеле - үш мәрте әлем чемпионы атағын жеңіп алған жалғыз футболшы. Ол футболдағы алғашқы қадамын 1956 жылы Бразилияның «Сантос» командасында бастап, онда 1974 жылға дейін доп тепті. Ал 1975-1977 жылдары АҚШ-тың «Нью-Йорк Космос» клубында ойнады. Екі команда сапында 560 кездесуде қарсыластар қақпасын 541 мәрте дәл көздеді. Ал Бразилия ұлттық құрамасы сапында 1957-1971 жылдары 92 ойында 77 голдың авторы атанды. Атақты футболшы ұзақ уақыт бойы онкологиямен күресіп келді. Аталған ауру оның ағзасынан 2021 жылдың күзінде анықталған. Биылғы жылдың 29 қарашасында ол ауруханаға жатқызылды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйгілі футболшы Пеленің 82 жасында өмірден өткенін жазған болатынбыз. Бразилияда Пеленің қайтыс болуына байланысты үш күндік аза тұту жарияланды. Фото: instagram.com/pele Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев даңқты футболшының қайтыс болуына байланысты Бразилия Президенті Жаир Болсонаруға көңіл айту жеделхатын жолдады. Президенттің айтуынша, Пеле әрқашан футболға деген адалдықтың символы әрі жанкүйерлердің сүйікті футболшысы болды және солай болып қала береді. Сондай-ақ ол спорттың осы түрін ең жоғары деңгейге көтерді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар