Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ҚАРАЛМАДАН» ҚАЙРАН БОЛМАЙ ТҰР

«ҚАРАЛМАДАН» ҚАЙРАН БОЛМАЙ ТҰР
ашық дереккөз
«ҚАРАЛМАДАН» ҚАЙРАН БОЛМАЙ ТҰР
Жамбыл облысында тұсауы кесілгенімен қадамы «кісендеулі», мәресіне жетпей жатып мәселеге айналған жобалар аз емес. Жарнамасы жер жарған, алайда әзірге жолы болмай тұрған жобалардың көшін «Қаралма» тау-шаңғы кешені бастап тұр. Осыдан тура төрт жыл бұрын, яғни 2018 жылдың маусым айында облыс әкімдігінде өткен кезекті жиынның бірінде сол кездегі өңір басшысы Асқар Мырзахметов жергілікті кәсіпкерлерге жаңа жобаны таныстырды. Сонда Асқар Исабекұлы: «Жуалы ауданында тау-шаңғы кешенінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Облысымызда бірде-бір қысқы демалыс орны жоқ. Сол себепті де өңірімізге белгілі кәсіпкер азаматтарды жобаны жүзеге асыруға атсалысса деген ниетте арнайы жинап отырмыз», деген болатын. Жиында бірнеше кәсіпкер аймақ басшысының ұсынысын қуана-қуана қолдайтындарын, қаржы құюға дайын екендерін жеткізді. Сол күні-ақ ақпарат көздері «Жамбылдың өз Шымбұлағы болады», «Жуалыда тау-шаңғы кешені ашылады», «Жуалыға туристер ағылатын күн алыс емес» деп сүйіншілеп жатты. Алайда Асқар Исабекұлының жоспары бойынша құрылысы бес айда бітуі тиіс болған кешеннің қазығы қағылғанымен 2018 жылдың соңына дейін пайдалануға берілмеді. Жобаның құрылысы басталғалы жағымды жаңалық күтіп, елеңдеп жүрген жамбылдықтардың тағы бір жыл күте тұруына тура келді. Күндер зулап, айлар жылжып өте берді. 2019 жылдың қарашасында Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барған Асқар Исабекұлы «Қаралма» кешеніне арнайы ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Аймақ басшысына жағдайды баяндаған жауаптылар құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталғанын, ұзындығы 7 шақырымды құрайтын жол салынып, инфрақұрылым тартылғанын, керекті құрал-жабдықтардың дені жеткізілгенін мәлім етті. Сонымен не керек, ақпарат көздері «Қарал ма» тау-ш аң ғы к ешені биыл пайдалануға беріледі» деп, облыс тұрғындарын бір желпіндіріп тастады. Одан бері де көзді ашып-жұмғанша үш қыс өтті. Өкінішке қарай, 2019 жылы құрылысының 85 пайызы аяқталған кешеннің жуық уақытта демалушыларды қабылдайтын сыңайы байқалмайды. «Айтақтай-айтақтай қасқырлардан ұят болды» деген екен баяғыда еріншек иттеріне налыған бір аңшы. Сол айтпақшы, жыл сайын «Қаралма биыл пайдалануға беріледі» деп сүйіншілеп жаза-жаза оқырманның алдында да ұятты болдық. Мүмкін 2019, 2020, 2021 жылдары пайдалануға берілмеген тау-шаңғы кешені биыл есігін айқара ашатын шығар?! Қалған 15 пайыз жұмысы 3 жылда аяқталған болар. Көптің көкейіндегі сауалды облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембековке қойдық. – Облысымызда 2022-2025 жылдары жалпы сомасы 10 миллиард 455 миллион теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады. Саладағы негізгі инвестициялық жобалардың бірі – «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің үшінші кезеңі. Тараз қаласынан 70 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 2 400 метр биіктікте, Батыс Тянь-Шаньның Талас Алатауы, «Каралма» шатқалында орналасқан «Қаралма» тау-шаңғы кешенінде жергілікті тұрғындар мен туристерге спорттық-сауықтыру және мәдени-ойын-сауық қызметтерінің барлық спектрі ұсынылатын болады. Жобаның жалпы құны 6,3 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда жобаның бастамашысы – «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 4,3 миллиард теңге жеке қаражаты жұмсалып, кешенге қажетті барлық инфрақұрылым жүйелері тартылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі он шақырым асфальтталған автожол жүргізілді, газбен, электрмен, сумен жабдықталды және кәріз жүйесіне қосылды. Кешендегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру, кірме жол, кафе, сервис орталығы және тағы басқа да нысандардың құрылысы шамамен 90 пайызға аяқталды. Сонымен қатар кешен аумағында қонақүй, мейрамхана, бассейн, спорт ғимараттарын салу және аталған нысандарға қажетті жабдықтар сатып алу жоспарлануда. Жоспарлы жұмыстарды жүзеге асырып, жобаны іске қосу үшін қосымша 2 миллиард теңге инвестиция қажет. Яғни қосымша 2 миллиард теңге инвестиция мәселесі шешілмесе биыл да, тіпті келесі жылы да туристік нысанның игілігін көре алмауымыз мүмкін. Сондықтан жамбылдықтардың қысқы туризмі жақсы жолға қойылған Алматы, Шымкент қалаларына ат сабылтып барып, енді тағы бірнеше жыл амалдай тұруына тура келеді. Ал жамбылдықтар «Қаралма» секілді жобаларды жүзеге асырып, қысқы туризмді үлкен табыс көзіне айналдыруға болатынын айтып, алайда тәп-тәуір бастал ған бастамалардың көбіне орта жолдан тоқтап қалатынына қынжылыстарын білдірді. – «Қаралма» кешенінің құрылыс басталғанда қуанбаған жерлесіміз қалмаған шығар. Өйткені бұрын қыс түссе Алматының «Шымбұлағына» немесе Шымкенттің «Тау самалына» барып, демалып қайтатынбыз. Егер өз облысымызда демалыс орны ашылса, жүздеген шақырымды артқа тастап басқа қалаға бармайтынымыз анық қой. Бірнеше апта бұрын Тараз қаласында қалың қар жауды. Сонда кішкентай бала тұрмақ, ересек терге дейін шанасын арқалап, сай-саланы жағалап к етті. Сырттарынан тамашалап тұрып «Шіркін, тезірек бір қысқы демалыс орны салынса ғой» деп армандап та үлгердім. Алайда арманымыз әзірге орындалмайтын тәрізді. Жуалыдағы «Қаралма» кешені құрылысының басталғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Әлі бітпеді. Әлеуметтік желіден қаржы тапшылығына байланысты құрылысы тоқтап тұрғанын оқып қалдым. Бәлкім, жобаны іске асыру үшін қыруар қаражат керек шығар. Инвесторлардың мүмкіндігі жетпеуі де мүмкін. Онда неге басқа да жолдарын қарастырмасқа?! Барлық жауапкершілікті инвесторларға артып қойып отыра беруге болмайды деп ойлаймын. Егер байқасаңыз, бір демалыстың өзінде күйкі тірлікті ысырып қойып, табиғатқа шығып кететіндер көбейген. Тұрғындарда демалу мәдениеті қалыптасып келеді. Ал облысымыздың аумағында қысқы демалыс орны жоқ. Сондықтан халықтың қажеттілігіне немқұрайды қарамай, осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынса деген тілегім бар, – деді Тараз қаласының тұрғыны Ұлбала Серімбетова. Тараз қаласының тағы бір тұрғыны Сәкен Шардарбековтің де айтары жоғарыдағы кейіпкеріміздің ойымен астасып жатты. – Жуырда ғана отбасымызбен Алматыдағы «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына барып қайттық. Жол шығынымызды қоса есептегенде бір күндік демалысымыз үшін төрт адам 200 мыңнан аса теңге жаратыппыз. Біз секілді қаншама тұрғын басқа қалаларға барып демалып қайтып жүр. Ал егер «Қаралма» халыққа қызмет көрсетіп тұрса, айтарлықтай шығындалмас едік, – дейді С.Шардарбеков. Біз «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен сөйлесуге тырысып көрген әрекетімізден нәтиже шықпады. Қолымызда бар байланыс нөмірлеріне бірнеше мәрте хабарласқанымызбен тілдесу мүмкін болмады. Туризм басқармасының басшысы Біржан Мықтыбекұлы жоғарыда өз сөзінде қолдағы бар мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын айтты. Егер шынымен басқарма басшысы айтқандай болса, жуық уақытта жағымды жаңалық естіп қалармыз деген үміттеміз. Үмітіміз тағы да алдамаса игі...
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар