Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дизель отыны қымбаттады

Дизель отыны қымбаттады
ашық дереккөз
Дизель отыны қымбаттады
Облыс аумағында дизель отынының тапшылығы сезіліп, кейбір жанар-жағар май құю бекеттерінде отынның осы түрі көлік жүргізушілеріне талонмен беріле бастағаны қоғамда қызу талқыға түскен. Сөйтсек, біздің арзан бағадағы мұнай өнімдері шекара асырылып жатқан көрінеді. Ал бұл біздің экономикамызға айтарлықтай салмақ түсіретіні рас. Сол үшін енді май құю бекеттерінде ҚР азаматтарына дизельдің 1 литрі 230 теңгеден, шетел азаматтарына 430 теңгеден сатылатын болды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде жанар-жағамай және сұйытылған газ мәселесі бойынша өткен баспасөз конференциясында айтылды. Онда облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев, ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Алмат Абдрайхан, облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Уалихан Әлібеков тақырыпқа қатысты мәселені жан-жақты тарқата айтып берді.
Құдайберген Нұрсерікұлының айтуынша, өңірімізде 264 жанар-жағармай құю бекеті жұмыс істейді екен. Бүгінде АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы литріне 179 теңге болса, белгіленген шекті баға бойынша оның бір литрі 182 теңгеден аспауы тиіс. АИ-95 маркалы бензиннің 1 литрі – 209 теңге,
– Аймақтағы мұнай базалары мен жанар-жағармай құю стансаларында АИ-92 маркалы бензиннің 9,4 мың тоннасы (айлық қажеттілігі – 30 мың тонна), ал дизельдің 5,2 мың тоннасы (айлық қажеттілігі – 40 мың тонна) сақтаулы. Осы жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін күзгі дала жұмыстарына 10 725 тонна дизель отыны бөлінді. Оның 5 655 тоннасы шілде-тамыз айларында жөнелтілді.
Ауыл шаруашылығы саласына қажетті отын түрін көлемді бөлу үшін 14 оператор анықталды. Біздің облыс үшін негізгі жеткізуші «ПетроҚазақстанОйлПродактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ондағы дизель отынының орташа тәуліктік максималды шығарылымы 4 000 тоннаны (4 800 литр) құрайды. Осыған орай, облыстағы жанар-жағармай құю бекеттерінің иелері мұнай өнімдерінің қосымша көлемін тұрақты түрде жеткізіп отырғанымен, анда-санда жетіспеушілік болып қалатын жағдайлар бар, – деді Қ.Қорғанбаев.
Басқарма басшысы бұл ретте кейбір жанар-жағармай құю стансаларының иелері келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындау үшін дизель отынын талонмен немесе шекті мөлшерде беруге мәжбүр екенін атап өтті. Бұдан кейін сөз алған Алмат Абылайханұлы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 122-бабы 3-тармағына сәйкес, мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзушiлер мұнай өнiмдерiн өткеру  кезiнде бағаларды  белгiленген шектi деңгейден  асырмауға мiндеттi екенін атап өтті.
– Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің осы жылғы 21 тамыздағы бұйрығына сәйкес облыс бойынша бағаларға мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағалар қосылған құн салығы есебімен арнайы мөлшер белгіленді, мәселен АИ-80 маркалы бензин – 1 литр үшін 89 теңге, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин-182 теңге, дизель отыны (жазғы, маусымаралық) Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде жеңіл автокөлік иелеріне 1 тәулікте 100 литрге дейін босатылады. 1 литрі 230 теңгеден босатылады.
Жүк, арнайы мамандандырыл­­ған автомобильдер мен автобустарға Қазақстан Республикасында берілген көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде тәулігіне 300 литрге дейінгі көлемде – 1 литр үшін 230 теңге. Ал шетелдіктер дизель отынын сатып алса, оларға литрі 450 теңгеден беріледі.
Егер де мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің шекті бағасынан асыру орын алған жағдайда, заң бұзғандарды «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 171-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Ағаттығы дәлелденсе шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Аталған Кодекстің 804-бабы 35-тармақшасына сәйкес, Кодекстің 171-бабының 1-бөлігіндегі әкімшілік құқықбұзушылық істерін қозғау табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органның, яғни Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің құзыретіне жатады,– деді ол.
Демек қандайда бір кәсіпкер май құю бекеттерінде мұнай өнімін шекті бағадан асырып сатса, тұтынушы ол берген түбіртек арқылы тиісті орынға шағым түсіруіне болады. Өз кезегінде Уалихан Құланқадырұлы өңірдегі мұнай өнімінің қанша қоры бар екенін сөз ете отырып, көпшілікті бұл бойынша тапшылық орын алмайтынына сендірді.
Нұрым Болатұлы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар