Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚҰЛАНДЫҚ ЖАСТАР ҚҰЛАЙЫН ДЕП ТҰРҒАН ҒИМАРАТТА ОТЫР

ҚҰЛАНДЫҚ ЖАСТАР ҚҰЛАЙЫН ДЕП ТҰРҒАН ҒИМАРАТТА ОТЫР
ашық дереккөз
ҚҰЛАНДЫҚ ЖАСТАР ҚҰЛАЙЫН ДЕП ТҰРҒАН ҒИМАРАТТА ОТЫР
Еліміздің түкпір-түкпірінен Жастар ресурстық орталықтары құрылғанда жас азаматтарды елдік мүддедегі қызметке жан-жақты дайындай отырып, олардың әлеуетін халықтың игілігіне пайдалану мақсат етілген еді. Сол бағытпен бүгінге дейін талай істі игерген жастар үлкеннің өнегесін кейінгі толқынның тәрбиесіне қолдануда, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда, тарихты танып, болашаққа бағдар жасауда, туған өлкенің табиғатын күтуде айтарлықтай шаруаларды тындырып жүр. Осы жұмыстарды мәдени, спорттық істермен қатар алып жүрген олар «Жастар жүрген жер – мереке» деген тіркестің нақты дәлелін көрсетуде. Алайда зор жауапкершілік жүктеліп, мол үміт артылатын жастарға жағдай жасауда қоғамда кемшін тұстар жетерлік. Мәселен, Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығы орналасқан ғимараттың әбден тозығы жеткен. Қабырғалары жарылып, едені ойылған. Шатыры да қар мен жаңбыр жауғанда төбесінен су өткізіп, сыр береді. Бұл жағдайды жақында аталмыш ауданға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген өзінің facebook желісіндегі парақшасында да жариялады. Анығын көзбен көру үшін біз де арнайы барып, жастардың жай-күйімен таныстық. Негізі ғимарат үш бөлмелі, бірақ оның біреуінің жағдайы тіптен қиын. Жаңбырлы күнде төбесінен су аққан жері тесілген. Қабырғасының бір бұрышы сызат түсіп, сетінеген. Бұл бөлменің іші үп еткен желге азынап, қыста іші суығаны өз алдына, жай күннің өзінде адамға ызғарлы көрінетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан болар мұнда тек артық заттарды жиып қоятын қойма ретінде пайдаланып отырғанға ұқсайды. Ал төргі бөлмеге орталық директоры мен бас есепші жайғасқан. Мұнда да қабырғасы жарылған, едені ойылып, түсіп кеткен. Ондай тұстарын жиһаздармен, орындықпен жауып қойыпты. Бірақ қанша жасырғанымен дымқылданып, көбірсіп көтерілген қабырғаның сылағы үгітіліп «менмұндалап» еденде түсіп жатыр. Келесі бөлмеде мамандар отырады екен. Ондағы жағдай да әлгі екеуінен артық емес. Көкейде «Көрер көзге де оғаш көрінетін тым жұпыны үй болашақтың иелері саналатын жастарға неге берілген?» деген сұрақ туды. – Бұрын аудандық «Құлан таңы» газеті редакциясының ғимаратында отыратынбыз. Кейін жастар орталықтарына жеке ғимарат берілуі талап етіліп, 2000 жылы аудан орталығында бос тұрған осы үйге көшіп келдік. Жақында аудан әкімі Ернар Есіркепов жастармен жүздесуге арнайы келгенінде мән-жайға қанықты. Өте жақын арада басқа ғимарат береміз деген болатын, – дейді Т.Рысқұлов аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әбіләшім Мырқасымов. Айта кету керек, жастар орталығының осындай тозығы жеткен ғимаратқа көшіп келгендеріне міне, биыл 2 жылдың жүзі болған. Яғни осыншама уақыттан бері ауданның жастарымен төбесі тесік, қабырғасы жарық, едені ойылған екі бөлмеде жұмыс жүргізіліп келген. Аталған аудан халқының 21 пайызын жастар құрайды. Осы өрендердің сапалы білім алып, саламатты өмір салтын ұстанып, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатыса отырып, ой-өрісін жан-жақты дамытуына түрлі іс-шаралар арқылы үлес қосып жүрген аудандық жастар ресурстық орталығында штаттық кесте бойынша 28 қызметкер бар. Ауданға қарасты 15 ауылдық округте жастар инспекторлары жұмыс істесе, қалған 14 қызметкер біз сөз етіп отырған шұрық-тесік ғимаратта отыр. – Біз негізінен бұл жерде өз қызметкерлерімізбен жиналыстар өткіземіз. Ал мәдени іс-шараларды аудандағы кез келген мәжіліс залдарында, сол секілді спорттық шараларды спорт залдарда ұйымдастырамыз. Теолог маманымыз көбіне аудан әкімдігінде болады. Психологімізге кеңес алуға келетіндер бар, көбіне ол да мектептер мен колледжге өзі барып, жасөспірімдермен кездесулер жүргізіп тұрады, – деген Әбіләшім Әнуарбекұлы барынша жаманын жасырып, жақсысын асыруға тырысты. Әрине, жас әрі жігіттік төзімділік танытып тұрғанын түсіндік. Алайда «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деген сөз бар емес пе? «Ұлым» дейтін ел болмаса, «Елім» дейтін ерді қайдан табамыз? Сондықтан да барды бар, жоқты жоқ деп ашық айтқан жөн болар. Айтпақшы, аудан жастарының игілігі үшін бірнеше адамға арналған «Ford Transit» автокөлігі берілген. Бірақ біз барғанда ол темір тұлпар көрінбеді. Жөнін сұрағанымызда бір айға жуық уақыттан бері жөндеуде тұрғанын білдік. «Жүргенінен тұрғаны көп ескі ме екен?..» деген күмәнді ой көмейге тірелді. Көліктің жайын сұраған себебіміз – жастардың ары-бері қатынайтын шаруалары жетерлік. Мәселен, «Ардагерлерді ардақтайық» атты акциямен әр ауылдарда тұратын қариялардың үйіне жастар арнайы барып, үй шаруаларына қолғабыс етеді. «Туған жердің тарихы тұнған шежіре» атты экспедициямен аудан аумағындағы тарихи орындарды аралап, ондағы құнды деректер жастарға таныстырылған. Ауылдық округтерде түрлі сала мамандарының қатысуымен «Қоғамдық сақшы» тақырыбында рейдтер жүргізілген. «30 игі іс» жобасы аясында «Тегін ТАХІ» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылған. Осы аталған шаруалардың барлығы да жаяу, жалпылап жүріп жүзеге асыратын іс емес. Жастар орталығының директоры Әбіләшім Әнуарбекұлының айтуынша, мұндай шараларда еріктілер, кәсіпкерлер демеушілік көрсетеді екен. Дегенмен жастарға арналған жөні түзу ғимараты, жүруге жарамды көлігі, керек-жарағына жетерлік қаражаты болса, демеуші іздеп сабылмай-ақ талай істі тындырар ма еді?.  width= Ал аудандық жастар орталығы қандай жұмыстарды нәтижелі атқарып отырғанын сұрағанымызда: –Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жастар арасында қазақстандық патриотизмді дамыту» жобасы аясында 1 миллион теңге бөлініп, қазіргі таңда жеңімпаздар анықталуда. Бұл жобаны жыл соңына дейін іске асыру жоспарланған. Осы жылдың 6 айында жастар ресурстық орталығы мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы мүдделі жергілікті атқарушы органдармен, мекемелермен, білім ордаларымен бірлесе жалпы 342 іс-шара өткізілді. Бұл бойынша 11 405 адам қамтылды. Одан бөлек, волонтерлік бағытта 102 іс-шара ұйымдастырылып, 9007 адам қатысты. Сонымен қатар жыл соңына дейін салауатты өмір салтын насихаттау бағытында «Нашақорлықсыз болашақ» атты акция, «Спорт – денсаулық кепілі» атты спартакиадалар, NEET жастар арасында футболдан, волейбол және киберспорт ойындарынан турнирлер, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Мерейлі отбасы» атты кездесулер мен дөңгелек үстелдер, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған сенбіліктер және тағы басқа шараларды өткізу жоспарлануда, – деді Әбіләшім Мырқасымов. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, биыл Т.Рысқұлов ауданы бойынша NEET, маргинал санатындағы 935 жас анықталған. Қазіргі таңда 685 жастың үйіне адрестік жұмыстар жүргізіліпті. Анықтау барысында 685 жастың 56-сының жұмыссыз екені белгілі болса, ал 12 жас мәлімет беруден бас тартқан. 97 жас өзге өңірлерге көшіп кетсе, 19 адам басқа мемлекетке жұмыс істеуге немесе оқуға аттанған. 65 адам бала күту демалысында отыр. Анықталған жұмыссыз жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ақпараттық парақшалар таратылыпты. Сондай-ақ орталық мүдделі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін, кәсіпкерлікті дамыту үшін семинарлар мен шеберлік дәрістерін өткізу мақсатында арнайы жоспар бекітіп, сол бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде екен.  width= – «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша Құлан агротехникалық колледжінен студенттер және жұмыссыз, NEET санатындағы 15 жас қоғамдық жұмысқа тартылып, көгалдандыру ісіне атсалысты. Аталмыш бағдарламаға аудандық бюджеттен 6 миллион теңге бөлініп, 100 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарлануда. Жарты жыл ішінде 2820 теңге қаражатқа 47 жас жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар жастардың бойына отбасы құндылықтарын сіңіру де назардан тыс қалған емес. Биыл жастар ресурстық орталығының осы бағыттағы «Қазақ қызының бойына әдептілік, инабаттылық сияқты ұлттық қасиеттерді сіңіру» тақырыбында жұмыс жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес 4 іс-шара ұйымдастырылып, 85-тен аса қыз баласы қамтылды, – деді Әбіләшім Әнуарбекұлы. Директордың айтуына қарағанда, жайсыз ғимаратта отырса да біршама ізгі істерді еңсеріпті. Біз көзбен көргенімізді айтып, мәселенің мәнін Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Назира Алтауовадан сұрадық.  width= – Бұл жағдаймен аудан әкімі таныс. Ернар Серікәліұлы ауданымызға әкім болып тағайындала салысымен жастар орталығына барып, жастармен пікірлескен болатын. Кезінде жастар орталығына жеке ғимарат беру керек болған кезде бос тұрғаны осы болған соң, осында көшірілген еді. Енді қазір аудандағы бос тұрған екі ғимараттың біреуі беріледі деп қарастырылуда. Бұрын ХҚКО отырған ғимаратқа қазір жөндеу жүргізіліп жатыр. Тағы бір бос ғимарат – бұрын зейнетақы жинақтаушы қоры отырған орын. Оның өз иесі бар, ол кісімен келіссөздер жүргізіледі, құжаттарын реттейді. Осындай жұмыстары аяқталған соң жастар орталығы көшіріледі. Ол шаруалардың қанша уақыт алатыны белгісіз. Сол себепті де нақты мына уақытта орталыққа басқа ғимарат беріледі деп дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен бұл мәселе аудан әкімінің назарында тұр, – деді Назира Алтауова. Әрине, жас азамат өз еліне қандай еңбекпен болса да қызмет етуі тиіс. Олар да қызметтерін бұлдап жатқан жоқ. Десек те емін-еркін, қысылып-қымтырылмай еңбек етулеріне жағдай жасалса, үлкен нәтиже күтуге де сеп болар еді. Ендігі үміт ауданға жаңадан тағайындалған жас әкімде. Келер күннен кемел іс күтеміз.

Қамар Қарасаева

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар