БУЛЛИҢ ЫРЫҚҚА КӨНЕР ЕМЕС
ЮНИСЕФ-тің, нақтырақ айтсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қорының мәліметтері бойынша, әлемдегі әрбір үшінші жасөспірім буллиңге ұшырайды. Бұл балалардың өзгелер тарапынан көрсетілетін зорлық-зомбылыққа тап болуы деген сөз. Ал ЮНФПА-ның (Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қоры) Қазақстанда екі жыл бұрын жүргізген сауалнамасына сәйкес, елдегі балалардың 44 пайызы буллиң құрбаны болса, 24 пайызы агрессор, яғни әлімжеттік көрсетуші. Өкінішке қарай, бұл жағдай қатарластарынан жәбір көрген балалар үшін өмір бойы ұмытылмайтын психологиялық жарақатқа айналады.
Буллиң – қазіргі күні кеңінен қолданылып жүрген термин. Ол қорқыту, біреуді кемсіту, намысына тиетін сөздер айту мағынасын білдіреді. Талайдан бері баспасөз беттерінде жазылып, арнайы тележобалар түсіріліп, оқу орындарында алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатқанымен балалардың бір-біріне әлімжеттік жасауы тыйылмай тұр. Бір ғана мысал келтірсек, жақында ғана апаммен шай ішіп отыр едік, теледидардан «Көрейік» бағдарламасының анонсы шыға келді. Алматы қаласының мектептерінің бірінде оқитын бір оқушы сыныптастарының қорлауына шыдай алмай, өз-өзіне қол салмақ болған. Онсыз да жүрегі әлсіз апам: «Бұл не сұмдық? Мына жауыз балалар қайдан шығып жатыр?» деп ашуға булықты. Ол ол ма, биыл ғана Ақтауға колледжге түскен немересінің жағдайын сұрап, «Ешкім ренжітіп жүрген жоқ па, Ақтаудың жігіттері бөлектеп, ренжітпей ме?» деп уайымға салынды. Расында да балалар неге зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатыр, зәбір көрсетуші жасөспірімдерді жауыздыққа не итермелейді? Түсініксіз...
Әңгіменің ауанын алдымен буллиңді жасайтын, яғни агрессор балалардан бастасақ. Күш көрсету немесе агрессия арқылы адамның өзгені қорлауы, одан үстем, мықты екенін дәлелдеп, әлімжеттік көрсету әрекеттерін буллиң жасаушы өзінің мықты екенін өзгелерге дәлелдегісі келеді. Ешкімге құпия емес, әр сыныпта қызба мінезді, бірден шарт-пұрт кететін оқушылар болады. Олардың кейбірі бірде қатарластарын кемсітіп, мұқатса, енді бірде күш қолдану арқылы психологиялық қысым көрсетуге үйір. Көбіне мұндай келеңсіздікке бастауыш немесе орта сынып оқушылары жиі тап болатынын да байқауға болады.
Психологтар буллиң, агрессорлық әрекет үш түрлі баланың бойына тән деген қорытындыға келген. Алғашқысы – бұзақылар. Олар жетекші болуға ұмтылып, түрлі себеппен қатарластарына тиісуге ұмтылады. Кейінгісі – бақылаушылар. Мұндай санаттағы оқушы жанжалдан алыс болғанымен буллиңді қолдайды. Соңғысы – жәбірленуші. Буллиңнің түрі көп. Мысалы, қазіргі күні біреуді сөзбен, күшпен қорқыту секілді бірнеше түрін жиі естіп жүрміз. Көп жағдайда сөз арқылы әлімжеттік көрсетіп алып, соңы күшке ұласуы мүмкін. Бұл жалпылама айтқанда бір адамның екінші адамға үстемдік жасауы. Бір адамның екінші адамға күш көрсетуі жақсы емес. Бұл заңмен қудаланатын жайт.
Бір өкініштісі, «бұзақы» санатындағы балалардың басым бөлігі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған оқушылар. Үйінде ата-анасы, туыстары баланы ұрса, ол мектепте қатарластарына күш көрсету арқылы ашуын шығаруға, әлін көрсетуге тырысады. Мұндай балаға міндетті түрде психологиялық көмек көрсетілуі шарт. Қазақы тәрбиеде бұзықтықты ер балаға тән мінез санайтын таптаурынның салдарынан көп ата-ана бұл жағдайға мән бермейтіні жалған емес. Алайда бір баланың зияны бірнеше оқушыға тиюі ықтимал. Тек жәбірленуші ғана емес, бақылаушы балалар да психологиялық қысым көретіні рас.
– Әдетте зорлық-зомбылыққа толық емес немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы ұлдар, сыныпқа жаңадан ауысып келгендер немесе құрдастарынан шаш үлгісі, киім стилі, интеллектісі, тіпті дене бітімі бойынша ерекшеленетіндер ұшырап жатады. Өзімнің жұмыс тәжірибеме сүйене отырып, баланың мінез-құлық ерекшеліктеріне бәрінен бұрын отбасындағы қарым-қатынас әсер етеді деп толық айта аламын. Егер кез келген ата-ана баласымен дұрыс қарым-қатынас орнатып, өмірде кездесетін қиындықтарға бала кезден дайындай білсе, онда ол қаншалықты момын не тұйық болса да буллиңнің құрбанына айналмайды, – дейді психолог және гештальт-терапевт Айнұр Кәріжанова.
Психолог өз шекараларын қорғай білетін, өзіне сенімді және кез келген ортаға бейімделе алатын бала мектептегі қорлаудың құрбаны болуы екіталай деген пікір айтты. Буллиң дегеніміз не? Әлімжеттік жасауға балаларды не итермелейді? Маман өз тәжірибесінен бірнеше мысал келтірді.
– Қысым көрген балалармен жұмыс істеуде жеткілікті тәжірибем бар. Сыныптастары «толстая» деп атаған қызбен жұмыс істедім. Оқушы қызды кейбір сыныптастары мазақ етіп, психологиялық тұрғыда уландырмаса да дос болудан қашқан. Өйткені оны мазақ еткендер айналасындағы жақындарын да оңдырмайтыны белгілі. Күйзеліске түскен қыздың жағдайы қиындап, соңында мектепке барудан үзілді-кесілді бас тартқан. Сенесіз бе, ата-анасы қыздарына моральдық көмек көрсетудің орнына жағдайды одан бетер ушықтыра түскен. «Қатарластарыңның сөзіне неге назар аударып отырсың, сен мектепке дос табу үшін емес, білім алуға барасың» деп ұрысқан. Сыныптастарының мазағына шыдай алмаған қыз артық салмақтан арылуға көмектесетін таблеткаларды қолдана бастаған. Ата-анасынан құпия ұстап, дәрігерлердің кеңесінсіз пайдаланған салмақ тастауға арналған дәрілер қыздың денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізген. Тамақтанудың бұзылуы, асқазан проблемалары, гормондар. Кейін қызбен бірнеше сеанстар өткіздім. Ата-анасына да істің насырға шапқанын, өздерінің де қолдау-көмегі қажет екенін айттым. Білуімше, қазір ол қыз Алматы клиникаларының бірінде ем алып жүр, – дейді А.Кәріжанова.
Оның айтуынша, бір бала өзін мықты көрсеткісі келуі мүмкін. Сөйтіп, ол екінші балаға үстемдік жасамаққа жақтастарын жинап, балаға «байкот» жариялап, күш көрсетеді. Яғни мектептегі буллиң ол белгілі бір балаға бағытталады. Ол агрессия, қорқыту, мәжбүрлеу белгілері арқылы көрініс тауып жатады. Тіпті кейде мұғалімдер тарапынан жасырын түрде қорлық көрген балалар өшін әлі келетін баладан алуы үшін буллиңге жол беруі мүмкін. Мектепте осындай кикілжіңді байқаған ұстаздар жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізуі міндетті.
– Тағы бір жағдай есіме түсіп отыр. Бірде қабылдауыма 21 жастағы жас жігіт келді. Оқушы күнінде психологиялық шабуылға ұшырап, қатарластарынан шеттеп қалған. Бар кінәсі – ұстазына «Бізге үй тапсырмасын беруді ұмытып кеттіңіз» деп айтқандығы. Осы жағдайға бола сыныптастары бір ай бойы жігітке назар аудармай, ортасынан бөлектеніп қалады. Жігіт маған басқа мәселе бойынша келген, емдеу барысында қазіргі қиындығы сол бозбала кезіндегі көрген қысымына байланысты екендігі анықталды. Қиындыққа тап болған жасөспірім мұғалімдеріне, ата-анасына болған жағдайды баяндаған. Өкініштісі, ересектер баланың мұңына құлақ аспаған. Нәтижесінде қоғамнан толықтай шеттеп, жалғызсырап қалған. Жүйкесі зақымданған соң жұмысқа орналасуы қиынға соққан. Адамдармен де дұрыс араласа алмайды. Сондықтан ересектер балаларының өмірінде болып жатқан мәселені ертерек көре біліп, болашақта оның психикасына әсер етпеуі үшін тиісті көмекті көрсету өте маңызды, – деп толықтырып өтті психолог.
Өзінен әлсіздерге күш көрсетіп, зорлық-зомбылық белең алған қазіргі заманда қоғамдағы тәрбиенің бөлігіне айналған «өзің тиіспе, тиіскенді аяма!» деген ұстаным да әлгіндей жауыздыққа әсер етуші факторлардың бірі. Әзілдеген қатарластарына қатқыл жауап, жұдырық ала жүгіру – осы тәрбиенің салдарының бірі. Әзіл мен кемсітуді ажырата білмеген оқушы бұл әрекеті үшін ата-анадан ескерту алмайтынын сезінеді. Содан болар, әрбір агрессиясына жауабы да дайын. Ата-анасы сұрай қалса «өзі тиістіге» басып, қателікті мойындаудан қашады.
Баланың буллиңге ұшырағанын қалай білуге болады? Аталған сауалды ұстаздарға қойып көрген едік.
– Зәбір көрген оқушыны аңғару өте оңай.Алғашқыда оқушы сабаққа келгісі келмей, тұйықтала түседі. Бұл қалыпты құбылыс. Себебі қатарластары тарапынан кемсіту мен қорлауға ұшыраған оқушының ол ортаға барғысы жоқ. Сабаққа ынтасы қашып, ортамен араласуы сирей түседі. Олай дейтініміз, ой және физикалық еркіндікті сезінбеген бала сабаққа назар аудара алмайды. Осының бәрін бақыласақ, қай оқушының қандай кемсітуге ұшырағанын анықтауға болады. Бұл жай Оқу-ағарту министрлігі, Үкімет тарапынан бақылауға алынып, Президент Жолдауларында да аз айтылып жүрген жоқ. Арнайы қылмыстық бап та бар. Сонда да тосқауыл бола алмай келеміз. Меніңше, шетелдің тәжірибесіне жүгінгеніміз дұрыс секілді. Мәселен, көп елдерде антибуллиңдік манифестер дайындалады. Яғни мектепте арнайы ережелер қабылданады. Оқу ордасында өзін-өзі қалай ұстау керек, қандай да бір ереже бұзғаны үшін қандай жаза өтейтіні жазылған. Ережені толық оқып шығып, оқушылар қол қояды. Кейін осы мәтін ақпараттық тақтаға ілінеді. Сәл ереже бұзса болды, мысалы, емтиханда ұпайы кемітіледі. Әлдекімге әлімжеттік жасағандарды мектептен шығарып жіберетін де ереже бар, – дейді Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №1 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсел Бұралқы.
Өкініштісі, буллиңнің зардабы тек психологиялық қысым емес, трагедияға да жалғасуы мүмкін. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мен мен ЮНИСЕФ-тің мәліметі бойынша, Қазақстанда өткен жылдың 9 айында жеткіншектер мен жасөспірімдер арасында 137 суицид тіркелген. Оқушылардың 63 пайызы – зорлық-зомбылық пен алалаудың куәгері, 44 пайызы – зорлық-зомбылық пен алалауға ұшыраған, ал 24 пайызы басқа балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендер. Ай сайын 11-15 жастағы әр бесінші жасөспірім буллиң құрбаны не қатысушысы болады. Олардың басым көпшілігі – ер балалар. Егер буллиңді ер балалар арасында ғана болатын жағдай десек, қателік саналары анық. Жоғарыда айтылғандай, психолог тәжірибесіне сүйенсек, кемсіту жағдайы қыз балалар арасында да аз емес.
Осы тұста бала буллиңге ұшырамауы үшін не істеуі керек? Жәбір көрген жағдайда қандай көмек қажет? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Мамандар бірінші к езек те к ез келген ата-ана баласымен ашық және жиі сөйлесіп тұруы қажеттігін айтады. Буллиң тақырыбында көбірек сөйлескен жағдайда ғана бала қысымға ұшырағанын не қатарластарынан зәбір көргенін айта алады. Мектептегі уақыты қалай өткенін, интернетте не істейтінін сұраған жөн. Тек сабақ үлгерімі емес, баланың сезімі, қатарластарымен қарым-қатынасы жайлы да сөйлесу қажет. Буллиңге ұшыраған балалар көбіне мектепте не болып жатқанын ата-анасына айтуға қорқады. Сондықтан кез келген ата-ана баланың осы қиындықтан зардап шеккенін байқауы керек. Қысым көрген баланың мінез-құлқында өзінен кіші балалар мен жануарларға агрессиямен қарау, ұйқы немесе тамақтану режимінің бұзылуы, реніш, өзгеден оқшаулану, тыныштықта көп болу секілді өзгерістер болуы мүмкін. Біреу оны ренжіткен болса, бала бұл туралы мұғалімдерге немесе ата-анасына айтуға құқылы екенін анық білуі керек. Буллиңге ұшыраған бала ата-анасына немесе мұғалімдеріне не болып жатқанын өте сирек жағдайларда айтады. Сондықтан баламен ашық диалог құрып, көп сөйлесу қажет.
Қайткен күннің өзінде де бұл мәселе жыл сайын талқыға түседі. Өйткені әлімжеттік – өзекті мәселе. Бұл бұрын да болған, қазір де бар. Тек әлімжеттікке қарсы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп, балалар арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алу, баланың бұрыс жолға түспеуін қадағалау, ата-ананың, мектеп пен құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимылын күшейту ғана жағдайдың түзелуіне, жақсаруына септігін тигізеді. Олай болса қоғамда, оқу орындарында әлім жеттікті болдырмау үшін барлығымыз бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала