Балалар жылының базарлығы қандай?
Балаларды қорғауға көңіл аударып, олардың жарқын болашағы үшін мүмкіндіктер жасауды мақсат еткен Балалар жылы да аяқталуға жақын. Рас, бұл жылдан көп нәтиже күттік. Ендеше үміт ақталды ма? Осы сауалдар төңірегінде атаулы жылда балалар үшін жүзеге асқан жұмыстарды саралап көрген едік.
Облыс әкімдігі Балалар жылы аясында ұйымдастырылатын ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын 7 бағытта бекітіп, жұмыс жүргізіліп отырған көрінеді. Мұнда «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Bala qorgau», «Bala_time.kz» бағыттары бекітіліпті. Аталған іс-шаралар жоспарының «Білімді бала» бағыты бойынша облыстағы балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалуда. Облыс әкімдігі білім басқармасы қосымша білім беру тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаеваның айтуынша, әсіресе балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жақсы жүргізіліп отыр екен.
– Бүгінде облыста 78 мектептен тыс қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді. Жалпы мектептен тыс мекемелермен, мектептердегі түрлі бағыттағы үйірмелермен қамтылған оқушылардың үлесі 2022-2023 оқу жылының қараша айында 75,5 пайызды құрады. Сонымен қатар қосымша білім беру мекемелерінің де жылдан-жылға саны артуда. Мысалы, 2021 жылы Шу ауданында «Оқушылар сарайы», Тараз қаласында «Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы» ашылса, 2022 жылдың 27 мамырында Тараз қаласында заманауи «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аталған мекемеде балалардың техникалық-шығармашылық қабілеттерін арттыру үшін «Планетарий», «Обсерватория» үйірмелері түрлі лабороториялармен балаларды қамтуда. Жалпы Балалар жылы аясында қосымша білім беру ұйымдарының жұмысы туралы (техникалық, көркем-эстетикалық бағыттарда) арнайы бейнеролик жасалып, әлеуметтік желілер арқылы ата-аналардың назарына ұсынылды.
Сонымен қатар биыл облыста 6 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек 13 мектеп жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталды. Оның ішінде физика, химия және биология кабинеттері бар,– дейді Гүлзира Лесбайқызы.
«Дені сау бала» бағыты аясында да нақты нәтижелерге қол жеткізіліпті. Бұл бағыт бойынша мектеп асханаларында балалардың ыстық тамақпен қамту үлесін арттыру көзделген. Бүгінгі күні облыстағы жалпы білім беретін 445 мектептің 410-ында (92,1 пайыз) асханалар жұмыс істейді.
2022-2023 оқу жылында жекелеген санат бойынша бір мезгіл ыстық тамақпен 1-11 сыныпта оқитын 49 839 бала қамтылған.
Жалпы білім беру ұйымдарда 1041 бала инклюзивті, 1 539 бала үйден оқытылса, 2 543 бала мектепке дейінгі мекемелерде, 523 бала арнайы интернаттарда, 294 бала арнайы түзету сыныптарында, 92 бала логопункттерде, 201 бала колледждерде білім алуда. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеу мақсатында облыстың білім беру ұйымдарында 2020-2021 оқу жылында 5 ресурстық және инклюзивті қолдау кабинеттері ашылса, 2021-2022 оқу жылында Тараз қаласынан «Аутизм орталығы» іске кірісті.
– «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен» бағыттары бойынша облыста «Мейірім» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында 1 334 бала мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындарға бекітіліп, «Отбасы банкі» акционерлік қоғамында ашылған шоттарына 48 миллион 500 мың теңгеден астам қаражат аударылды. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға биыл жергілікті атқарушы органдар тарапынан 52 жалдамалы пәтер берілді. Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына бюджет қаражаты есебінен 17 орындық «Hyundai H350» автокөлігі алынды. Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына меценаттар тарапынан 15 миллион теңгеге монша салынып берілді.
Балалар жылы аясында бизнес өкілдерінің тарапынан да қажетті көмектер көрсетілуде. Мысалы, кәсіпкерлер 125 миллион теңгеге облыстағы 5 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация көрсететін арнайы мекемелерге 5 жеңіл автокөлік, 12 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріне мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысқа қажетті құрылғыларды алуға көмектесті.
«Отбасы – қауіпсіз мекен» бағыты бойынша бала тәрбиесінде отбасылық құндылықтарды нығайту және ата-аналардың белсенділігін арттыру мақсатында 11 шілде-28 тамыз аралығында «Саламатты ата-ана мәдениеті» атты 7 апталық марафон өтті. Жеңімпаз атанған 124 отбасы мүшелері марапатталды. Сонымен бірге жаз айларында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Бала жалғыз болмасын!» тақырыбында ата-аналар челленджі ұйымдастырылды.
Аймақта оқушылардың жазғы демалысы да қызықты сәттерге толы болды. Демалыспен және сауықтыру шараларымен жоспарланған көпбалалы және аз қамтылған отбасының мектеп жасындағы балалары мектеп жанындағы, қала сыртындағы балалар сауықтыру лагерьлерінде толығымен қамтылды.
«Bala qorgau» бағыты бойынша балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатындағы 2022 жылдың жаз айларына арналған іс-шаралар тұжырымдамасы бекітілді. Жазғы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жаз-2022» атты суайдындарында 311 рейд және патрульдеу іс-шаралары жүргізіліп, қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша
8 570 жадынама мен кітапшалар таратылды. Оқу орындарының маңында, көшеде жүру тәртібін сақтау үшін 23 маусым мен 23 шілде аралығында «Жол ережесінің қауіпсіздігі» атты облыстық айлық өткізілді.
Сол сияқты «Bala_time.kz» бағыты бойынша Балалар жылын жергілікті тұрғындар арасында насихаттау мақсатында логотипі бар 71 билборд барлық аудандар мен Тараз қаласының көрінетін жерлеріне орналастырылды. Балалар жылы аясында 3 513 іс-шара өткізіліп, 300 мыңнан астам бала қамтылды, – дейді Гүлзира Лесбайқызы.
Ал Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде Балалар жылында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізіліпті.
– Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен 2 сәуір – Халықаралық балалар кітабы күніне орай «Мart» сауда, ойын-сауық орталығында «Балалар кітап әлемінде» атты кітап мерекесі өтті. Жас жеткіншектермен кездесуге өңіріміздің белгілі қаламгерлері шақырылды. Балаларға ертегіден көріністер көрсетіліп, әдеби викториналық сұрақтар қойылып, жергілікті қаламгер Марат Құлибайұлының «Апамның аялы алақаны» атты кітабының тұсаукесері өткізілді. Абай атындағы орталық кітапханада Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесіп, балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақсатында
«Кітап – асыл қазына» тақырыбында ертегілер әлеміне саяхат ұйымдастырылды. Іс-шараға шақырылған ерекше балалар ең алдымен «Алдар Көсенің» ауылына саяхат жасап, оның қызықты хикаяларының куәсі болып, ертегі желісімен қойылған шалқан еккен атайдың хикаясын қызықтады. Ыбырай Алтынсариннің «Әке мен бала» әңгімесіне қойылған көріністен әкесінің баласына айтқан өсиетін тыңдады. Кештің сәнін келтірген «Сайқымазақтар» балалармен қызықты ойындар ойнап, «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты кең көлемде кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітап инсталляциялары қойылды. Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта ашық аспан астында «Сырлы сөздің зергерлері» атты әдеби өткізілді. Кеш Мұқағали Мақатаев атындағы №44 мектеп оқушыларының Абай Құнанбаев, Александр Пушкин, Уильям Шекспирдің бейнелерін сурет инсталляциясы арқылы құрастыруымен басталды. Кітапхана қызметкерлері ақын-жазушылардың өлеңдерін, шығармаларынан үзінділерді жатқа оқып, көріністер көрсетіп, «Қаламгер қазынасы» атты кең көлемде кітап көрмесін ұйымдастырып, оқырмандарға насихаттады. Қаламыздағы «Умирзакова и К» ТС, «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендері өз кітаптарын қолжетімді бағамен сатса, кішкентай оқырмандар кітапқа деген қызығушылықтарын қылқаламмен суреттеу арқылы көпшілікке ұсынды. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлының Балалар жылына орай жарық көрген «Шеткері үйдің жарығы» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. М.Әуезов атындағы кітапханада «Кітап арқылы ашылған сырлы әлем» атты мерекелік кітапхана түні өткізіліп, «Кітап – асыл қазына» атты кең көлемде қойылған кітап көрмесі оқырмандар назарына ұсынылды. Ақын Күләш Ахметованың «Кітап», Үміт Битенованың «Қазақ тілі» өлеңдері және Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» шығармасынан үзінді оқылды. Түрлі шығармашылық және ойын алаңдары жұмыс істеді. Мәселен, «Кітап тұсаукесері» алаңында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жамбыл облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, ақын Үміт Битенованың мемлекеттік тапсырыспен кітапхана қорына жаңадан келіп түскен «Балабақшадан басталған» атты автобиографиялық мемуарының тұсаукесері өткізілді. «Әжемнің ертегілері» алаңында әжелер балаларға қызықты ертегілер оқыса, жастар «Кереметтер алаңы» мен «Жастар – кітап әлемінде» алаңында жиналып, білім сайысына қатысты. Кішкентай оқырмандар «Қарақшылар мекені», «Гномдар шеберханасы», «Қорқыныш» алаңдарында түрлі ойындар ойнап, қызықты оқиғаларды тамашалап, кітапхана қызметкерлері дайындаған түрлі тосынсыйларға куә болды. Іс-шарада мерекелік концерт ұйымдастырылып, «Караокемен» ретро әндер шырқалды. Тағылымды шарада балалар жаңа әдебиеттермен танысты.
«Кітап оқы, талқыла, суретте» жобасы аясында Ғ.Мұратбаев атындағы кітапханада «Сиқырлы әлемнің сырлары», М.Әуезов атындағы кітапханада «Қанекей асық, балақай! Кітап келді қонаққа!» атты «ашық есік» күндері өтті, – дейді Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Ұ.Саулебаева.
Атаулы жылдан көбіміз балалардың игілігіне арналған тың бастамалар күткеніміз рас. Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі мен жасына лайық білім беріп, өнерге ынтық болып өсуі, денсаулығын сақтап, саламатты өмір салтын ұстануға жетелеу толыққанды тұлға болып қалыптасуына ықпал етері анық. Осы жағынан қарағанда, айтулы жылда атқарылған істер бар екен деп көңілді демдедік.
Қамар Қарасаева
Келесі мақала