Табиғат сыйы – таптырмас байлық
Қандай елдің экономикасы үшін де жаңашылдық маңызды. Сондай инновациялық қадамның бірі – баламалы энергия көздері. Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бойынша Халықаралық агенттіктің (IRENA) болжамына сенсек, 2050 жылы-ақ сутегі ғаламдық энергия тұтынудың жалпы көлемінің 12 пайызын жаба алады. Қазірдің өзінде көптеген дамыған елдер сутегі өндірісі бойынша ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Сутегі энергетикасына бәрінен бұрын 27 мемлекеттің басын біріктірген Еуропалық Одақ елдерінде көп көңіл бөлінуде. Дейтұрғанмен таза отын энергетикасында өз орнын табуға тырысып жатқан Қазақстан да бұл істен тыс қалмай келеді.
Мемлекет тәуелсіздігін жариялаған жылдардан бастап «жасыл» экономика мәселесі басты бағыттардың бірі болып, жаңартылатын энергия көздерін дамыту ісі нақты қолға алына бастады. Оның жарқын көрінісі біздің аймақтан да байқалды. Тіпті бүгінгі таңда Әулиеата өңірі «жасыл» экономика бойынша көш басында.
1991 жылы облысымызда 1956-1965 жылдары пайдалануға берілген «Меркі» бірінші және екінші су электр стансалары ғана қолданыста болса, кейіннен бұл бағытта қарқынды жұмыстар атқарылды. 2015 жылы өңірде жаңартылатын энергия көздерінің саны 9-ға жетіп, өндірілетін энергия қуаттылығы 114 мегаватты құрады.
«Жасыл» экономика жұмыстарын жаңғырту мақсатында 2014 жылы «Жасыл» экономика туралы Заң қабылданып, баламалы энергия көздерін өндіру ісі қарқын алды.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағдарына негізделген жеті қағидатты атап көрсетті. Оның алтыншысында «жасыл» экономиканы дамыту қоршаған ортаны қорғау екені баса айтылған.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың сөзінше, Президент міндеттеген тапсырманы орындау аясында облыста бірқатар ауқымды тірлік атқарылған. Қазіргі таңда аймақта жалпы қуаты 437,8 мегаватты құрайтын 18 нысан жұмыс істеуде. Оның 24,4 мегаватын 6 су электр стансасы, 162,15 мегаватын 6 жел электр стансасы, сондай-ақ 251,25 мегаватты 6 күн электр стансасы беруде.
Өткен жылы өңірдегі ірі жобалардың бірі, құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр» стансасының пайдалануға берілгені белгілі. Сонымен қатар қуаты 9,2 мегаватты құрайтын Тасөткел су қоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды. Бұдан бөлек биылғы мамыр айында Жамбыл ауданында жалпы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасының құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілген.
Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылдың 6 айында сағатына 2 243,7 миллион киловатт электр энергиясы өндірілсе, оның 1 749,1 миллион киловаты дәстүрлі энергия көздерінен, 494,6 миллион киловаты ЖЭК нысандарынан өндірілген. Осылайша қазір өңірдегі 18 нысан жаңартылатын энергия көзін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруде. Бұл көрсеткіш республика бойынша 20 пайызды құрайды.
Алдағы уақытта Талас ауданында қосымша жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы қуаты 13,5 мегаватты құрайтын 3 жел электр стансасының құрылыс жобалары іске асырылуда. Нақтылап айтсақ, әрқайсысының қуаты 4,5 мегаватт болатын «Шеңгелді ЖЭС», «Шеңгелді ЖЭС-2», «Новатэкс ЖЭС» нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстарын биыл жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Өз сөзінде Құдайберген Қорғанбаев өзге де қолға алынған жобалар көп екенін жеткізді. Мысалы, Мойынқұм ауданында «Total Eren» ЖШС тарапынан жалпы қуаты 1000 мегаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сондай-ақ Жуалы ауданындағы Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алынған. Жоба құны 5 миллиард теңгені құрайды. Инвесторы – «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Сол сияқты «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС-ның қаржысы есебінен «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу көзделіп отыр. Бұл жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Ал бұған дейін Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 МВт «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан ретінде бағаланған болатын.
«Жасыл» энергияның 20 пайызының Жамбыл облысында өндірілетінін жоғарыда жаздық. Ендеше баламалы энергия көздерін өндіретін станса жұмыстарына аз-кем тоқталып өтсек. Елімізде алғашқы болып өндірістік жел электр стансасы Қордай ауданында іске қосылғанын мақтанышпен айта аламыз. Осы өңірдегі «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы – 504 киловатт болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мВт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС-ның инвестиция қаржысы есебінен бой көтерді. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады.
Осы ауданда бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын жобасы іске қосылса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық жобасы іске қосылды. Баянды бастама «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловатт сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды.
Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мВт болатын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бүгінде мұнда 12 адам жұмыс істейді. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суынан энергия өндіретін «Меркі СЭС»-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды.
– Былтыр және биыл қолға алынған жобалар толық аяқталғаннан кейін Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздері арқылы өндірілетін электр энергиясы 415,1 киловатқа жеткізілетін болады. Бұл көрсеткіш өз кезегінде облыста бір жылда өндірілетін электр энергиясының 25 пайызын құрайды. Қазақстанның «Жасыл» экономикаға өту жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай «жасыл» энергия көздері арқылы өндірілетін электр энергиясының үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарланған. Тұжырымдамада анықталған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында аймақта ЖЭК нысандарын дамыту бойынша күн, жел, су электр стансаларын орнату жоспары құрылып, 2020-2030 жылдарға арналған болжам картасы әзірленді, – дейді Құдайберген Қорғанбаев.
Оның айтуынша, болжам картасы жаңа нысандарға жер беру, инвестициялар тарту, сондай-ақ әр аудан бойынша су, жел, күн стансаларын дамыту әлеуеттерін анықтау бөлігінде аудан әкімдіктері мен жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармаларымен бірлесіп дайындалған. Облысымызда күн инсоляциясының көрсеткіші 1500 - 1600 кВт-сағатқа дейін жететінін, бұдан Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіншіліктері бар екендігін көруге болады. Бұл көрсеткіш Әулиеата өңірінің бизнес жобалар үшін өте қолайлы аймақ қатарында екенін айғақтайды. Аудандар бойынша «жасыл» энергия әлеуетіне зер салсақ, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында – 1 465 кВт-сағат, Т.Рысқұлов ауданында – 1463, Меркіде – 1471, Шуда –
1459, Жуалыда – 1520, Сарысуда – 1520 кВт-сағат күн инсоляциясын өндіру мүмкіншілігі бар. Енді сол табиғи ресурстар тиімді пайдаланылса нұр үстіне нұр болмақ. Сәтін салса, таяудағы жылдарда оның да жемісін көруіміз ғажап емес. Себебі әлеуетті инвесторлар тарапынан да қызығушылық арта түсуде. Ғасыр жетістігі саналатын бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай жоспарлы түрде жалғасатын болады.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала