Қазақстанда жаңа саяси партия тіркелді
«Байтақ» партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл туралы аталған саяси ұйымның жетекшісі Азаматхан Әміртай әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Әділетті Қазақстанға сенімді қадам - «Байтақ» жаңа партиясы мемлекеттік тіркеуден өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы тарапынан көппартиялы жүйе құру тапсырмасы болды. Айтылды - орындалды! Әділетті Қазақстанның алғашқы партиясы - нағыз халықтың қолдауымен, қоршаған орта жанашырларының басын қосқан, азаматтық белсенділердің бастамасымен құрылған «Байтақ» партиясы», - деп жазды ол Facebook парақшасында.
Бұл ақпаратты еліміздің Әділет министрлігі де ресми растады.
«Саяси партиялар туралы» Заңның 10-бабына сәйкес 2022 жылғы 28 қарашада Әділет министрлігі «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігін тіркеді. Саяси партияны құру туралы 2022 жылғы 24 қыркүйекте өткізілген құрылтай съезі және «Саяси партиялар туралы» Заңының 6-10-баптары бойынша ұсынылған құжаттар тіркеуге негіз болған, - делінген министрлік ақпаратында.
Келесі мақала