Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫ БАҒДАРЛАМА ИГІЛІГІН КӨРЕ БАСТАДЫ

ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫ БАҒДАРЛАМА ИГІЛІГІН  КӨРЕ БАСТАДЫ
ашық дереккөз
ЖАМБЫЛ ЖАСТАРЫ БАҒДАРЛАМА ИГІЛІГІН КӨРЕ БАСТАДЫ
Облысымызда соңғы 6 жылда бюджеттік тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны байқалады. 2016 жылмен салыстырғанда пайдалануға берілген пәтерлер саны 3,3 есеге өскен. Алайда кезекке тұрған адамдар саны азаяр емес. Мысалы, 2021 жылы кезектегі 2 334 адам баспанамен қамтылса да кезекке тұрған адамдар саны 6 334 адамға артқан. Сондықтан халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек.  Биыл өңірімізде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында құны 24,7 миллиард теңгеге 4 388 пәтерлі 68 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 2 680 пәтерлі 40 үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінге дейін 1 320 пәтерлі 19 үйдің құрылыс жұмыстары аяқталған. Яғни биыл да облысымызда алыс болып көрінген арманы ақиқатқа айналып, баспаналы болу бақыты бұйырған тұрғындар қатары арта түспек. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» секілді мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардан бөлек, «Әулиеата жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы да талай шаңыраққа шаттық сыйламақ. Осы орайда бағдарламаның жүзеге асырылу барысы жайлы білмек болып облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына қайырылдық. – Облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының аясында облыс жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған бағдарлама жобасы әзірленген болатын. Өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге және жас отбасыларды қолдау мақсатында дайындалған бағдарлама Тараз қалалық және аудандық жастар істері жөніндегі кеңестерде, облыстық қоғамдық кеңесте, жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралып, мақұлданды. Сөйтіп, 2021 жылдың 28 маусымында бағдарламаның талаптары мен шарттары облыстың ерекшеліктерін ескере отырып және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізінде қолға алынды. Әрі басқарма тарапынан тұрақты түрде әлеуметтік желіде сауалнамалар ұйымдастырылып, жүргізілген зерттеудің нәтижесінде жастардың 90 пайызға жуығы тұрғын үй алуға ниетті екені және төлеу қабілетінің бар екендігі анықталды. Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған. Бағдарламаға жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге бөлінді. Әрі оған «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы қолдау көрсетті. Бағдарлама аясында жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеге дейін. Несие беру уақыты – 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме – 5 пайыз. Бастапқы жарна – 5 пайыз. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі Қазақстан Республикасының азаматы қатысады және негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана өтінім бере алады. Ал бағдарлама аясында өтінімдерді қабылдау үшін облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасымен e-jambyl.kz платформасында «Әулиеата жастары» бағдарламасына өтінімдерді қабылдау бөлімі әзірленді. Аталған бөлімде бағдарлама талаптары мен шарттары орналастырылды және қатысушылардың өтінімдерін қабылдау іске асырылады. Сондай-ақ бағдарламаның шарттары e-jambyl.kz сайты мен әлеуметтік желі парақшаларында орналастырылады. Биыл бағдарлама бойынша тұрғын үй алуға барлығы 619 өтінім түсті. Өтінімдер қарау және бағалау жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылып, нәтижесінде 55 қатысушыға «Отбасы банкіне» жолдама берілді. Бүгінге дейін банктің облыстық филиалы тарапынан 27 қатысушының өтінімі мақұлданып, 14-і бағдарлама аясында баспаналы болса, 13 қатысушы тұрғын үй іздестіруде. Ал 7 қатысушының өтінімі банктің қарауында жатыр. Енді алдағы уақытта бағдарлама шарттарын оңтайландыру мақсатында бағдарлама ережесіне өзгерістер енгізу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, – дейді облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар. Айта кетейік, 2023 жылы бағдарлама аясында баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалымен бірлесе қаржыландыру арқылы қаражат көлемін ұлғайту жұмыстары да қарастырылуда екен. Ал «Отбасы банк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің бірінші санаттағы маманы Олжас Ибраев бағдарламаның талаптары мен шарттарын, үміткерлердің қатысу мүмкіндігі жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. – Жалпы бағдарлама ережесіне сәйкес тұрғын үй денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, журналистика саласы бойынша беріледі. Сондай-ақ «Әулиеата жастары» бағдарламасына тек Жамбыл облысының жастары ғана қатыса алады. Ал бағдарламаға қатысушыға қойылатын талаптардың ең негізгісі – жасы 35-тен аспауы тиіс. Сонымен қатар бағдарламаға қатысушының өзі еңбек ететін салада 1 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы керек. Соңғы 2 жыл ішінде тұрақты мекенжайлық тіркеуі және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Жамбыл облысында тіркеуі болуы тиіс. Әрі бағдарламаға қатысушыда және оның отбасы мүшелерінде соңғы 5 жылда тұрғын үй немесе меншік құқығындағы тұрғын үй болмауы керек. Қосымша «Отбасы банкінде» жинақ шотының болуы және әр отбасы мүшесіне бөлінген кездегі кірістің жалпы құны 3,9-дан – ең төменгі күнкөріс деңгейінен немесе 145 817 теңгеден аспауы қажет. Міне, осы шарттарға толық сай келетін отбасылар бағдарламаның тиімділігін көре алады, – дейді Олжас Ибраев. Ендеше ең маңыздысына оралайық. Қабылданғанына көп болмаса да Жамбыл жастары бағдарламаның игілігін көре бастады. Жуырда ғана, яғни 17 қараша күні бағдарлама аясында баспаналы болған Самат Бекболатовқа салтанатты түрде пәтердің кілті табысталды. Аталған шараға облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, «Отбасы банк» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов, ақын, Жамбыл облысының жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасына қатысушылардың өтінімдерін қарау және бағалау жөніндегі комиссияның мүшесі Үміт Битенова және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, баспаналы болған жас отбасыға ақ тілектерін білдірді. – Үй алу жастар үшін өміріндегі ең маңызды оқиғаның бірі. Әрі көп жастарымыз өзінің күш-қуатын, жастық шағын үй алу үшін сарп етеді. Баспана болмаса адамның жиған-тергенінде береке болмайды. Сондықтан игілігі мол бағдарламалар арқылы жастарға көмек көрсетіп жатқан облыс әкімдігіне алғыстан басқа айтарым жоқ. «Отбасы банктен» шот ашып, көптен бері үй алуға ниеттеніп жүргенмін. Сөйтіп, арада екі жыл өткенде бағдарламаға қатысуға өтініш беріп көріп едім, бәрі сәтімен бола кетті. Мұншалықты тез әрі төмен пайызбен үй аламын деп ойламағанбыз. Отбасыммен бірге енді осы үйдің қызығын көруді нәсіп етсін. Біз секілді жас отбасылардың үйлі бола беруіне тілектеспін, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Самат Бекболатов. Қазақ ежелден «Өз үйім – өлең төсегім» деп бекер айтпаған. Әркімнің есігінде телмеңдеп, кім көрінгенге жалынып жалдамалы пәтерде күнелту жастарымыздың жігерін құм, қуанышын мұң қылады. Сондықтан «Әулиеата жастары» сияқты тиімді бағдарламалар қабылданып, жастардың жалынына жалын қосып, серпілтетін, олардың күш-қуаты мен ақыл-қайратын қарыз қайтаруға жұмсауға емес, мемлекет үшін, елі үшін еңбектенуді ғана ойлайтын дәрежеге жеткізе алсақ, біз нағыз «Әділетті Қазақстанды» гүлдендіретін қадамға барған болатын едік.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар