«ЖАСЫЛ ЖЕЛЕК – ЖЕРДІҢ КӨРКІ»
Тараз қаласында аумақтарды көгалдандыру, тазалау және абаттандыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. ҚР Президенті Жолдауында атап өткендей, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму мәселелері басты назарда. Мемлекет басшысы экологиялық ахуалды жақсарту үшін нақты шараларға кірісуді тапсырды.
Жуырда Тараз қаласындағы «Біз біргеміз» монументі маңындағы саябаққа «Жасыл желек – жердің көркі» экологиялық жобасы аясында көпжылдық қайың, акация, сән ағашы, шаған және шынар, шырша және тағы да басқа Тараздың климатына бейім ағаштар отырғызылды. №14-ықшамауданның айналасын көгалдандыру, абаттандыру жоспары бойынша барлығы 600 түп ағаш егілді.
Экологиялық іс-шараға Тараз қаласы әкімдігінің бөлім басшылары мен мамандары, «Жасыл ел – Тараз» мекемесінің қызметкерлері атсалысты.
Айта кетерлігі, ағаш отырғызу алдында көшеттерді суару мәселесі шешілген. Бұл аумақта 2 су құдығы мен сорғылар орнатылды. Тамшылатып суару жүйесі ішінара жүргізілді.
Алдағы уақытта осы аймаққа жоба аясында жеміс ағаштарын отырғызу жоспарланған. Қаланы көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстары жалғасын табады.
Ағаш егіп, шаһардың көркеюіне атсалысқан азаматтар тұрғындарды қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға шақырды.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала