Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ӘУЕНДІ ТАРАЗ КЕШТЕРІНІҢ» ӘСЕРІ МОЛ

«ӘУЕНДІ ТАРАЗ КЕШТЕРІНІҢ» ӘСЕРІ МОЛ
ашық дереккөз
«ӘУЕНДІ ТАРАЗ КЕШТЕРІНІҢ» ӘСЕРІ МОЛ
ӘР ЖҰМАДА «КӨНЕ ТАРАЗ» ТАРИХИ-ЭТНОМӘДЕНИ КЕШЕНІНДЕ «ӘУЕНДІ ТАРАЗ КЕШТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АУДАНДАРДЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР КҮНДЕРІ ӨТУДЕ. ӨТКЕН АПТАДА САРЫСУ АУДАНЫНЫҢ ӨНЕРПАЗДАРЫ ӨНЕР КӨРСЕТТІ. ТАРИХИ ТАРАЗҒА САРЫСУЛЫҚТАР-ДЫҢ АРНАҒАН ӨНЕРІ СОМ АЛТЫНДАЙ САЛМАҚТЫ БОЛЫП ШЫҚТЫ.

Сарысулықтардың концерттік тартуы

Концерт «Айжан қыз» би ұжымының «Қазақ» биімен ашылды. Мұнан соң сарысулық квартет орындаған «Қазақстаным» әні де жүректерге жетті. Әнші Мөлдір Мұсаева «Жүрегім ақ», «Ғашықтар әлемі», Ахат Кенжебаев шырқаған «Молдабай», Ермахан Оңғарбаев орындаған «Сен маған керексің», «Мама» әндері де көпшіліктің көңілінен шықты. «Нұрғайша-Нұрила» дуэтінің репертуарындағы «Қазақша попурри», «Халқым-ай» әндерімен жұрт көңілін дөп басты. Назерке Сақтаған, Қолқанат Темірбек, Мөлдір Мұсаева үштігі орындаған «Жаса, қазағым» әні талай көңілдерге патриоттық сезім сыйлағаны анық. Нығметжан Халықовтың «Бір ел болса», «Қимадым» әндері тараздық көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. «Сарысу» триосы, «Айтұмар» дуэті, Ғалымжан Тезекбаев пен Берік Серікбаев дуэті керемет әндерімен тәнті етті. Түн қоюланғанша Тараз аспанынан ән үзілмеді. Орындап жатқан әншілер де разы, тыңдаған көрермендер де қуанышты күйде болды. – Жұма сайын әр ауданның концерттік бағдарламасын көріп жүрмін. Бірінен бірі өтеді. Бүгін міне, Сарысу жерінен келген өнерпаздар да жақсы дайындықтарын көрсетті, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Нәбира Қапарқызы. «Айжан қыз» би ұжымы орындаған «Хорезм» биі де жұртшылықтың көңілін баурады. Сазды әндері жүректерге жеткен сарысулықтардың кеші талай тараздыққа таусылмас әсер, жақсы көңіл күй сыйлағаны анық.

Меркі өнерпаздары ұсынған кеш

Ал тамыз айының алғашқы аптасын меркілік өнерпаздар әдемі концерттік бағдарламаларымен қорытындылап, қала тұрғындарына тамаша көңіл күй сыйлады. Бағдарлама Шырын Мамасерікованың сөзіне жазылған «Мерей» вокалды-инструментальді ансамблінің және «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің әншілерінің «Жерұйығым– Меркім!» әнімен басталып, «Таразым», «Желкілдек», «Ақжайнақ», «Меркі», «Қара жорға», «Жеңешем» және тағы басқа ескі һәм есті шығармаларға ұласты. Сондай-ақ «Көзқарасың», «Өзгеше биле», «Жүрек алдамайды», «Досыма жазған», «Ләйлі», «Настальгия», «Сені маған тәңірдің өзі сыйлаған», «Сырғаңның сыңары», «Майда-майда», тағы басқа бірқатар заманауи әндер шырқалды. Айта кетейік, іс-шара ағымдағы жылдың 26 тамызына дейін аудан өнерпаздарының қатысуымен әр аптаның жұма күндері «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өтеді.

Ғалия АБЫЛАЙ, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз хатшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар