Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ұлттың ұлы мұраты

Ұлттың ұлы мұраты
ашық дереккөз
Ұлттың ұлы мұраты
Өткен жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлық аясында «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Ұлттық рухани жаңғыру», «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу», «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» және «Қауіпсіз ел» ұлттық жобалары іске асырылатын болады. Жобалардың ішіндегі ең маңыздысы – үш бағыт, жеті міндет, жиырма бір көрсеткіш, алпыс алты ауқымды іс-шарадан тұратын «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы. Жарқын жоба тарихи тұрғыдан да, мәдени жағынан да халқымыздың рухани серпілуіне өз үлесін қосатыны хақ. Өйткені жоба арқылы біз өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды терең сіңіре аламыз. «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының өзі үш бағытқа бөлінген. Мемлекеттік тілді және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Рухани жаңғыру», «Ел рухы», «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыттары бойынша ел ішінде аз уақытта ауқымды жұмыстар істелді. Әсіресе «Рухани жаңғыру» бағытына айрықша басымдық берілуде. Облыс жастары да бұл бағдарламаның қаншалықты жүзеге асып жатқанын баяндап, рухани жаңғыру рухтың жаңғыруы емес, сананың жаңғыруы екенін айтады. – Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері білім беру саласына аса маңызды бағыт ретінде қарап, оған қыруар қаражат пен мол мүмкіндіктер туғызды. Халықаралық талаптарға сай оқу орындары бой көтерді. Жаңа технологиялар білім беру жүйесіне енгізілді. Білімнің қайнар көзі – кітап екендігі сөзсіз. Қай ғасырда болмасын кітап әрбір дананың, ғалым мен ағартушының, жазушы мен таланттың тұсауын кескен. Сол арқылы ой-өрісін, санасының сергектігін қалыптастырғаны анық. Мемлекет басшысының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – жаһандық білім беру процесіндегі көзді-ашып жұмғанда дамып келе жатқан тың оқулықтарды, әлем мойындаған жазушылардың, ғалымдар мен ағартушылардың классикалық, технологиялық, экономикалық-әлеуметтік салада қалам тербеген кітаптарын қазақ тіліне аудару біздің жастарға берген зор мүмкіндік. Рухани жаңғырудың негізінде экономикалық жаңғыру да бар. Қазір әлемдік жаһандану заманында әр ел экономикасыз өмір сүре алмайды. Сондықтан руханиятты экономикамен үндестіре қарамасақ, ұтыламыз. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін әлемдік экономикамен байланыса дамуымыз қажет. Әлемдік экономикалық үндестікке тек білім арқылы қол жеткізе аламыз. Кезінде Абылай хан: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген екен. Міне, қазіргі заман білім мен ақылдың, жасанды интеллекттің қарқынды даму кезеңі. Ол үшін біздің жастар заманауи үлгіде білім алып, өзінің алған білімін тәжірибеде ұштастыра білуі қажет, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының баспасөз хатшысы Аружан Датаева. «Ұлттық рухани жаңғырудың» екінші бағыты – «Ел рухы». Мұнда мәдениет саласына байланысты жүйелі жұмыстың желісі қарастырылып, өз мәдениетімізді өзімізге және шетелге қалай таныстырып, дәріптеу туралы нақты қадамдар анық көрсетіледі. Оның ішінде инфрақұрылымды дамыту, әсіресе ауылдарда жаңа мәдени объектілер салу, анимациялық фильм түсіру деген сынды бірнеше көлемді жұмыстар атқарылады. Сондай-ақ «Ұлттық рухани жобаның» басты мақсаты қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту болғандықтан көбінде қазақ тілін дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүргізілетіні анық. Сондықтан алдағы уақытта жоба аясында мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық ІТ өнімдер әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты бірқатар жұмыстар атқарылады. Жобаның үшінші бағыты – «Тәуелсіздік ұрпақтары». Жастарға арналған жобаның мақсаты – жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру, жастарды қоғамдық пайдалы іс-шараларға тарту. Биыл тәуелсіздікпен бірге дүниеге келген жастар 29-30 жасқа келіп жатыр. Шын мәнінде, ұрпақ ұлттың ертеңі десек, онда мемлекеттің де ертеңі сол жастардың қолында екені ақиқат. Оны жастардың өзі де мақтан тұтады. – Біз нағыз еркін елдің құшағында дүниеге келген перзенттерміз. Бұл біз үшін, әрине мақтаныш. Бір жағынан осы елдің дамуы да біздің мойнымыздағы бір міндет болып жүктелгендей. Қалай болмасын ұлтымыздың ертеңін нұрлы қылуға құлшыну біздің Отан алдындағы борышымыз деп білемін. Қай халықтың болсын өткен өмір жолы, әлеуметтік-экономикалық дамуы, рухани кемелденуі, сайып келгенде өз тарихи тағдыры бар. Сондықтан да бүгінгі күн – кешегінің жалғасы, өткеннің салдары, болашақтың себепшісі деп білген жөн. Тәуелсіздік – ол біздің өткен тарихымыздағы желтоқсанның ызғары да, қатып калған мұздары да қайсарлығын қайыстырмаған бабаларымыздың ерлігінің үлкен жемісі. Мемлекетіміз осы тарихи кезеңдерді басып өткен 31 жылда бәсекеге қабілетті заманауи мемлекетке айналып үлгерді. Сондай-ақ еліміз егемендік алған шағынан бастап жастар саясатын мемлекеттің басым бағыты ретінде белгілеген. Тұрақты қамқорлықтың арқасында жастардың дамуы мен әлеуетін жүзеге асыруына берік негіз қаланды. Бүгінгі біздің айтып отырған «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының да бастауы кешегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеясын кеңейтіп, оны ары қарай дамыту болып есептеледі. Оның үшінші бағытының «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталуы да тегіннен-тегін емес. Осы арқылы мемлекетіміз жастарды жан-жақты қолдау шараларына баса назар аударып отыр. Сондықтан жоба біз үшін аса қажетті кезеңде қабылданған бірден-бір жоба деп білемін, – дейді белсенді жас Балым Өскенбай. Біз айтып отырған «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының үш бағыты «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту, «Ел рухы», «Тәуелсіздік ұрпақтары» болса, оның жеті міндетінің ішіне «Қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамыту», «Мемлекеттік тілді дамыту үшін жағдай жасау», «Мәдениет саласында қолжетімділік пен сапаны арттыру», «Отандық мәдени өнімді насихаттау», «Жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту», «Жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту», «NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру» сияқты нақты міндеттер кіреді. Міне, осы міндеттер мен бағыттардың аясында 21 көрсеткіш, 66 іс-шара өткізілетін болады. Шын мәнінде, бұл тәуелсіз ел жастарының серпілісін, болашаққа деген берік сенімін нығайтатыны анық. Жастарға серпін беріп, олардың тың идеяларын жарыққа шығару үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы бірден-бір тиімді жоба болып қалмақ. Алда аталған жобаның үш бағыты бойынша кешенді іс-шаралар басталып, «Әділетті Қазақстанның» жаңа буындарының тың идеялары жарыққа шығып, халықтың болашағы үшін жақсы жұмыстар жасалатынына сенімдіміз.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар