Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Қалыңдықтар» факультетінің түлегіміз»

«Қалыңдықтар» факультетінің түлегіміз»
ашық дереккөз
«Қалыңдықтар» факультетінің түлегіміз»
Назым ҚОЖАМАРОВА, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі: – Студенттік тәтті кезеңмен осыдан тура он жыл бұрын қоштасқан екенмін. Тобымыздағы жан-жақтан жиналған жиырма алты қыз бен екі жігіттен төрт жыл бірге білім іздеп жүріп, қандай қызықтарды басынан өткергенін дәл қазір еске түсір десе, аузымызға ең алдымен бізді баладай мәпелеген ұстаздарым ілігер еді. Расында да педагогикалық институтта, әсіресе біздің филология факультетінің ұстаздары ерекше мейірімді еді. Ұрсуының өзі бата-тілек іспетті болатын. Мысалы, біздің топтың қыздары өте шуылдақ болды. Сонда әдебиеттен сабақ берген Темірбай Мұқашев ағайымыз «Бастарыңа келсін» дейтін. Бұл оның ең ауыр сөзі еді. Айтқанындай-ақ, топтағы қыздардың барлығы дерлік бүгінде ұстаз болып қызмет етуде. Ал философиядан лекция оқыған Расылхан Жүншеев ағайымыз факультеттегі әр балаға «айналайыннан» артық сөз айтпапты. Біз дәріс алған филология факультетін «қалыңдықтар факультеті» деп те атайтын. Содан да болар, бірінші курстан кейін-ақ біраз қыз бақытын тауып, үшінші-төртінші курстарда олардың балаларымен де бірге сабақ оқыдық. Сол кездері алып қашу көп еді. Біраз қыздың бағы солай ашылды. Аллаға шүкір, олар қазір берік отбасы. Алып қашу десе, ойыма оралдық Жансұлу деген қыз келеді. Ортада дымы білінбейтін, бар ма, жоқ па, көбі байқамай қала беретін көзі дөңгеленген қуыршақтай қыз. Дегенмен арамызда жасы жағынан үлкені де сол екен. Үшінші курсымыз жаңадан басталып, біраз қыздар тұрмыс құрып кеткеннен кейін кураторымыз Камила әпкей күнде көрісе бермейтінімізді алға тартып, тобымызбен бірге орталық алаңға жиналып, естелікке суретке түсуді, бірге қаланы аралауды ұсынды. Қыдыру десе жанын берер жастар ондай ұсынысты құба-құп қабылдары анық. Сонымен, бір-бірімізге хабарды жеткізіп, сабақтан кейін театр алдында, Бауыржан батыр ескерткішінің жанына жиналуға келістік. Жаяулата улап-шулап, алаңға қарай жол тарттық. «Ары қарай қайда барамыз?» деп те ақылдасып келеміз. Әйтеуір бітпейтін күлкі, таусылмайтын әңгімемен арамызда бір адамның жоғын байқамай қалыппыз. Сөйтсек, үндемес қызымызды ғашық болып жүрген бір жігіт жол-жөнекей кездесуге шақырып, алып қашыпты. Негізі сабақтан шығарда да, орта жолда «Алатау» дүкенінің маңында да түгел едік. Оның жоқтығын ертесіне суретті қолымызға алып отырып қана байқадық. Сәлден кейін жоғалған қыздың жайын кураторымыз анықтап, бізге хабарлады. Осылайша тағы бір қыздың ойда-жоқта жұлдызы жанды. Ең қызығы, ол қыздың туған күні – 25 қазан. Содан да болар, Республика күнінде сол қыздың оқиғасы есіме түсе береді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар