Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ ҮШІН КҮНДІЗ-ТҮНІ КҮЗЕТТЕМІЗ»

«ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ ҮШІН КҮНДІЗ-ТҮНІ КҮЗЕТТЕМІЗ»
ашық дереккөз
«ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ ҮШІН КҮНДІЗ-ТҮНІ КҮЗЕТТЕМІЗ»
ЕЛ ІШІ ТЫНЫШ БОЛЫП, ХАЛЫҚ БЕЙБІТ ӨМІР КЕШУ ҮШІН КҮН-ТҮН ДЕМЕЙ ШЕКАРА ШЕБІНДЕ КҮЗЕТТЕ ЖҮРГЕН ҰЛАНДАРДЫҢ ЕРЛІГІ ӨЛШЕУСІЗ. ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚАДАҒАМЕН ӨТКЕРЕТІН ШЕКАРАШЫЛАРДЫҢ ҮЛГІЛІ ІСІН ЖАСТАРҒА ЖЕТКІЗУ МАҚСАТЫНДА ЖАУЫНГЕРЛЕРМЕН СҰХБАТТАСЫП, ӨНЕГЕЛІ ӘҢГІМЕСІН ТЫҢДАҒАН ЕДІК.  Он жылдан аса уақыттан бері облысымыздың Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне қарасты Жамбыл ауданында орналасқан шекара қызметінде еңбек етіп келе жатқан Рүстем Нұрманов пен Жамбыл Малшиевтың әр күні тәлімге толы. Олай дейтініміз – сыналған сәттерде биік рухпен қатерге төтеп беріп, шымыр да шапшаң қимылмен қауіптің алдын ала білетін әрекеттері тамсандырмай қоймайды. Жамбыл Арыстанұлының есінде 2014 жылдың сәуірі ерекше қалған. Күндегі әдетінше иығына қаруын асынып, жасақтанып, шекара қызметінде жүрген болатын. Әрине жалғыз емес, қызметтестерімен бірге. Далада мүлгіген тыныштық. Мұндайда сол тыныштықты бұзуға ниеттенген жат пиғылдылардың жолын кесу үшін шекарашылар ғана дамылсыз айналаны аралап, дүрбімен маңайды шолып жүретіні белгілі. Кенет алыстан қарауытқан көліктер тізбегі көзге шалынады. Әскерилер лезде бір-біріне хабар беріп, тосқауыл жасауға асығады. Алайда бірінің ізінен бірі ілесе зуылдап келе жатқан «КамАЗ» жүк көліктерінің бұлардың алдын ала ескертуіне тоқтар түрі жоқ. Тіпті, алдарынан жаяу шыққан жауынгерлерді қағып өткісі келетін әрекеттерін де байқатты. Алайда шекарашылар желдей жүйткіген жүк көліктерін қайткенде де тоқтатып, ел ішіне заңсыз кіріп келе жатқан қылмысты жоюға барын салды. Көліктерді тоқтатты, бірақ ішіндегі адамдар оңайлықпен берілгісі келмей, шабуылға көшті. Шекараны заңсыз кесіп өтетіндерін білгендіктен оңайлықпен берілмеске, жасанып келіпті. Ал шекарашы жауынгерлердің көздеген мақсаты – нендей жағдайға тап болса да ел аумағына заңсыз ешкімді де, ештеңені де өткізбеу. –  Екі ел арасындағы шекарадан еш рұқсатсыз кіріп келе жатқан 14 «КамАЗ» жүк көлігіне он шақты жауынгер қарсы шықтық. Тоқтатып, не алып келе жатқандарын тексеріп, заңсыздыққа жол бермеуді ғана діттегенбіз. Бірақ олар тоқтағысы келмеді, бізді ауыр көлікпен басып-жаншып өткісі келді. Ешбірімізге зиян келтірулеріне жол бермей, көліктерді тоқтаттық. Анықтасақ, заңсыз киім-кешек алып келе жатыр екен. Мемлекеттік шекарадан біраз жер өтіп үлгерген. Заң бұзғандықтан бәрін де құрықтап, тиісті орынға тапсырдық. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Былай қарағанда айдала, ешкім жоқ, тып-тыныш. Бірақ, бір сәтке де көзіңді алмай қадағалап, белгіленген аумақты үздіксіз аралап, күзетіп отырмасаң, айласын асырғысы келгендер аяқ астынан қауіп төндіруі әбден мүмкін. Біз күзететін шекара аумағында сымды тор тартылмаған, тек белгі ғана қойылған. Сондықтан жауынгерлердің күзеті өте қатаң бол маса, жағдай қиын. Ол жерден көбіне мал айдап, заңсыз тауар алып өту, контрабанда секілді заңсыздықтар орын алады. Ондай жағдайлар негізінен таулы аймақтарда көп к ездеседі, ойлы-қырлы болғандықтан тасалау көрінетін шығар мүмкін, – дейді арнайы мақсаттағы іс-қимыл тобының шекарашысы Жамбыл Малшиев. Бүгінде өз шаңырағында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған Жамбыл: «Өзім әкемнен ерте айырылдым, қысқа ғұмыр кешкенімен ол кісі бізге биік рух қалыптастырып, ешбір сынға жасымайтын мықты жігерл і бол уд ы бойымыз ға сіңіріп кетті. Үнемі айтып жүретін «Өтіріктің арты бір тұтам, өліп бара жатсаң да арамдыққа барма. Бүгін құтылғанымен ертең тұтылады. Жігіт жасымайды, көрген қиындығынан шыңдалады, қайраттанады» деген сөздерін өмірімде ұстанып келемін. Әке өсиетімен ұл-қыз тәрбиелеп отырмын. Ағам әскерге барып келгенінде «Мен қашан барар екенмін» деп қызыққанмын.  Кішкентай күнімнен спортқа жақын болып өстім. Сол спорттық жаттығуларға жақын болғанымның пайдасы әскери қызметке келуіме де септігін тигізді. Өзімнен кейінгі інілеріме де «Спорттық жаттығулармен айналысыңдар, ол өз өмірлерің үшін пайдалы. Әскери өмір ер баланы шыдамдылыққа, тәртіпке, жігерлілікке тәрбиелейді» деп ылғи айтып жүремін» дейді Жамбыл Арныстанұлы. Ал аға сержант Рүстем Нұрманов шекараны күзетуді арнайы мақсаттағы іс-қимыл тобында өтейтіндіктен шытырман оқиғаларға жиі кездесетінін айтады. – Әдеттегідей Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбенің таулы аймағында күзетте жүргенімде шекарадан заңсыз бір үйір жылқы айдап өткендер байқалып, бізге жедел ақпарат түсті. Бірнеше шақырым бұрынырақ алдынан шықтық. Олар атпен жүр, ал біз жаяумыз. Берілгісі келмей, біраз қарсыласты. Біз де аянбадық. Себебі шекарадан заңсыз өткендер елге қандай да бір қауіп төндіретіні белгілі. Ақыры ұсталатындарын білген соң қашты. Жылқымен қашқан оларды біз жаяу күйде қудық. Қанша қашқанымен құрықтадық. Бірақ айдаудағы жылқылары қашып кетті, заң бұзған адамдарды ұстадық. Әскери қызмет болған соң жылд ам ш ешім қабыл д ауға мәжбүрлейтін қиын жағдайлар көптеп кездеседі. Қауіппен де бетпе-бет келеміз. Кейде ажал төнген сәтте өзіңді де, өзгенің өмірін де, елдің қауіпсіздігін де қорғайтын жол табу керек болады. Міне, сондықтан әскерде темірдей тәртіп сақталады. Әскер қатарына барғысы келмейтін, тіпті сол жерден қашатын жастарға «Өмір – ұлы мектеп. Қиындықтан қашқанмен құтылмайсың, керісінше төтеп беріп, күресуге ұмтыл! Кедергілер кездессе, берілме, қарсы тұр. Сонда ғана моральдық жағынан да, физикалық тұрғыдан да шынығасың» дегім келеді. Қазір өз балаларымды да әкем берген тәрбиемен адалдыққа, қаймықпас қайсарлыққа тәрбиелеп жүрмін, – дейді.  Мектепті тәмамдаған соң 2003 жылы әскер қатарына шақырылып, Алматы облысында, кейін Семейде Отан алдындағы борышын өтеген Рүстем Талғатұлы шекарада қызмет етуге өзі сұранып келіпті. – Шекарашы болу бала күннен көздеген мақсатым еді. 2006 жылы әскер қатарынан келген соң бұрынғы 2035 әскери бөліміне қызмет етуге келдім. Міне содан бері осында шекара қызметіндемін. Әскери қызметті маған берілген үлкен мүмкіндік деп түсінемін. Отаныңды қорғау, өз еліңнің мүддесіне аянбай еңбек ету – зор мақтаныш, – дейді өжет ұл. Халқының алдындағы міндетін адал атқарып, сындарлы сәтте ерлік әрекетке барып, абыройға кенеліп жүрген әскерилердің ұстанымдары өмірге ынталандырады. Олардың қырағы көздері, қайсар әрекеттері ел іргесінің беріктігіне сенімді нығайтты. Лайым, солай болсын!

Қамар ҚАРАСАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар