Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Математика майталманы

Математика майталманы
ашық дереккөз
Математика майталманы
Биылғы қазан айында физика-математика ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Мұхтарбай Өтелбаев 80 жасқа толды. Осы мерейлі дата орайына алдымен Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың математика факультетінің кітапханасында ғылым докторлары, академиктер Тынысбек Кәлменов, Бақытжан Жұмағұлов бастаған мүйізі қарағайдай ғалымдардың қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Мұхаңның ғылымға қосқан баға жеткісіз еңбегі жайлы көп айтылды. Тіпті ғалымның алыс-жақын шетелдердегі әріптестері мен шәкірттері де онлайн режимде құттықтауларын жеткізіп жатты. Бұл жиынға академиктің туған жері – Қордай ауданынан да бірқатар азаматтар барып қатысып, жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізіп қайтқан еді.

Академик туған ауылында құрметке бөленді

Жуырда академикті Қордай ауданындағы туған ауылы Қаракемердегі Ә.Нүсіпбаев атындағы орта мектептің ұжымы арнайы шақырып құрмет көрсетті. «Математика – ғылымдар патшасы» тақырыбымен түзілген бағдарлама аясында математикаға қабілетті балалардың интеллектуальдық ойын сабақтары, логикалық есептерді, математикалық теңдеулерді шешуден жарысы қызықты да мазмұнды болды. Оқушылар ғалымға дайындаған түрлі сұрақтарына тұшымды жауаптар алды. Тіпті қызды-қыздымен академиктің өзі қолына бор алып, тақтаға небір күрделі есептердің шешу жолдарын жазып көрсетіп берді. Бұл кездесуге аудандық білім бөлімінің әдіскері Нәзира Сатылғанованың бастауымен аудан мектептерінің жас математик ұстаздары да қатысып, оқушыларды сабаққа қалай қызықтыруға болатыны, ғалымның ғылымдағы табыстарының сыры, ғылыми жаңалықтарының өмірде қолданылуы жайлы сұрап білді. Мектепте Өтелбаев атындағы математика кабинетінің ашылуы да мектеп тарихындағы айтулы оқиға болып қалары сөзсіз. Мектептегі кездесу ауылдық мәдениет үйінде жалғасып, академик барша жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді. Көрермендерге мектеп ұжымы дайындаған М.Өтелбаевтың өмір жолы жайлы слайд көрсетілді. Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай мерейтой иесіне аудан әкімі Мәден Мұсаевтың Құрмет грамотасын табыстап, «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Қ.Сәтбаев атындағы Қаз ҰТЗУ автоматика және ақпараттық технологиялар институты директорының орынбасары, РһD докторы Жұлдыз Кальпеева (Қаракемер мектебінің 1997 жылғы түлегі) университет ректоры Мейрам Бегентаевтың құттықтау хатын оқыды. Академиктің шәкірттері атынан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті Әбдімәлік Сағынбеков, ауданның Құрметті азаматтары Төле Сүгірбай, Әбдібек Сейілханов және басқалар естеліктерімен бөлісті. Той дастарқаны басында да ағыл-тегіл тілектер аз болмады. Соңында жерлестері өз ауылдарынан шығып әлемге танылған ғалымға ат мінгізіп, шапан жауып, ілтипат көрсетті. Атақты ғалымды туған жеріне шақырып құрметтеу шараларын ұйымдастырған мектеп ұжымына, мектеп директоры Гүлмира Самақова мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төреевке, материалдық қолдау көрсеткен ауыл кәсіпкерлеріне жұрттың алғысы шексіз болды. Ал әлем таныған Өтелбаев қандай құрметке де лайық еді. Осыдан отыз жыл бұрын да, яғни 1992 жылы күзде Мұхтарбай Өтелбаевтың 50 жылдық мерейтойы туған ауылы Қаракемерде нақ осылай кең көлемде аталып өткен болатын. Еліміздің тәуелсіздік туын көтергеніне әлі бір жыл да толмаған алмағайып кезеңнің ауыртпалықтарына қарамастан, жерлестері өз ортасынан шыққан ғұламаны төбесіне көтере құрметтеп еді. Сол ердің жасы елуінде-ақ кешегі кеңестік математиктердің алдыңғы шоғырынан көрінген ғалымның кейінгі отыз жылдағы тұлғасы бұрынғыдан да зорайып, биіктей түсті. М.Өтелбаев әлемдік деңгейдегі ғылыми мектептің негізін қалады, жеке өзі он екі ғылым докторын, бірнеше РhD докторын, сексеннен астам ғылым кандидатын өсіріп шығарды. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В.Садовничий көрген жерден «О, ұлы математик Өтелбаев!» деп құшағын жаятыны тегін болмаса керек. Қаршадайынан есепке жүйріктігімен танылған ауылдың қарапайым қарадомалағын табиғат берген ғажап дарыны өзі туып-өскен Қордайынан ғылымның шырқау биігіне бастады.

Мектепке 10 жасында барған

Қазір айтсаң, біреу сенеді, біреу сенбейді, 1942 жылы дүниеге келген Мұхтарбай соғыстан кейінгі ауыртпалықтың салдарынан мектеп табалдырығын он жасында аттап, жетінші сыныптан кейін Тоқмақтағы механика техникумында бір жылдай оқығанымен, отбасы жағдайымен оқудан қол үзіп, темір ұстаға, тракторшыға көмекші болып еңбекке араласты. Оқуын кешкі мектепте жалғастырған оның бойын математикаға деген жойқын құштарлық билеп алған-ды. Өзге механизаторлар май сіңген киімдерін басына жастанып, түскі астан соң сәл мызғып алуға қисайған кездерінде бұл қалтасынан қағаз, қаламын алып, қат-қабат сырлы алгебралық теңдеулер мен формулалар әлеміне бойлап кететін. Мектеп оқулығынан тыс қайдағы бір журналдардан қиып алған шым-шытырық есеп-қисаптарды боршалап жіктеп, талдап отыратын. «Көр де тұр, сенен әлі-ақ мынадай есепші, тіпті бұғалтыр шығады, бала» деп үлкендер арқасынан қағатын. ...1966 жылы кезекті сессия кезінде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жүргізген іріктеуге ілініп, Фрунзеден бірден Мәскеуге ауыстырылады. Осы атақты білім ордасын аспирантурасымен қоса бітіріп (1972 жылы), отыз алты жасында сол Мәскеуде «азулары алты қарыс» математика алыптарының алдында «Дифференциялық операторлардың спектрін бағалау және оларға байланысты енгізу теоремалары» тақырыбында докторлығын (1978 жылы) табысты қорғайды. Ол кезде Қазақстанда төрт қана математика ғылымының докторы болса, бесінші болып Мұхтарбай қосылды. Оның өздері ойлағандай «дыңдай бұғалтыр» емес, одан да зау биікке шырқап шыққанына күллі ауылдастары қуанған сонда.

Өз өтінішімен ректорлықтан бас тартқан

Ерек талантына сай бала кезден қалыптасқан еңбекқорлығы оны математика әлемінің төріне шығарды, есімін әлемге әйгіледі. Оның математикалық қызмет жолы 1972 жылдан басталады. 1972-1991 жылдары ҚР ҒА Математика және механика институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, арадағы 1984-86 жылдары Жамбыл педагогикалық институтының ректоры қызметінде болды. Бірақ ол басшылық қызметте ұзақ отырмады, бүкіл өміріне балаған ғылымнан қол үзгісі келмегендіктен өз өтінішімен ректорлықтан бас тартып, сүйікті ісіне қайта оралды. Академик шамамен екі жүз жиырмадай ғылыми мақала жариялаған. Олардың 70-тен астамы шетелдік жоғары рейтингке ие журналдарда әртүрлі тілдерге аударылып басылған. Үш монографияның, маңызды қолданбалы мәселелерді шешкендігі туралы бес патенттің иегері. Математика ілімінің жеті қат қыртысын тоңымен аударып, әлемдік деңгейдегі аузы дуалы математика алыптарының өзін мойындатқан қазақ ғалымының ғылымға қосқан үлесі орасан. Функционалдық талдаулар саласының ірі маманы теориядағы ең күрделі екі проблеманы: дифференциялық спектрге екі жақты шектеу формулаларын және меншік мәнге универсалдық формула болмайтынын дәлелдеген. Локальдау принципін ашып, коррект шекаралық есептеудің жалпы түрін жүйеледі. Тіпті Эйнштейннің салыстырмалы теориясына тың көзқараспен тұжырымдама да жасады. Оның қолы жеткен нәтижелері математиканың әр саласында жаңа перспективалы бағыттарға жол ашты. Ғалымның ғылымға қосқан өлшеусіз үлесін түсініп, бағамдай алу үшін биік өре, бәлкім, оның өзіндей үлкен математик болу керек шығар. Дегенмен бұларды қарапайым тілде түсіндіріп көрсек, сонау аэроғарыштық салада ұшақтардың жанармайын үнемдеу, оған сай сыртқы түрін өзгерту, мұнай-газ өндіруде жүйелі есептеуді жетілдіруден бастап, миллиондық халқы бар ірі қалалардың ауасын үздіксіз жаңартып тұру, тіпті бір тамшы сусыз-ақ кәдімгі қарбыздан мол өнім алуға дейінгі ізденістері талайлардың назарын аударып, әлемге тарап, тәжірибеге еніп жатқандары да бар екен. Өткен ғасырда 70-жылдардың соңы, 80-жылдардың басында профессор Өтелбаев әлемнің әр шалғайында өтіп жататын оператор теориясы жөніндегі мектептердің (Новосібір, Минск, Киев, Бюрокан, Алматы, Юрмала т.б.) халықаралық симпозиумдары мен конференцияларының басты баяндамашыларының бірі болды. Оның спектрлік теориясы мен функциялық таптар теориясындағы әзірлеген әдістері, әсіресе оның ұсынған арнаулы орташаландыру тәсілі математиканы дамытуға қосылған аса зор үлес болып бағаланып, осы еңбегі үшін 1990 жылы КСРО Ғылым Академиясы физика-математика бөлімінің арнаулы сыйлығы берілді. Ол кезде кеңестік математика ғылымының әлемде алдыңғы санатта болғанын ескерсек, Мұхаңның мұндай табыстары Қазақстан математика мектебінің де үлкен мақтанышы еді.

«Арманым – Түркістанда Түркі дүниесі математиктерінің мұражайын салғызу»

Қазақстан тәуелсіздігінің қиындықтары қат-қабатымен келген бастапқы тоқырау кезеңінде қаншама ғалым жерұйық іздеп, шетел асып кетті. Ал Өтелбаев туған жерден тамырын үзген жоқ. Оның аузынан тастамайтын нақылдары: «Ер – туған жерінде, ит – тойған жерінде», «Өзге елде сұлтан болғанша – өз еліңде ұлтан бол». Ғалым кешегі кеңестік дәуірдегі тәрізді, тәуелсіз Қазақстанның да математика әлемінің жарық жұлдызы саналады. 1991 жылдан ҰҒА Қарағанды қолданбалы математика институтының директоры, Аэроғарыш агенттігінің бөлім меңгерушісі, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қолданбалы анализ және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің функционалдық анализ және ықтималдықтар теориясы кафедрасының меңгерушісі, 2001 жылдан Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қолданбалы және есептеу математикасы кафедрасының профессоры, сонымен бір мезгілде осында Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы директорының орынбасары, ҚР БҒМ ҒК Математика және математикалық модельдеу институтының бас ғылыми қызметкері ретінде отандық ғылымның дамуына баға жетпес үлес қосумен келеді. Еліміздегі тағы бір көрнекті математик Асқар Жұмаділдаевтың бағалауынша: «Мұхтарбай қазақтың №1 математигі және ол кісіден көп шәкірт тәрбиелеген ғалым жоқ». 1989 жылдан Қаз КСР ҒА корреспондент мүшесі, ал 2004 жылдан ҰҒА академигі атанған ғалым тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан еліміздің «ҚР фундаментальді зерттеулер бағдарламаларына» қатысып, негізгі төрт жобаға жетекшілік етті. 2002-2003 және 2004-2005 жылдары Өтелбаев ғылым мен техникаға өлшеусіз үлес қосқан ғалымдар мен мамандар үшін тағайындалған мемлекеттік ғылыми стипендияның иегері болды. 2002 жылдың қорытындысы бойынша, «Алтын адам» конкурсының «Жылдың ғылыми қайраткері», Қазақстандағы «Жыл адамы» атағын жеңіп алды. 2004 жылы Тегеран қаласында «Ғылым және технология» аталымы бойынша экономикалық ынтымақтастық ұйымы сыйлығының лауреаты атанып, 2007 жылы Түркияның Сакария қаласында Түркі әлемі математиктері қоғамының вице-президенті болып тағайындалды. 2006-2010 жылдары «Жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» гранттарын жеңіп алды. 2007 жылы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында математика саласында дүние жүзінің ғалымдары «Өтелбаев функциясы» деген атпен мойындаған «Спекторлық теория және оның қолданылуы» тақырыбындағы жұмыстар циклі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ғылым мен техника саласы бойынша математиктерге берілген алғашқы сыйлық еді. 2012 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Мұқаң туралы аз жазылған жоқ. Тіпті қазақтың тағы бір заңғар математик ғалымы, ҚР ҰҒА академигі Тынысбек Кәлменовтың орыс тілінде «Мухтарбай Отельбаев. Взлет самоучки к вершинам науки» деген кітабы да жарық көрген. Ал көптеген шәкірттерінің қай-қайсысы да ұстазын пір тұтады, онымен орынды мақтанады. Жуырда атақты қазақ ғалымымен оның Алматы маңындағы үйінде зайыбы бабына келтіре демдеген шай үстінде сұхбаттасудың сәті түсті. Сексенге келген жасына қарамай ағамыз тың, жүріс-тұрысы ширақ, әңгімеге де құлықты екен. Пандемиядан бері онлайн режимде жұмыс істеп, көбінше осылай үйде болатын көрінеді. Әйтпесе бірнеше жерде қызмет ететін оны «ұстау» оңай емес-ті. Мәскеуде тоқыма өнеркәсібі иниститутын бітірген, осы салада қазақ қыздары арасында тұңғыш кандидаттық диссертация қорғаған зайыбы Кәмшат апай Мұхаңның алаңсыз жұмыс істеуіне бар жағдайды жасап отыр. Қыздары Ділдаш іссапарда екен. Академикке алғашқы сұрағым оның 2014 жылы еліміз үшін «эврика» саналған әлемдегі ең қиын жеті есептің бірін шешкені жайлы болды. – Иә, бір ғасырдай бұрын шешімін ғылыми жолмен табу ұсынылған әлемде күрделі жеті есеп болса, оның бірі – «Наве-Стокс» теңдеулерімен мен қырық жылдай айналысып келемін. Бертінде АҚШ-тың әйгілі Клэи математика институты 2000 жылы есептердің әрқайсысының дұрыс шешіміне бір миллион АҚШ доллары көлемінде бәйге жариялады. Сол жеті есептің бірі – Пуанкаре гипотезасының шешімін ресейлік ғалым Перельман тапты. Ал менің біраз өмірімді арнаған «Новье-Стокс теңдеулерінің мықты шешімінің болуы» деген еңбегім Ресейдің «Математический журнал» басылымының 2013 жылғы №4 санында жарияланды. Бұл – сұйықтық пен газдың қозғалысына арналған есеп, тайфун, цунами тәрізді табиғи құбылыстардың пайда болуын, қозғалыс қайдан басталып, қайдан аяқталатынын анықтауға мүмкіндік беретін теңдеу. Ұзақ жылдарда бірде қателесіп, бірде жолын тауып осы еңбекті аяқтадым. Қазір ашылған жаңалықты жеткізу де оңай емес қой. Шешім әлем тілдеріне аударылып, дүниежүзілік математиктер қоғамында мойындалуы керек. Ал оған біраз уақыт кетуі мүмкін. Өз басым есептің дұрыс шешілгеніне сенемін. – Есеп дәлелденіп, 1 миллион долларды алсаңыз неге жұмсар едіңіз? – Түркістанда түркі дүниесі математиктерінің мұражайын салғызар едім. – Қазір немен айналысып жүрсіз? Бос уақытыңыз бола ма? – Үш-төрт жерде қызмет етемін. Алматыдағы халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде, ҰҒА Математика институтында, ҚазҰУ-да лекциялар оқып, ғылыми жобаларға қатысып, диссертацияларға жетекшілік етемін. Тіпті Астанадағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалы директорының орынбасары деген лауазымым да бар. Филиалды әуелде құруға қатысқандықтан мені олар әлі босатар емес. Ал бос уақыт бола қалса домбыра шертіп, теледидардан жыр-термелер тыңдап немесе бау-бақшада біраз күйбеңдеуді ұнатамын. Жеңешеңнің ермек қылып жүрген бес-алты сүтті ешкілері бар, бір уақ оларға да жем-суын беріп қоямын.

«Қазақтар жаратылысынан есепке жүйрік»

– Қазақ математикасы қазір қай деңгейде? – Қазақта мықты математиктер қай кезде де болған. Жалпы үйірлі жылқы, отарлы қойды көз мөлшерімен-ақ ойша дәл санап үйренген қазақтар жаратылысынан есепке жүйрік халық болған ғой. 1934 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, атақты ғалым Л.Канторовичтің жетекшілігімен «Интегралдық теңдеулерді жуықтау шешу» деген тақырыпта кандидаттық қорғаған тұңғыш қазақ Ибадулла Ақбергенов еді. Сталиндік репрессия осындай мықтыларды аяусыз отап кетті. Кейін Асан Тайманов, Орынбек Жәутіков, Төлебай Аманов, олардың ізін басып Базарбай Оразбаев, Құлжабай Қасымов, Өмірзақ Сұлтанғазин тәрізді алыптар шықты. Одан да кейін Тынысбек Кәлменов, Рысқұл Ойнаров, Асқар Жұмаділдаев, Мұсахан Мұратбеков, Уалбай Өмірбаев, Шалтай Смағұлов (марқұм), басқа да ірі ғалымдар еліміздің мақтанышына айналды. 1991 жылы Қытайда өткен Дүниежүзілік конгресте жарияланған айтулы мың математиктің 20-ға жуығы қазақтар болуы – біз үшін үлкен жетістік. – Олардың ішінде өз шәкірттеріңіз бар ма? – Әрине, бір ғана академик Рысқұл Ойнаровтың өзі не тұрады. Менің бұл шәкіртім «Ойнаров ядросы» деп аталатын керемет жаңалық ашты. Сондай-ақ Қ.Мыңбаев, М.Мұратбеков, Л.Құсайынова, Қ.Оспанов тәрізді оннан аса ғылым докторының әрқайсысының ғылымда жеткен өз биіктері бар. Жаңа танылып келе жатқан Сұраған Дөрбөтхан секілді ой-санасы мықты, алымды жастар да баршылық. Қазіргі сүт бетіне шыққан көрнекті қазақ математиктерінің жартысынан астамы академик Тынысбек Кәлменов екеуміздің шәкірттеріміз. Айтпақшы, математиктер туралы сөз қозғағанда біздің Қордайдың тумалары академик Жұмаділ Байгөншеков, Сәрсенғали Әбдіманапов, Семетей Жусанбаевтай ғылым докторларын ұмытуға болмас. Менің өзіме де, шәкірттеріме де қоятын талабым – таза жүру, не болса соған былғанбау, халыққа неғұрлым адал қызмет ету. – Еліміздегі жағдай туралы не айтасыз? – Президент Қ.Тоқаевтың жуырдағы Жолдауында Қазақстанды жаңартуға жол ашатын көптеген жақсы ойлар, тың жобалар айтылды. Мәселе соның іске асуында ғой. Мені бір жай қатты алаңдатады. Кезінде осыдан 100-150 жылдан кейін қандай ұлттар мәңгі ел болып сақталатыны туралы ағылшындардың зерттеуін оқығаным бар. Қазақ халқы бұл тізімге енбеген. Өйткені тілінен, мәдениетінен ажыраған халық бірте-бірте ұлттық келбетінен де айырылады деген қағида бар. Қазақ халқының жер аумағы үлкен, бірақ халық саны аз және тілін қолданыста ұстамағандықтан жоғалып кететін халықтардың қатарында деп жазып қойған. Ойласаң қорқынышты, ана тіліміз шын мәнінде мемлекеттік тілге айналмаса, еліміз егемендігінен айырылатыны күмән тудырмайды. Сондықтан қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін нығайту, ұлттық құндылықтарымызды барынша насихаттау керек. Ғылымды дамытуға еселеп күш салынуы керек. Қазір компьютер ғасыры, алда роботтар ғасыры келеді. Еліміз көштен қалып қоймаса деймін. Математикалық білім – ол халықтың интеллект деңгейінің басты көрсеткіші. Ал интеллектісі жоғары халықтың алға озатынына күмән жоқ.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар