Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Айлықақыға емес, халықтың алғысына жұмыс істедік»

«Айлықақыға емес, халықтың алғысына жұмыс істедік»
ашық дереккөз
«Айлықақыға емес, халықтың алғысына жұмыс істедік»
Ауылдық жердің күйбең тірлігі де, түйінді мәселесі де өмірі бітпейтіндей көрінетіні рас. Ұсақ-түйек шаруаны айтпағанда, елді мекенге газ, ауызсу құбырын тарту, жол жөндеу, мектеп, балабақша іспетті әлеуметтік маңызы бар нысандар салу секілді халықтың басқа да талап-тілегін орындау маңызды мәселе. Сондықтан да қазіргідей халықтың таңдауымен ауылдық жерге әкім болған азаматтар тұрғындар артқан сенімді ақтау үшін абыройға жұмыс істейтіні белгілі. Осы тұста айта кетер бір жайт, бүгінде ел басқару ісіне етене араласып жүрген жастар өз өңірімізде де баршылық. Соның бірі – Мойынқұм ауданы Мойынқұм ауылдық округі әкімінің орынбасары Жоламан Шаяхметов. Жас басшымен сұхбаттасу барысында ол өзінің жаңа жоспары мен өміршең идеясына сай туған ауылын гүлдендіріп-түрленту жайын әңгімелеген еді. – Жоламан Керімбекұлы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында еліміздің жаңа бағытын бағамдағанын білесіз. Сіздің жас азамат ретіндегі бұған пікіріңіз қандай? – Мемлекеттік қызметте жүргендіктен, менің ойымша, Жаңа Қазақстанды жаңа кадрлармен құрған дұрыс сияқты көрінеді. Сонда бәрі де жаңаша бағыт алар еді. Және жаңа құрамға жалынды, бастамашыл, озық ойлы жастарды көптеп тартса екен деймін. Бұл еліміздің өсуіне, өрлеуіне үлкен септігін тигізер еді. Бұл үлкен кісілерді шеттету деген сөз емес. Тәжірибелі, өмірде көргені көп жасы үлкендерді ұстаз ретінде қалдырып, қызметтің негізгі өзегіне жастарды қойса, тың идеялар мен көпке пайдалы істер қарқын алар еді. Үлкендер болашақ жастардың қолында екенін мойындап, оларға білгенін үйретіп, жаңа бастамаларына қолдау көрсетсе екен. Алда келе жатқан сайлау да әділ өтіп, халықтың игілігі жолында аянбайтын, елдің көңілінен шығып, еңбек ететін, нағыз парасатты адам сайланып, қазақтың көшін өркениеттің биігіне бастаса екен деген ниетпен осы саяси істен игі жаңалықтар күтемін. – Мемлекеттік қызмет сізді несімен қызықтырды? – Мен үшін мемлекеттік қызмет халыққа қызмет ете жүріп, өзіңді ұстамдылыққа тәрбиелеудің тұтқасы. Себебі халыққа қызмет еткендіктен барынша ұстамды, мәдениетті қарым-қатынаста болуға міндеттісің. Міндеттелген нәрсе бойыңа әдет болып сіңетіні белгілі. Ал кішіпейілділік, әдептілік адамның бақытты өмір сүруі үшін қажеттінің бірі. Осы Мойынқұм ауылындағы орта мектепті 4 пен 5-ке бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алып, Алматы Технологиялық университетіне «Технологиялық машиналар және жабдықтар» мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен түстім. Онда да жақсы оқып, жоғары стипендия алдым. Оқуымды 2016 жылы бітіріп, ауылға келдім. Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен 6 айлық жұмысқа тұрдым. Айта кетейін, бұл бағдарлама талай жастың еңбек жолын сәтті бастап, тәжірибе жинауына үлкен септігін тигізді. Алғашқы айлығым 28 мың теңге болған, ол да әлі күнге есімде. Міне, осылай 6 айлық жұмыста жүріп, мемлекеттік қызмет туралы көп мағлұмат білдім. Мені жаңа айтқанымдай, жақсы жақтарымен қызықтырды, сондықтан оған қалай кіру керектігін сұрастырып, тест тапсыруға дайындалдым. Сынақтан өткен соң мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істеген 6 ай мерзім аяқталған бойда, яғни 2017 жылдың 6 қаңтарында аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы болып жұмысқа орналастым. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолым осы күннен басталды. Осы бөлімде 3 жарым жылдай жұмыс істедім. Әрине, бастапқыда біраз қиындықтар кездесті. Осы жұмысқа келгенімде бөлім басшысы жұмыстан шыққан болатын. Бас маман дүниеден озған. Жаңадан келген жас маманға істің қыр-сырын айтып, бағыт беретін дәл сол бөлімде тәжірибелі адам қалмады. Бөлім басшысын да жаңадан тағайындады. Бұрыннан жүргізіліп келе жатқан үрдісті ары қарай іліп әкету маған ауыр соқты. Мемлекеттік қызметтің өзі үлкен жауапкершілік. Құжаттарды жоғары жақтағыларға тапсырғанда көбі бала деп қарайтыны тағы бар. Әйтеуір сабыр сақтап, бәріне төзіп, тынымсыз еңбектенумен, шүкір, сол сыналған шақтардан да абыроймен өттік. Қазір ойласам, бірден сондай жерге түскенімнің өзі жақсылыққа бастаған екен. Себебі мені ысылтты, ширатты. Қолымнан іс келетінін көрсетуге мүмкіндік болды. – Сондай сәтте сізге кім ұстаздық етіп, жол нұсқады? – Жаңа айтқанымдай, мен жұмысқа орналасар алдында жұмыстан шыққан Мойынқұм ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы болған Марат Қожахметов есімді білікті маман көп көмектесті. Үйіне барып, ақыл-кеңес алып жүрдім. Нені қалай жасау керек, қай құжатты қалай рәсімдеу керек, бәрін-бәрін үйретті. Ол кісіні мемлекеттік қызметті алғаш бастағандағы жол көрсеткен ұстазым деп білемін. Ол уақытта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы өте төмен болатын. Аудан әкімдігінің бөлімінде бас маман болғанымдағы айлығым 58 мың теңге еді. Бірақ біз айлық үшін емес, шын мәнінде, халықтан алғыс алу үшін күн-түн демей жұмыс істедік. Мысалы, салыстырмалы түрде айтар болсам, Алматыда студент болып жүргенімде сабақтан тыс уақытта жұмыс істедім. Сонда 21 мың теңге шәкіртақы аламын және қосымша жұмыстарымнан алатын айлықтарым бар, сондағы табысым бас маманның жалақысынан бірнеше есе көп еді. Біз жаңадан ауданда жұмыс істеп бастаған кездерде бірқатар замандастарым айлықтың аздығынан жұмысын тастап, қалаға барып жұмыс істейтін. Мен болашағымды осы мемлекеттік қызметпен байланыстырғандықтан кетпедім, төздім, сабыр сақтадым. Кейін 2019 жылдың тамыз айында бұрын өзім «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен қызмет еткен бөлімге сектор меңгерушісі болып ауыстым. Алдыңғы жұмыс істеген бөлімдегі қызметке ұқсас болғандықтан жаңа қызметімді тез игеріп кеттім. Мұнда да 1 жыл еңбек етіп, қазіргі Мойынқұм ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметіне келдім. Бұл қызметке мені аудан әкімдігінің кадр бөлімі ұсынды. Туған ауылымды көркейтуге қолымнан келгенінше өз үлесімді қосайын деген ниетпен ұсынысты қабылдадым. Маған сеніп тапсырылған міндетті, үмітті ақтауға барымды салып жүрмін. Мені мұнда көп ойландыратыны, жаныма бататыны – жастардың көбінің қалаға кетуге құлшынысы жоғары болуы. Сондықтан бізде халық санының өсімі аса жоғары емес. Мысалы, өз сыныптастарым 10 бала болсақ, соның екеуі ғана осында жүрміз, басқасының барлығы еліміздің әртүрлі қалаларында жүр. Әрине, замандастарымды түсінемін, ауданымыз облыстың басқа аймақтарымен салыстырғанда қашықта, инфрақұрылымды жеткізуде кедергі көп. Шүкір, қазір жол жақсарды, құрылыс салынды. Дәл қазіргі уақытта ауданымыздағы мәселе – газдың жоқтығы. Көмір тасу қиын. Өз ауданымызда көмір сататын база жоқ. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін барлық елді мекендерді газбен қамту жоспары бар ғой, содан үміттіміз. Одан бөлек жастарды ауылға тартатындай қызықты ойын-сауық орталықтары жоқ. Дегенмен келер күннен күтетін жүйелі жоспарлар бар. Бұйырса, жақсы жұмыс жемісті нәтижесін берері анық. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар