Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАРИХИ ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

ТАРИХИ ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ
ашық дереккөз
ТАРИХИ ШЫНДЫҚТЫ АШУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ
Мың өліп, мың тірілген қазақтың басынан не зұлматтар өтпеді десеңізші?! Ноғайлы болып аңыраған, Отырар болып қаңыраған, Ақтабан болып шұбырған қазақты кімдер шаппаған?! Қазақстандағы тұңғыш репрессия 1928 жылдан басталды. Өйткені 1925 жылы Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1-хатшысы болып келген Ф.И. Голощекин республиканың саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайымен танысқаннан кейін «Қазақстанға Ұлы қазан революциясының ешқандай ықпалы болмады, сондықтан мұнда «Кіші қазан» революциясын жасау керек» деген теріс қорытындыға келіп, республикада репрессиялық шаралар жүргізе бастайды. Ол ең алдымен зиялыларға ауыз салды. 1929-30 жылдары ұжымдастыру науқаны көшпелі, жартылай көшпелі халықты отырықшылыққа көшіреміз деген сылтаумен өте тұрпайы жүргізілді. Аздаған малы бар орта шаруалардың өзін қудалап, мал-мүлкін тартып алды. 5 мыңнан астам адамды жер аударды. Ұжымдастыруда мақсатты геноцидтің барлық белгілері болғанын атап өткен жөн. Қазақ қоғамының дәстүрлі экономикалық негізі – мал шаруашылығы жойылды. Үй жануарларының саны едәуір азайды, ал отаршылдық режим тонаудан айтарлықтай экономикалық пайда ала алмады. Малдың қырылуына байланысты ашаршылық салдарынан қазақ ұлтының орны толмас шығыны кем дегенде 40 пайызды құрады. Олардың орнына жер аударылған өзге ұлттар қоныстанды. Коммунистік террор Қазақстандағы этникалық, экономикалық және мәдени жағдайды толығымен өзгертті. Кеңес өкіметінің қолдан күштеп ұжымдастыруымен қазақ жерінде бір емес, үш бірдей ашаршылық болды. Ұзақ жылдар бойында КСРО басшылығы ашаршылықты, қуғын-сүргінді, басқа да қылмыстарын барынша жасырып келді. Тарихты өздігінше жазып, бұрмалады, шындықты айтқандардың үнін өшірумен болды. Соның бірі ашаршылыққа қатысты. «Ол әдейі қолдан жасалған жоқ, бұл ұжымдастыру науқаны барысында орын алған асырасілтеушілік пен қателік қана» деп қызыл империя өздерін ақтауға тырысты. Еліміз егемендікке қол жеткізіп, еңсесін көтергенше бұл тақырыпты қозғау мүмкін болмады. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары жайлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында былай дейді: «Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда халқымыздың саны қазіргіден әлденеше көбірек болар еді...». Бүгінде тарихымыздың осы қайғылы кезеңін толық әрі жан-жақты зерделеуге мүмкіндік туып отыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелерін жан-жақты зерделеу және шешу мақсатындағы қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығымен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде» мемлекеттік комиссия құрылды. Қазіргі таңда өңірлерде бірнеше тақырыпта кіші жұмысшы топтары құрылып, жұмыс жасап отыр. Соның бірі – «Саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылық саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындарды, дәстүрлі дін өкілдерін зерттеу жөніндегі жұмыс тобы». Жұмыс тобы 2021 жылы Талас, Сарысу аудандарына, 2022 жылы Шу, Меркі аудандарына, Алматы қаласына іссапарларға шығып, көптеген мәліметтер жинақтады. Соның нәтижесінде саяси қуғын-сүргін кезіндегі түрлі зорлық-зомбылықтар әшкереленіп, саяси науқандар мен аштық кезінде Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған босқындар, ашаршылық жылдары құрбан болған азаматтардың жерленген жерлері анықталды. Саяси қуғын-сүргін құрбандары және ашаршылық жылдары құрбан болған азаматтардың жерленген жерлерін анықтау бойынша Талас, Сарысу, Шу, Меркі аудандарына жүргізілген бірнеше экспедиция барысында төмендегі жайттар анықталды. Талас ауданында ашаршылық құрбандары жерленген қорымдар көптеп кездеседі. Олар – Тамды әулие бастауы (Қаратау қаласы), «Қараой», «Қызылжалау» қорымдары (Қаратау ауылдық округі), «Осидайн» (Талапты, Жиембет ауылының аумағы, Бостандық ауылдық округі), Үшарал ауылының орталығындағы қорым, Талас көпірі маңындағы Шайтанкөл аумағы, Ақкөл ауылдық округі Ақкөл ауылынан солтүстік-батысқа қарай бес шақырым жердегі бұрынғы Сталин колхозының орны, оңтүстік-шығыс аумағында жатқан Домалақ көл, Шатура алқабы, Ойық ауылдық округіне қарасты Сейілбек ауылының маңындағы «Жанқозы қорымы», «Қарақожа» мешітінің маңы. Ойық ауылындағы «Ноғай ишан» мешітінің маңы. Үшарал ауылының орталығындағы қорымда сол ашаршылық жылдары қайтыс болған азаматтардың денелері жатыр. «Жанқозы қорымының» ортасында ескі қорымдар көп. Оның үстіне бір ғасырлық тарихы бар «Қарақожа» мешіті ашаршылық жылдары қойма болғаны белгілі. Яғни осы аумаққа жақын елді мекендердегі ағайынның ағылып келіп, күнкөріс қамымен төңіректегені белгілі. Мешіт маңындағы қорымда да қаншама ашаршылық құрбандары жатыр. Ал Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы осында жерленген. Ол – саяси қуғын-сүргін құрбаны. Меркі көтерілісіне қатысушы. Жарақат алғаннан соң нағашыларын жағалай келіп, осында қайтыс болған. Сарысу ауданының аумағында орналасқан Қарамеңді, Әулиеқұм деген жерде ашаршылық жылдары қайтыс болғандардың жерленген қорымдары және Арал, «Сыздық қожа» мешіттері аумағында да осындай қорымдар бар. Сонымен қатар Тоғызкент ауылынан батысқа қарай 15 шақырым қашықтықта Жаманқұм деген жерде ашаршылық құрбандары жерленген. Тіпті уақытында Сәкен Сейфуллин осы аймаққа келген кезде Балабек, Қарабек деген кісілер сол кісімен уақытын бірге өткізген екен. Сарысу ауданы бойынша 1928-1938, 1950-1953 жылдар аралығында алуан сипаттағы қуғын-сүргін құрбандары ретінде анықталған 170 азаматтың тізімі бар. Ал аудандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары кешеніндегі тақтаға 208 азаматтың тізімі жазылған. Сондай-ақ жоғарыдағы тізімдегі 170 азаматтан тыс 38 адамның аты-жөні «Жазықсыз жазаланғандар» жинағында қамтылып, есімдері «Мерзімді жылға сотталғандар» мен «Ату жазасына кесілгендер» тізіміне енгізілген. 2022 жылдың 6-10 маусымы аралығында «Дәстүрлі дін өкілдері – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі жұмыс» тобы (топ жетекшісі «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков) Шу ауданында болып, аудандағы көнекөздермен кездесіп, ашаршылық жылдары қырылған азаматтар мен Қазақстанға күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдерінің қорымдарын анықтау бойынша деректер жинады. Мұнда белгілі журналист Ахметжан Қосақов, әзірбайжан, түрік, күрд этномәдени орталықтарының жетекшілері Гульханум Насруллаева, Бинали Тагиров, Усен Алиев, Е. Бекмаханов атындағы орта мектеп директры Азиза Естаева, Жаңажол ауылы, Б. Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Вагиф Мирзаевтарға жолығып, көп деректер алды. 1940-1944 жылдар аралығында Қазақстанға күштеп көшірілген халықтардың тағдыры сан қилы.Экспедияция барысында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен топ өкілдері жергілікті өлкетанушы және осы өңірге депортацияланған, яғни күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдерімен кездесті. Кездесуде облыстық комиссияның атқарып отырған жұмысының маңыздылығымен таныстырып, жер-жерден тың деректер жинау әлі де болса ертеңгі ұрпақ үшін керек екендігін айтып өттік. Басқосуда журналист, өлкетанушы Ахметжан Қосақов өзіндегі бар деректермен бөлісті. Ал саяси қуғын-сүргін құрбаны, Е. Бекмаханов атындағы мектептің директоры Азиза Естаева өзінің аталарынан естіген естеліктерін алға тартты. Ол мүмкін болса ашаршылық құрбандары жерленген жерлерге белгі орнатуды, оны Шу қаласы мен аудан орталығы Төле би ауылының ортасындағы күрежолдың бойында тұрған Асуан әулие тұсына қоюды ұсынды. Экспедиция барысында Саудабай қажының тікелей ұрпағы, «Асыр» шаруа қожалығының жетекшісі, аймаққа белгілі азамат Бақтыбай Саудабаев пен бауыры, кәсіпкер Бейсехан Бұланбаев Шу өзенінің оң жағында Жайсаң тауларының бір сілемін алып жатқан «Асыр сазындағы» жалғыз тұрған Саудабай қажының мазарына алып барды. Бақтыбай Сабырұлы саз тарихын таныстырды. Биікте тұрған кесене аумағы қоршалған екен. Оны Бақтыбай Саудабаев 2017 жылы қоршапты. Кесене аумағында кесек кірпішпен қоршалған қорым бар. Табиғи құбылыстан ол қоршау мүжілген. Дегенмен бұл Саудабай қажының қорымы екендігі анық. Шығыс беттегі кесененің астындағы ұрада адам сүйектері шашылып жатыр. Мәліметтерге сүйенсек, мұнда 27 бассүйек бар, склеп отбасылық емес, сондай-ақ жалпы аштық құрбандары жерленген деуге негіз бар. Қайрат Ұзақұлы сөз еткендей, «бұл мазар ашаршылық тарихындағы сирек құбылыс, бірден-бір материалдық ескерткіш. Аштықтан қырылған халық көп жағдайда көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны белгілі. Сондай жағдайда салынған мазар адами қалыпты сақтап қалуға бағытталған жанталастың Шу бойындағы, тіпті еліміздегі бірден-бір көрінісі, символы болып табылады». Мазар ашаршылықты айғақтайтын еліміздегі бірден-бір ескерткіш ретінде алдын ала мемлекеттік есепке алынды. Ендігі мақсат – республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекет қарауына алынуы тиіс. Бұл мазар «Саудабай кесенесі» ретінде тіркеліп, есепке алынып, басына тақтайша қойылды. Саудабай қажы кесенесінің есеп карточкасы жасалды. Биылғы 25-29 шілде аралығында топ мүшелері Меркі ауданында іссапарда болып, аудан әкімдігінде ауыл қариялары, зиялы қауым және этномәдени орталығы өкілдерімен бас қосып, жұмыс барысын таныстырып, бағыт-бағдарын анықтап алды. Расында, Меркі – тарихқа бай өлке. Өткен ғасырдың басындағы тарихи-саяси науқандардың бел ортасында жүрген Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, Қ. Сарымолдаев, тағы да басқа Алаш ардақтыларының тағдыры бұл өлкемен тығыз байланыста болған. Қала берді Меркі көтерілісі, осындағы балалар үйіндегі балалардың тағдыры, Қырғыз ауған қазақтардың ауыр жолы, тағысын тағы талай тарихи деректер мен әңгімелерге негіз болғаны белгілі. Тіпті тәуелсіздік алған алғашқы жылдары аудан орталығында тұрған Лениннің ескерткішін алғанда астынан адам сүйектері шығыпты. Бұл ашаршылық құрбандарының сүйегі немесе жаугершілік заманда қырғында мерт болған батырлардың мәйіттері болуы мүмкін. Тарихи «Меркі қамалы» туралы да аңыз аз емес. Сондықтан Ұлы Жібек жолы бойындағы Меркі тарихы – орны бөлек шежіре. Осы аймақтағы белгілі өлкетанушылар Сейсен Қожеке, Әли Бекұлы, көпті көрген ел ағалары әлі де тың деректер беретініне сенеміз. Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев, кеңес төрағасының орынбасары, өзбек этномәдени орталығы жетекшісінің орынбасары Насырхожа Махмудов, белгілі журналист-ардагер Серік Құралбаев, «Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Гулаға Джамалов, Меркі ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Нәметқұлов, Сәрсенбай Әпсетов біраз тарихи деректерді алға тартып, уақытында қариялардан естіген әңгімелерімен бөлісті. Байсейіт Жылысбаевтың айтуынша, 1927 жылы Меркіде «Ардом» (Арестантский дом) құрылыпты. Онда ірі байлар, молдалар қамалған көрінеді. Сәрсенбай Әпсетовтың айтуынша, жуырда Германия мемлекетінен екі азамат осында ата-бабаларының қорымын іздеп келіпті. Ауыл үлкендерінің сөзіне сүйенсек, Аспара-2 бөлімшесіндегі қорым уақытында қазақ жеріне күштеп жер аударылған неміс және өзге де ұлт өкілдерінің қорымы болуы мүмкін. Өйткені әлгі неміс бауырлардың атасы сонда жерленіпті. Экспедицияның барысында «Хазар» әзербайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гулаға Джамалов бір құжат ұсынды. Оны оған осыдан 40 жыл бұрын Санкт-Петербургтан бір танысы әкеліп берген екен. Расында, бұл – тарихи құжат. Шекесінде «Акц. Общ. ФРИДИХЪ ПУЛСЪ въ Варшавъ рекомендуетъ о-д-е-колоны: рояль – голландскій – дю мондъ элеганъ» деп жазылған құжатта елді мекендердің тарихы көрсетіліпті. Құжатта 1875 жылғы деректер жазылғанына қарағанда, осы өңірге келген экспедиция өкілі немесе отарлау саясатын ұстанған Ресей офицерінің жазбасы болуы әбден мүмкін. Құжат тек 227-228- беттерді ғана қамтыған бір ғана парақ қағаз. Аудан орталығындағы тарихи нысанның бірі – Жүніс молда мешіті. Сонау 1949 жылы Сталиннің қаһарынан қорықпастан Мәскеуге хат жазып, мешіт ашуға рұқсат алуды ұйымдастырған Жүніс молда Жасұланұлы болатын. 73 жылдық тарихы бар мешіт одан бергі аралықта талай жөнделіп, құрылысы өзгерген. Дегенмен бүгінгі ұрпақ ұмытпас үшін мешіттің алдындағы алаңшадағы мәрмәр тасқа «Бұл мешіт 1949 жылы ашылған. Ашу үшін Мәскеуден рұқсат алуды ұйымдастырған, мешіттің қабырғасын өз қолымен қалаған, алғашқы имамы болған Жасұланұлы Жүніс молда болатын. Мешіт Меркі, Луговой аудандарының халқына қызмет істеді. Осы екі ауданның қайырымды жандарының қаржылай қолдауымен 1983 жылы қайта салынды. Осы мешітте 1990 жылы медресе ашылып, 10 жыл ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп 300-ден аса шәкірт оқыды, имамдар даярланды. 2000 жылы «Мәдениет жылы» аталуына орай қасиетті орынға айналған мешітке Жүніс молданың есімі берілді» деген жазу жазылған. Жалпы аудан орталығында шіркеу, Меркі теміржол вокзалының ғимараты сияқты тарихи нысандар көптеп саналады. Сондай-ақ ауыл тұрғындары орыс-шіркеу училищесінің орны мен жоғарыда сөз болған «Ардом» (Арестанский дом) орындарын да анықтауға болатынын айтып, мүмкін болса осы ғимараттарды сақтап қалуды ойлаған дұрыс шығар дейді. Топ мүшелері біраз тарихи нысандарды аралап та көрдік. Көңіл толмағаны Меркі теміржол вокзалы болды. Тіпті ағымдағы жөндеу де көрмеген. Сөйтсек, бұл нысан «Қырғызстан теміржолына» қарайды екен. Аудан орталығы Меркі ауылының оңтүстік-шығыс жағында қорым бар. Қорым – зұлматты жылдары Қазақстанға күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдерінің қорымы. Қоршалған және арнайы тақта ілінген. Тақтада «Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға депортацияланған (1941-45) кавказ және өзге де ұлт өкілдерінің қорымы. Қоршау 58 жылдан кейін патриот-интернационалист Керімбаев Лес Жарылғасынұлының бастамасымен, ата-анасы соғыс және еңбек ардагерлері – Жарылғасын Керімбаев пен Ұлбөпе Зукенованың ұсынысымен 1997 – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы құрметіне орнатылды. 2000 жыл. Мамыр» деген жазу бар. Ал Қызыл дихан ауылынан арнайы келген Орынтай Төлебаев, Есен қажы Ниязбеков, мешіт қызметкері Ержан Ошақбаев және Мақсат Килеубаев ауыл маңындағы «Естай тал» аталып кеткен жердегі «Қызтуған бейіті» бүгінде егістіктің ортасында қалғанын айтып, оны қоршау мәселесін көтерді. Расында, қорым бүгінде егістің ортасында қалған. Ауыл азаматтарының айтуынша, қырғыз еліне ауған ауылдастардың дені туған жеріне өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында орала бастаған. Яғни сол буынның ата-бабасы осы қорымға жерленгенін ескерсек, онда бұл қорым ескі қорым болып тұр. Топ мүшелері аталған қорым аумағына арнайы белгі қою жөнінде зерделеу жұмыстарын жүргізді. Тарихи шындықты ашып, әділдікті қалпына келтіру, жазықсыз жапа шеккендерді ақтау – егемен еліміздің бүгінгі ұрпақтарының қасиетті борышы.

Қуаныш Дәурембеков, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің директоры Ақмарал Қартабаева, дирекция маманы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар