Жаңалықтар
Президент Маңғыстау өңірін жан-жақты өркендету жолдарын айтты
- author AR-AY
- 7 қараша, 2022
- 140
Президент Маңғыстау өңірін жан-жақты өркендету жолдарын айтты
Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау жұртшылығымен кездесуде аймақты дамыту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Былтыр осында арнайы келіп, облысты дамыту туралы ауқымды жиын өткіздім. Үкімет пен әкімдікке Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырдым. Құжат қабылданып, оны жүзеге асыруға тиісті қаражат бөлінді. Өңірдің бәріне бірдей арнайы жоспар қабылданып жатқан жоқ. Осының өзі Маңғыстау жұртының тыныс-тіршілігін жақсартуға айрықша мән беретінімізді көрсетеді. Ендігі міндет – бұл жоспарды мүлтіксіз орындап, өңірді көркейту. Тоғыз жолдың торабында тұрған қазыналы өлкені жан-жақты өркендетуге толық мүмкіндік бар. Маңғыстау облысы қай тұрғыдан алып қарасақ та, ерекше аймақ», - деді Мемлекет басшысы халықпен кездесуде.
Оның айтуынша, Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажет.
Бұл аймақ Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтуға орасан зор үлес қосты. Мұнда еліміздегі мұнайдың төрттен бірі өндіріледі.
Мұнай-газ саласымен қатар облыста экономиканың өңдеу өнеркәсібін дамытуға мол мүмкіндік бар.
«Қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру. Сондай-ақ, терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет. Мен бұл туралы Үкімет жиындарында, өңірлерге барған кезде үнемі айтып жүрмін. Барлық әкімдер осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған маңызды міндет», - деді Президент.