Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОСЫ ЖҰРТ АҒАБЕКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

ОСЫ ЖҰРТ АҒАБЕКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?
ашық дереккөз
ОСЫ ЖҰРТ АҒАБЕКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?

«Өткендерін еске алған – өскендіктің белгісі, өткендерін ұмытқан – өшкендіктің белгісі».

Халық мақалы.

Қазақ сонау ежелден небір қилы-қилы қиын заманды басынан өткерді ғой. Қазіргі тәуелсіздіктің шұрайлы күндеріне жету үшін қаншама ақиық азаматтарымыз өз басын бәйгеге тігіп, өмірін қиып, жер жастанды. Егер олар қайсарлықпен, қажырлылықпен ел бостандығы үшін, ұлтының жарқын күндері үшін тіресіп, күреспегенде біз мына шуақты күндерге жетер ме едік? Қайдам. Бірақ барына шүкірлік етіп, тәубе дейік, ағайын! Туған топырағымызда төгілген тер мен шашылған қан аз емес. Дегенмен мына Ұлы даламызды, шексіз шалқар жерімізді аман-есен сақтап қалдық, көгімізге ата-бабаларымыз мыңдаған жыл аңсаған тәуелсіздік көк туын желбереттік. Пойызбен келе жатқан бір шетелдік жігіт терезеден сыртқа қарап, қазақтың сахара даласының кеңдігіне таңғалып: – Тү-у, мына шалқыған даланың кеңдігін-ай! Тіпті оның бір шетінен екінші шетіне көз жетпейді ғой. Қандай ғаламат кеңшілік! – деп, құлпырған кең дала суретіне тамсаныпты. Сонда купеде әлгімен бірге келе жатқан көкірегі ояу, зиялы қазақ азаматы: – Бұл кең дала, тау мен көлі, қырқасы мен құмы, орманы мен өзені ата-бабамыздың бізге қалдырған баға жетпес ең қымбат сыйы. Осы ұлан-байтақ дала төсінде жеріміздің кеңдігін сақтап қалу үшін қаншама қан төгілді, қаншама өмір қиылды? Алдыңдағы далада қаншама бабаларымыздың сүйегі қурап, жермен-жексен болып жатыр, оны бір Алла біледі, – деп жауап беріпті. Сол баға жетпес зор еңбектері үшін, ұрпағына қалдырған жақсылықтары үшін, мына шексіз дарқан даланы, оның қойнындағы байлығын қорғап, келер ұрпаққа аманат етіп сыйлап кеткен бабалар рухына әрдайым бас игеніміз жөн. «Ойды ой жетелейді» дейтін сөз бар емес пе қазақта? 2007 жылдың 5-13 желтоқсаны аралығында Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтіп, Алашорда автономиясының құрылғанының жарияланғанына 90 жыл өткенін, қасиетті қазақ топырағының ақыл-ой тамырын отап, тектік ұйытқысын ірітіп, ұлттық тағдырының ұясын бұзған «Алаш ісі» бойынша қатігез жазалау науқанының алғашқы тергеу ісінің басталғанына да желтоқсанның 17-інде 80 жыл болғанын мерзімді басылымдар жариялады. Сол деректі мақалаларды оқып отырып, біз ертеректегі көнекөз қариялардың аузынан естіген «Алашорда» партиясы туралы, оның қайраткерлерінің бірі болған жерлесіміз сарысулық Ағабек Байдуллаев жайлы аздап болса да хабардар болатынбыз. Тіпті 1962 жылдың жазында «Ағабек ақталыпты» деп жұбайы Бибігүл апа мен ұлы Шамғали (бұл күндері екеуі де фәни дүниеден озған), жақын ағайын-туысқандары Сарысу ауданының Қаратау жотасындағы Көкжон өңіріндегі Үшбас ауылында өмір тауқыметін бір кісідей көріп, тағдыры соқыр саясаттың кесірінен тәлкекке түскен ердің есімін еске алып, көпшілік басын қосқан. Ас беріп, Құран оқытып, ұлтының жарқын болашағы үшін еңіреп жүріп өмірден озған азаматтың рухына бас игеніміз де есте қалыпты. Бірде кітаптарды ақтарып отырып, ойламаған жерде жазушы Дүкенбай Досжановтың «Абақты» деген еңбегі қолға түсті. Ол халқымыздың белгілі қайраткері, ұлт мақтанышы Жүсіпбек Аймауытов жайлы жазылған деректі дүние екен. Автор сол шығармасының 190-бетіндегі жолдарда былай деп жазады: «...Абақтыдағы айыпкер адамдарды топ-топ етіп, ісін тіркеп, тергеуді біттіге санап, Москваға, Бутырка абақтысына жөнелтуге әзірлей бастаған». Тарқатып айтсақ, №6 іс бойынша арнайы қаулы шығарған. 1929 жылдың 16 тамызында Алматы қаласында шығарылған қаулыда Біріккен саяси басқармасы Шығыс бөлімінің Қазақ ССР-і бойынша өкілетті өкілі Саенко №6 тергеу ісімен таныса келіп, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев сынды Алаш арыстары енген тізімді келтіреді. Ол тізімде тергеу ісі аяқталған 18 адамның аты-жөні жазылған. Арасында А.Байдуллаев та бар. Күтпеген жайда белгілі Алаш азаматтарының тізімінің қатарында жүрген А.Байдуллаев есімі бізді еріксіз елең еткізді. Бұл біздің жерлесіміз – сарысулық Ағабек Байдуллаев болуы керек деген үміт оты жылт ете қалды. Содан, оның анық-қанығына жету мақсатында «Ізденген жетер мұратқа» деп іздестіру, анықтау ісіне тәуекел етіп кірістік. Қолымызға қалам алып, республикамыздың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстық департаменттеріне «Сіздерде азамат Ағабек Байдуллаев туралы қандай мәліметтер бар?» деген сұрау жолдадық. Көп ұзамай ҰҚК Алматы қалалық департаментінен орыс тілінде жазылған жауап хат алдық. Ол хатта жазылған деректер жөнінде төменде кеңірек баяндаймыз. Ал А.Байдуллаевтың 1937 жылға қатысты архив құжаттары Қостанай облыстық ҰҚК департаментінде сақтаулы екені, ол бойынша қызықтырған өзге де сұрақтарға нақты жауапты сол жақтан алуға болатыны көрсетіліпті. Уақыт суытпай Қостанайға хат жолдадық. 2007 жылдың желтоқсанының соңына қарай ҚР ҰҚК Қостанай облысы бойынша департаментінен де анықтама келді. Ол анықтамада да жерлесіміздің алғаш ұсталып, қандай қылмыстық жазаға тартылғаны айтылады. Бұл хаттармен танысып, жоғымызды тапқандай ерекше күйде болып, кезінде «Алаш» партиясының негізін қалап, оның белсенді мүшелері болған, «Алашорда» үкіметінің тізгінін ұстаған ұлтымыздың белгілі ақиық тұлғалары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Смағұл Сәдуақасов тәрізді азаматтармен иық тіресе еңбек еткен асыл азамат Ағабек Байдуллаевтың біздің Жамбыл облысының Сарысу өңірінде жақын кімі қалды, кімдер оны біледі екен деген ой қаузадық. Бұл сұрақтарға жауап табу біздер үшін жеңіл жұмыс болмады. Өйткені оның замандастары бұл күндері қатарымызда жоқ. Көп жылдар Саудакентте (бұрынғы Байқадам селосы) тұрған Ағабекпен бірге тар жол, тайғақ кешкен өмірсерігі, жанжары Бибігүл апа мен оның жалғыз баласы Шамғали (кезінде жергілікті аудандық автобазада жүргізуші болған) біраз жылдар бұрын о дүниелік болып кетіпті. Олардан қалған ұрпақ қазіргі қиыншылыққа, өмір қыспағына түсіп, біреулері көрші жатқан оңтүстіктегі Шымкентке асып, екіншілері Тараз шаһарына ауысып, Жаңатас өңірінде тіршілік етіп жатыр екен. Олардың бірнешеуімен жолығып, мандырымды дерек тауып, құнды мәлімет ала алмағанымызға өкіндік. – Бибігүл апайдың көзі тірісінде көп жылдар бойы көрші болып, араласып тұрдық. Кейде көңілі келсе қолында ерте кезден сақталып келе жатқан, уақытпен сарғыш тартқан фотосуреттерді ақтарып: «Мына үстел басында жақынырақ отырған Сәкен Сейфуллин, арырақта отырған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, ал мынау менің күйеуім марқұм Ағабек, оның оң жағындағылар Жүсіпбек Аймауытов пен Дінмұхамед Әділов», деп сыр шертуші еді. Бірақ біз, жастығымыздан болар, оларға мән бермей, одан әрі суыртпақтап, әңгіме қозғамайтынбыз. Әттең, қатар жүріп, ол кісінің ішкі сырын, кеудесінде сайрап жатқан қымбат «көмбені» кезінде көңілімізге тоқи алмағанымыз өкінішті, – деп еске алатын Бибігүл апамен ондаған жылдар көрші тұрған, біраз жыл Сарысу ауданында басшылық қызметте болған марқұм Қуаныш Пәрімбеков. Сол фотосуреттерді табуға біз де біраз әурелендік. Бірақ өкінішке қарай, олардың кімнің қолында қалғаны белгісіз, бар болғаны, қолымызға іліккені сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған Ағабек ағаның жеке фотосуреті ғана болды. Көп ізденістің арқасында сарысулық жазушы Дулат Шалқарбаевтың 1998 жылы Тараздағы баспадан шыққан «Ақиықтар» атты тарихи деректерге толы кітабы қолға тиді. Сол кітаптың бірнеше беттерінен сарысулық жерлесіміз Ағабек Байдуллаев жайлы біраз мәліметтер, аз-кем әңгімелер кездесті. Енді соның бірнешеуіне көпшіліктің көңілін аударайық: «...Дінмұхамед (Дінмұхамет/ел ортасындағы таралған аты Мұқыш/ Әділұлы қазақтың белгілі саяси қайраткері – автор) Шымкетте жүргенде уездік милиция бастығы Ағабек Байдуллаевпен танысады. М.Дулатовтың үйінде біраз уақыт жатады. Кейін Міржақып оған үй тауып береді. Ағабек – саудакенттік. Жерлес есебінде екеуі бір-бірімен қатты сыйласады» (81-бет). «... Дінмұхамед Әділовтың біздің үйде тығылып жатқаны рас. Осыдан үш күн бұрын Ағабек Байдуллаевтың ауылына кеткен. Мен Байдуллаевтың ауылын бүгін түнде тауып беремін...» (96-бет). «... Мұқыш кереге басына ілулі тұрған винтовканы алып есікке бір, төрге бір барып, ернін жымқыра үнсіз жүрді де Ағабекке бұрылды. – Не істейміз? – деді ол абыржып. – Атысамыз, – деді Ағабек» (98-99-беттер). Міне, бұл келтірілген кітап үзінділерінен Ағабек Байдуллаевтың өз замандастарының ортасында кім болғаны, ұлтымыздың қандай тарихи тұлғаларымен қызметтес, үзеңгілес қатар жүргені жайында мәлімет алуға болады. Өкінішке қарай, жерлесіміз Ағабектің өмірі мен еңбек жолы соңғы кезге дейін терең зерттеліп, оның халық алдындағы қызметі тиісті бағасын ала алмай келеді. Біз өз күшімізбен бірер жыл бойы там-тұмдап тірнектеп жинаған, қолға іліккен материалдар тым аз, олар жүздің бір бөлігі деп айтсақ та болады. Бұл іске алдағы кезде еліміздің тарихшылары, жазушы-зерттеушілері өз үлесін қосар деген үміттеміз... Бізге жеткен деректер бойынша, Ағабек Байдуллаев 1902 жылы қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданының Қаратау сілеміндегі, халық Көсегенің Көкжоны деп білетін Үшбас ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан ойы зерек Ағабек дүбірлі Қазан революциясы жылдарында қыр асып, оңтүстіктегі қатарлас жатқан үлкен шаһар Шымкентке барып, білім жолына түсіп, сол жердегі орыс-түзем училищесін тәмамдағаны белгілі. Одан кейін Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінде білім алған. Сол жылдары қазақ халқының зиялы азаматтарымен танысып, олармен көп жылдар қоян-қолтық араласқан, саяси-ұйымдастыру қызметтерін атқарып, ұлттық мүдде үшін күрескен. Кезінде Түркістан қаласындағы мақта зауытының директоры, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде болып, кейінірек Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасын (облыстық милиция бөлімін) басқарыпты деген дерек бар. Өткен ғасырдың 20-жылдарының соңына қарай елімізде етек алған қуғын-сүргін, ойдан құрастырылатын негізсіз жала А.Байдуллаевты та айналып өтпеді. Ол 1928 жылдың сәуір айында «Алашорда» қозғалысының мүшесі» деген жаламен абақтыға жабылады. Одан жерлесі Дінмұхамед Әділовтың көмегімен қашып шығып, туған өлкесі – Сарысу ауданының Талас бойындағы Мойынқұм мен Көкжондағы Үшбас арасында ауылдарға тығылып, бірер ай бас сауғалайды. Бірақ ОГПУ мен НКВД «белсенділері» ізіне түсіп, 1928 жылдың желтоқсанында оны қайта қолға түсіреді. Екі «қашқынды» (Мұқыш Әділұлы мен Ағабек Байдуллаевты) Әулиеатаға алып келеді. Жеңіл-желпі жүргізген тергеуден кейін уақыт оздырмай, оны басқа да қазақтың белді тұлғаларымен – саяси тұтқындармен топтастырып Мәскеудегі атышулы «Буторка» түрмесіне жеткізіп, НКВД-ның қызметкерлерінің көмегімен тағылған айыптары сол жерде «мойындатылып», 1930 жылы сот шешімімен 5 жыл арқалап кете барады. Мәскеудегі «Буторка» абақтысына ол жазушы Д.Досжановтың мәліметі бойынша, «халық жауы» деген жаламен тұтқындалған А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, А.Байтасов, Д.Әділов, Д.Байтілеуов, Х.Болғанбаев, Н.Кәрібаев, К.Жәленов, Ғ.Бірімжанов, Т. Құлмұратов, Ә.Байділдин, М.Есболов, А.Әділов, А.Жүсіпов, Е.Омаров сияқты азаматтармен бір вагонда жеткізіледі. Ағабек сол жерде қазақтың беткеұстар талай майталман азаматтарымен абақтыда бірге жатып, олармен пікірлес болғаны айдан анық. Қиындыққа қайыспаған ер елге аман-есен оралып, бірер жыл өзінің туған өлкесі Оңтүстікте қызмет істеп, одан кейін Қырғызстанның мемлекеттік сауда саласын басқарады. Ал 1936 жылы Қостанай облысының Жетіқара ауданының қалалық сауда бөліміне қызметке жіберіліпті. Сол мекемені басқарып жүргенінде оны НКВД қызметкерлері 1937 жылдың 4 қарашасында «халық жауы» деген жаламен қайта тұтқындайды. Ол «бұрынғы істерін есепке ала отырып», 20 қараша күнгі «үштіктің» шешімімен 58-10-бабы бойынша ату жазасына кесіледі. Үкім 23 қараша күні іске асырылады. Бұл деректер жоғарыда келтірілген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы, Қостанай облыстық департаменттерінен келген хаттарда анық көрсетілген. Ол сол кезде небәрі 35 жасқа жеткен-жетпеген кезі екен-ау! Ағабектің жұбайы Бибігүл апай жастай қалған жалғыз ұлы Шамғалиды жетектеп, күйеуінен бір хабар болар деген үмітпен бармаған жері, ашпаған есігі жоқ. Ташкент, Алматы, Шымкент қалаларындағы үш әріптен тұратын мекемелердің талайының есігін қақты, Мәскеуге жалынып-жалбарынып ондаған хат жолдады. Барлығы дұрыс жауап беруден жалтарып, «жауабын кейін береміз, күтіңіз» деп ауыздарын құрғақ шөппен сүртіп шығарып салумен болды. Тек кейінірек «Сіздің жұбайыңыз «халық жауы» ретінде атылды» деген хабар келді. Алматы қаласындағы техникумда оқып жүрген ұлы, жас Шамғалиды «халық жауының баласы» деп оқудан шығарып, одан әрі оған білім алуға мүмкінішілік бермейді. Ешбір жұмысқа орналаса алмай қиналғаннан соң тілеулестерінің ақылымен жақын ағайындары Амантайдың есімін фамилия ретінде алып, «Амантаев Шамғали» атанып кетеді. Оларды көп жылдар «халық жауының әйелі», «халық жауының ұлы» деп еш қызметке жақындатпай, өмірдің талай суығы мен ыстығын көріп, талай адам сенгісіз қиямет қиындықтарды бастарынан өткерді. Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңына қарай күйеуінің атамекені Сарысу ауданының орталығы Саудакент (Байқадам) селосына көшіп келіп, жапанда қалған жалғыз ұлы Шамғалиды ағайын-туыстарына, ел-жұртына жақындатып, үйлендірді. Жаратушы Иемізге жалбарынып, алдында бас иіп, шүкіршілік жасап жүріп ұлынан біраз немере сүйді. 1962 жылы «Ағабек ақталыпты» деген жылы хабар көктемнің нұрлы жауынындай елге көгілдір конвертпен жеткенде жақсының жарқын бейнесін көз алдына елестеткен Бибігүл апа дауыс шығарып, көз жасы көлдей ағыл-тегіл болып, егіле, сөгіле ұзақ жылағаны жақындары мен көршілерінің әлі есінде. – Ағабекті еске түсіргенде көңілім әлем-жәлем болып, жүрегім шаншып, сай-сүйегім сырқырайды. Қиын-қыстау жылдары ел билеп, халық үшін жар құлағы жастыққа тимей қызмет еткен абзал азаматтың сүйегі бұл күндері қай жерде жатқаны да белгісіз. Ақ жауып, арулап қойылмады да. Оған кімді кінәлаймыз... Уақыт солай болды. Ой, зұлмат заман-ай десеңші! – деп отырушы еді жарықтық Бибігүл апа терең мұңға оранып. Иә, қазақ ұлтының басына неше рет қалың қара бұлт төніп, қаншама беткеұстар қайраткерлеріміздің тағдыры қатерлі қара дауылға тап келіп, санасы жаншылып, рухы тапталып, үміті үзіліп, өмірі пұшайман болды десеңізші?! Филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбаев «Абақтыдағы Алаш» атты зерттеу мақаласында былай деп ой түйеді: «...1927-1929 жылдардың арасында өзіндік пікірі бар қазақ қызметкерлерінің барлығына «ұлтшыл» деген айып тағылып, сыпыра жұмыстан қуылды. Олардың әрбір қадамы бақылауға алынып, соңдарынан ерген «салпаңқұлақтардың» есебі Ішкі істер халық комиссариатының Мемлекеттік саяси басқармасының ерекше бөлімінің тартпасына жинақтала берді. Мұның өзі жандармерияның тыңшылық айла-амалы мен арандатушылық қитұрқысын әккілікпен меңгерген Голощекиннің қазымыр басшылығының нәтижесінде өте тыңғылықты түрде жүзеге асты. Патша жандармериясының қулық-сұмдығына жетік, қашып-пысып жүріп әбден ысқақтанып алған Голощекин ұлтжанды қайраткерлердің соңына «жансыздарды» салып қойды. («Егемен Қазақстан», 5.12.2007). Голощекиннің геноциттік теріс саясаты ұлтымыздың қаншама жақсылары мен жайсаңдарын сол қатерлі жылдары қуғын-сүргінге ұшыратып, қазақ халқының сағын сындырып, ел арасына у-қасірет таратып, көңілдерін мұңға орандырып, қанша зиялыларымыздың өмірлері дәлелсіз, негізсіз, тектен-тек қиылды?! Сталин және оның төңірегіндегі Голощекин секілді жандайшаптарының, асыра сілтеушілердің ұйымдастыруымен, тікелей жала жабуынан қанша азамат тұтқындалып, абақтыға жабылды, өмірі қиылды. Сол 1925-1930 және 1936-1938 жылдардың қырғынында қазақ ұлтының қаймағы болған талай арыстарымыз адам төзгісіз қуғын-сүргінге ұшырап, олардың басым көпшілігі атылып кетті. Ажалдан аман қалғандардың өзі ұзақ жылдар бойында ескерусіз қалдырылды. Репрессия құрбандары туралы тіс жарып әңгіме қозғауға, мақала жазуға көп жылдар бойы тыйым салынды. – Сол бір сұрапыл қиын жылдарда ұлтымыздың беткеұстар азаматтарының басым көпшілігіне «халық жауы», «белсенді алашордалық», «теріс пиғылды ұлтшыл кісі» деген аттар тағылып, олардың көпшілігі ату жазасына кесілді. Солардың ортасында Ағабек Байдуллаев та бірге кетті. Оның есімі ескерусіз, іздеусіз қалып барады, – деп еске алатын кейбір кезде Ағабектің жақын қайнысы, кезінде Жамбыл облысының жаңадан ұйымдастырылған Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін, көп жылдар республикамызда жауапты жоғары қызметтер атқарған, одақтық дәрежедегі зейнеткер Әлішер Бейсенов жездеміз. Ол кісі де әлденеге жалтақтап, шешіліп, тым терең, арыға бара бермейтін. Қазір ойласақ, ол кез әлі «тіл қысқа, құлақ ұзын» абайлап сөйлейтін уақыт екен ғой. Асылдың сүйікті жары, баласы мен немерелерінің құрметті ана-әжесі бола білген Бибігүл апаның да өмірден озғанына біраз жыл болыпты. «Ол кісі қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай білген, өмірлік тәжірибесінен түйгені мол, іс-мінезімен адамдардың жүрегінде ықылас отын жағатын жоғары қасиетті, пайымды ақыл айтатын парасатты, сабырлы, мінезі жібектей, келбеттілігіне көз тоймайтын сүйегі асыл жан еді» дейді Бибігүл апаны білетін көзкөргендер. Заманның қиын-қыстау шағында ел билеген кемелдермен үзеңгілес болған, ел-жұртының жарқын болашағы үшін күресіп, азабы мен абыройы қатар жүрген қатал да қатігез дәуірде жан аямай таусыла еңбек еткен жерлесіміз сталиндік қуғын-сүргін мен қиянаттың құрбаны Ағабек Байдуллаев сияқты ер-азаматтың есімін кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген оймен осы жолдарды қағаз бетіне түсірдік. Отаны мен елі үшін от кешкен, қазақ ұлтының талай ақиық белгілі азаматтарымен қызметтес, дәмдес-тұздас болған, халқына адал қызмет атқарған Ағабек сияқты жарқын тұлғалардың есімі ұмытылмай көпшіліктің жадында жүргені абзал. Иә, зобалаң заман қазақ жұртына қынадай тиді емес пе? Көрнекті ғалым-профессор Мекемтас Мырзахметовтің зерттеуіне сүйенсек, «1937 жылы атылғандардың тізімінде 1 тәжік, 7 өзбек, 40 қырғыз, 25 мың қазақ болған» екен («Айқын» газеті, 8.04.2017 жыл). Ой елегінен өткізсек, осылардың арасында қазақтардың басым көпшілігі оқыған, білімді, тәжірибелі, озық ойлы зиялы азаматтар болған. «Ұлтының көсемі, халқының қалқаны болатын талай тектілер де бар еді-ау» деп терең мұңлы ойға батасың. Өкінішке қарай, кезінде «Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі болған, халқымыздың талай белгілі тұлғаларымен қоян-қолтық араласқан, ой-пікірлер бөліскен, ҚазЦИК-тің мүшесі бола жүріп ел-жұртымыздың жарқын болашағы үшін аянбай тер төккен, тіпті өмірін қиған асыл азамат Ағабек Байдуллаев туралы жалпы көпшілік осы күнге дейін біле бермейді. Сірә, бұл артында іздеушісі, сұраушысы болмағандықтан болар... Неге олай? Репрессияға ұшырап, жазықсыз жазаланып, кеселді кезең құйынындағы «қызыл қырғынның» құрбаны болған боздақтың есімін Сарысу ауданының орталығы Жаңатастағы және облыс орталығы Тараз қаласының бір көшесіне берсе орынды болар еді. Ол бүгінгі ұрпақтың ұмытылмас борышы. Ұлттық қасіретті ұлықтай білу – ұлт болуымыздың кепілі. Елім деп өткен ер-азамат Ағабек Байдуллаевтың есімі ескерусіз қалмау керек!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар