Жамбыл жаңалықтары
ДУЛАТБАЙ КАНАЛЫ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДАМУ БАНКІНІҢ ДЕМЕУІМЕН ЖӨНДЕЛЕДІ
- author AR-AY
- 19 қыркүйек, 2022
- 139
ДУЛАТБАЙ КАНАЛЫ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДАМУ БАНКІНІҢ ДЕМЕУІМЕН ЖӨНДЕЛЕДІ
Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданына жасаған жұмыс сапарында алдымен Үшарал ауылына барып, ондағы тұрғындар игілігіне ұсынылған дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына қатысты. Жиында жұртшылықты қуанышымен құттықтаған аймақ басшысы өңірде 367 ауыл болса, бүгінде оның 23-інде осындай медициналық нысан құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қай елді мекен медициналық мекемеге зәру болса, соның барлығында үш жылдың ішінде осындай нысандар бой көтеруі керек. Ал бұрыннан бар мекеме үшін қажеттілік туындаса оларды күрделі жөндеуден өткізудің де маңыздылығы айрықша. Бұл халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында әрі тұрғындарға сапалы медициналық қызмет ұсынылуы үшін жасалып жатыр. Биыл облыс бойынша 8 миллиард 200 миллион теңгеге осындай 23 нысан салынды. Ал қазына қаржысынан қаралған 600 миллион теңге көлеміндегі қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары 9 елді мекенде жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлініп, ол медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалуда, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Бұдан кейін сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов те тұрғындарды құттықтап, жылы лебізін арнады.
Амбулатория бөлмелері медицинасы дамыған мемлекеттерде өндірілген соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталыпты. Мұндағы күндізгі стационардың адам қабылдау әлеуеті 45 келушіге арналған.
Нысанды заманауи келбетте салып, іші-сыртын әрлеп берген – «НИК-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен. Амбулатория ішіне газ, су құбыры мен электр желісі тартылған. Мекеменің аға дәрігері Раушан Амантаеваның айтуынша, 1970 жылдары 40 келушіге шақталып салынған бұрынғы медициналық мекеменің соңғы уақытта әбден тозығы жеткен. Ал жаңа ғимарат одан бес адамға артық және тұрғындарға ем-шара жасауда бұрынғыдан әлдеқайда ілгері әрі өте қолайлы.
Таластың топырағы таланттан бөлек талапты адамдарға да бай. Тумысынан бейнеткер азаматтардың ауылдықтар арасында жетіп артылатынын өңір басшысы ауыл іргесінде бау-бақша егіп, бағбандықпен айналысып жүрген бір топ диқандармен жүздескен кезінде байқадық. Мәселен Бақытжан Байымбетовтың 7,5 гектарға еккен картобы мен 2 гектар қауыны, 1 гектар қарбызы қазір жинап алуға дайын тұр. Ол аз шығынмен мол өнім алудың да жолын тапқан. Мәселен 10,5 гектар егіс алқабының тең жартысы тамшылатып суару технологиясы арқылы ылғалдандырылып отыр. Оның еккен торлама, қара қауын секілді 3-4 түрлі сортты қауындары қысқа сақтауға бейім.
Реті келгенде аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов аудан бойынша егілген барлық егіс, оның ішінде бақша дақылдары жайын сөз етті. Одан кейін әңгіме ауаны ағын су мәселесіне ойысып, тіршілік нәрін шаруаларға жеткізетін каналдар мен су қоймаларының жайы баяндалды. Аудан әкімі бұрын Талас өзенінің Байзақ, Жуалы аудандарына бұрылатын сағасын екі-үш күнге жауып, Талас ауданына су жіберіліп келген болса, биыл ағын судан сарысулықтарды тарықтырмауға мүмкіндік мол екенін тілге тиек етті. Өйткені тамыз айын орталап қалсақ та қазір Таластың төменгі сағасында әжептәуір ағын су бар көрінеді.
Үшарал ауылының тыныс-тіршілігіне қаныққаннан кейін облыс әкімі Ақкөл ауылын бетке алды. Онда тұрғындар үшін екі қабатты су жаңа дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанды «Әл Мансұр» жауапкершілігі шектеулі серіктесті салып берген. 336,2 миллион теңге қаржы жұмсалған кешенде шағын футбол, күрес, үстел теннисі, дзюдо іспетті бірнеше спорттық секциялар бар.
Оның ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы: «Біз үш жылдан бері үзіліссіз, халық санына қарай қажет деп табылған елді мекендерді осындай спорт кешенімен мүмкіндікке қарай барынша қамтып келе жатырмыз. Әр іс жоспар бойынша жүзеге асатын болғандықтан, биыл облыста 11 спорт кешенін салуды қолға алған едік. Соның бірі осы 150 адамға арналған спорт кешені. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің атқарып жатқан жұмыстарының, жүргізіп жатқан саясатының бір көрінісі.
Бүгінде облыста 250 мыңнан астам оқушы болса, оның 70 пайыздан астамы түрлі спорттық секцияларға қатысып жүр. Оқушылардың спортпен шұғылдануын 100 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз, – деді Нұржан Нұржігітов.
Осыдан кейін өңір басшысы Тамды ауылдық мәдениет үйінде округ тұрғындарымен кездесіп, ауылдық округ әкімі Рауан Асқаровтың есебін тыңдады. Округ әкімінің айтуынша Тамды ауылында 246 түтін болса, тұрғындар саны – 1 547. Ол округтегі атқарылып жатқан сан салалы тіршілікті баяндай келе жұртшылықтың тұрмыс жағдайын көтеруде шаруалардың мемлекеттік бағдарламаға қатысуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрғындарды жұмыспен қамту бағыттарында жұмыс атқарылып жатқанын баяндады. Өз кезегінде сөз алған ауыл тұрғындарының бірі Қанат Құралбаев Дулатбай каналын жөндеуден өткізіп беруді өтінсе, ауыл имамы Нұрбол Төреқұлов бұрынғы КСРО дәуірінен қалған балабақшаны қайта қалпына келтіріп ел игілігіне ұсыну, күрес залын ашу мәселелерін көтерді.
– Дүниежүзілік даму банкі арқылы бес ауданда су жүйелерін қалпына келтіруді жоспарлағанбыз. Олардың қатарында сіз айтып отырған Дулатбай каналы да бар. Бұл мәселе келер жылы шешімін табады. Ал күрес залы мен балабақшаға келер болсақ, осы ауылдағы орта мектеп ішінен ашылған балабақша бар. Ол шағын орталық емес. Ал ауылдағы мектептің сыйымдылығы 600 орын болса, мұнда оқитын бала саны – 308. Біз мемлекет қаржысын жаңа нысан салуға жұмсағанша, мектептің мүмкіндігін балабақшаға да, күрес залын ашуға да пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Халық саны өсіп, балалар мектепке сыймай жатса, өз алдына бөлек нысанды сол кезде салуға болады, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Бұдан кейін аймақ басшысы Қаратау қаласындағы өнер мектебіне барып, аудан тұрғындарымен кездесті. Қаратау қаласының әкімі Дархан Байымбетовтің есебін тыңдады. Мұнда тұрғындардың дені Қаратау қаласының соңғы уақытта түлеп-түрленгенін жеткізді. Сондай-ақ өзекті мәселелер бойынша да өтініш-тілектерін айтып өтті. Өз кезегінде қай мәселе қашан шешілетіні тайға таңба басқандай көрсетіліп, қойылған сауалдарға тұщымды жауап қайтарылды.
Айта кетейік, Тамды ауылында да, Қаратау қаласында да облыс әкімі жұртшылықпен кездесуден кейін тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ, Талас ауданы
Келесі мақала