ҚЫЛМЫС ДЕҢГЕЙІ ЕДӘУІР ТӨМЕНДЕГЕН
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша, облысымызда қылмыс саны өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға азайған. Атап айтқанда, полиция органдары 3 867 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркепті.
Атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде бірқатар негізгі бағыттар бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізіліпті. Мәселен, ауырлығы орташа қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңінде 1 578 болса, биыл
1 405-ке дейін кеміп отыр. Онша ауыр емес қылмыс 5,7 пайызға, яғни 699-дан 659-ға дейін азайған.
– Биыл қылмыстың ауыр түрлері, яғни кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, зорлау, қарақшылық, тонау, ұрлық, алаяқтық, бұзақылық бойынша тұрақты төмендеу байқалады. Алайда өңірімізде мал ұрлығы өзекті болып қала беруде. Биыл мал ұрлығының саны 17 пайызға азайды. Атап айтқанда, 81-ден 67-ге дейін кеміп отыр. Қылмыстың ашылуы 56,5 пайызды құрайды. Сонымен қатар пәтер ұрлықтарының азайғанын да атап өткен жөн. Шамамен 39,4 пайызға төмендеп, ашылу деңгейі де едәуір артқан.
Сондай-ақ жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың қылмысы 4,2 пайызға, мас күйінде жасалған қылмыс саны 3,1 пайызға төмендеді. Облыс бойынша ауыр қылмыстардың ашылу пайызы 90,6 пайызды құрады. Дегенмен жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Зардап шеккен адамдар саны 33,1 пайызға өскен. Сонымен қатар қаза тапқандар санында да өсім байқалады, – деген облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин жолда жүру ережесін бұзудың 299 мың 198 дерегі анықталғанын, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 679 құқықбұзушы ұсталғанын жеткізді.
Жалпы қала жолдарында 217 бағдаршам, оның ішінде 44 автоматты жол қозғалысын басқару жүйесі, 14 ақылды бағдаршам,
25 222 жол белгісі орнатылған. Облыста 17 көлік айрығы (әртүрлі деңгейде), 14 жол өтпесі, 192 көпір бар екен.
Департамент басшысының айтуынша, облыс көлемінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 14,1 пайызға, ал көшеде жасалған қылмыстар 10,5 пайызға кеміген.
Көшедегі қылмыстың алдын алуда бейнебақылау жүйесі айтарлықтай септігін тигізіп жатқан көрінеді. Облыс бойынша биыл 50 546 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Атап айтқанда, көппәтерлі үйлердің кіреберістеріне, көшелердің желілік учаскелеріне және қиылыстарға қойылыпты. Сондай-ақ аулаларға жедел басқару орталығының 35 камерасы орнатылған. Білім беру ұйымдарында 9 053, балабақшаларда 7 811, жол қауіпсіздігін бақылау үшін жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін 298 бейнекамера орнатылған. Олардың көмегімен 148 458 жолда жүру ережесін бұзу дерегі тіркелген.
– Өңірдегі полиция қызметінің тиімділігіне азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысуы, олардың құқық қорғау органдарына көмек көрсетуі аса маңызды рөл атқарады. Жергілікті бұқара өздерінің азаматтық ұстанымын таныта отырып, қоғамдық тәртіпті жақсартуға өз үлестерін қосып жатқанын ерекше атап өтуге болады. Алдағы уақытта да біз көпшілікпен бірігіп, жұмыла жұмыс істейтінімізге сенімдімін, – дейді полиция департаментінің бастығы.
Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ
Келесі мақала