Жамбылда жиын-терін науқаны қыза түсті
Қант қызылшасын өсіруге ден қойған диқандар күздің әр күнін қалт жібермей, жиын-терін науқанын қыздыра түсуде.
Биыл аудан бойынша 730 гектар алқапқа тәтті түбір егілген болатын.
– Ауданда диқандардың ала жаздай бел жазбай еткен еңбегі еш кетпеуі үшін қант қызылшасын жинау науқанына ерте қамдандық. Биыл өңір шаруалары тәтті түбірді 730 гектар алқапқа орналастырды. Қазір қызылшаның гектарға шаққандағы өнімділігін ескеріп, биыл қант зауытына 11 695 тонна қант қызылшасын өткізуді межелеп отырмыз, – дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.
Қант қызылшасын жинауға алғашқылардың бірі болып Нуриддин Бегманов жетекшілік ететін «Қызыл Дихан» өндірістік кооперативі мен «Тастөбе» шаруа қожалығы кіріскен.
Өндірістік кооператив әзірге
3 гектардан 95 тонна өнім жинаса, шаруа қожалық 15 гектардың әр гектарынан 430 центнерден өнім алып, 645 тонна қызылша жинап алған. Оның 630 тоннасы «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізілген. Айта кететін жайт, қант зауыты жауапты науқанға өз деңгейінде қамдаған. Ең бастысы, шаруалар өнімді өткізуде түзілетін ұзын сонар кезектің азайғанына дән риза. Жүк көліктері алқаптан жаңа жиналған қызылшаны таразыға тартып, тиісті орынға аударып, өз жолымен кетіп барады.
Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, журналист, Жамбыл ауданы
Келесі мақала