Сайлаудың сын сағаты таяды
Елдіктің жайы, келешектің қамы үшін биылғы 20 қарашаға Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы тағайындалды. Бүгінде президенттікке кандидаттар додаға дайындық үстінде. Ұлы науқанға сақадай сай екені байқалады. Сонымен бірге бұл жолғы сайлау бұрынғыдан өзгерек екені, әрі қызыққа толы болатыны аңғарылады. Бұл туралы сәл кейінірек. Сайыстың қорытындысы қандай болса да, ол басты байлығымызға баланған ел бірлігін бекем, тәуелсіздігімізді берік етіп, саяси тұрақтылықты экономикалық жетістіктерге ұштастыруға жол ашуы шарт.
Ата заңдағы өзгеріске сәйкес болады
Мемлекет басшысын мерзімінен бұрын қайта таңдау ұсынысының қисын-логикасы түсінікті: ол саяси жаңғырулардың, терең реформалардың қазіргі үдемелі қарқынын сақтау, саяси мәселелерді кейінге қалдырмай, қазірден шешу үшін қажет. Әйтпесе, Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы өтуі тиіс болатын. Бұл сайлаудан соң еліміз Әділетті Қазақстанды, соның ішінде басты мемлекеттік институттарды жаңа стратегияға сәйкес, кешенді түрде қайта жаңғыртуға кіріседі. Алдағы жылы Мәжіліс пен Сенат қайта құрылады. Яғни, қазақстандықтарды саясат сахнасында іш пыстырмайтын біраз қызық күтіп тұр. Оның бәрі билік пен қоғамды жандандыруға, әр азаматтың белсенділігін арттыруға бағытталған.
Бұл жолғы сайлау жаңашылдықтарға өріс ашады. Мысалы, онда жеңіске жететін Президент мандаты 7 жылдық бір мерзіммен шектелді. Қайта сайлана алмайды. Осыны қарастыратын тиісті өзгерістер Ата заңға, конституциялық заңдарға енгізіліп, күшіне енді. Яғни, бұрынғы сайлаулардан ерекшелігі сол, бұл жолы кандидаттардың бағдарламасы 7 жылмен шектеледі, ондаған жылдарға созылатын стратегия ұсына алмайды. Бұл да қисынды: қазіргі жаңа дәуірде уақыт сығымдала түсуде, найқалып-жайқалып жүруге мүмкіндік жоқ, әлемде технологиялық жаңғырулар адам сенгісіз жылдамдықпен ілгері озуда. Таяудағы 7 жылда саясат та, адамдар өмірінің барлық саласы да түбегейлі өзгеруі мүмкін. Демек, бүгін жазылған бағдарлама ол кезде өзекті болмай қалуы кәдік.
Жалпы, президенттік мерзімді 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді түрлі сарапшылар демократия бағытындағы батыл қадам деп бағалады.
Бұл жолғы сайлауды даралайтын тағы бір жаңалық: іс басындағы Президент нақты бір партияның емес, қоғамдық күштердің кең ауқымды коалициясы атынан сынға түсіп отыр. Мұндай тәжірибе Қазақстан тарихы түгіл, посткеңестік кеңістікте болмаған, жаһанда да баламасы шамалы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елді елең еткізген бұл жаңалығын 2022 жылғы 5 қазанда, жұмыс сапары аясында Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуде жариялады. Ол өзіне әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан солардың атынан үміткер болу туралы ұсыныстар көп түскенін жеткізді. Мемлекет басшысы ойласа, ақылдаса келе, нақты бір ұйымнан емес, «елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің ірі коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс» деген тоқтамға келіпті. Мұндай тәсіл референдумда жаңғырған Ата заңымыздағы жаңа талаптарды, яғни Мемлекет басшысының түрлі партиялардан тең арақашықтықты сақтауы қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді. Қ.Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың әділ әрі ашық өтетініне кепілдік берді.
Президент орнынан үміткер нешеу?
Сонымен, кеше кешке, 11 қазандағы сағат 18:00-де Президенттікке кандидаттарды ұсыну аяқталды. Бұл рәсім 23 қыркүйекте басталған еді. Яғни, тіркелген үміткерлер бүгіннен бастап үгіт-насихат жұмыстарына кірісе берсе болады. Сайлау алдындағы үгіт 19 қарашада сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Ал дауыс беру 2022 жылғы 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.
7 қазанда Орталық сайлау комиссиясына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы құжаттар енгізілді. Ол құжаттарды «AMANAT» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы, QAZAQSTAN ARDAGERLERI, Ардагерлер ұйымы, QAZAQSTAN TEAM, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі», «Генералдар кеңесі», «Қазақстандық спортшылар одағы» сияқты республикалық қоғамдық бірлестіктердің жоғары органдары тапсырды. Яғни, жастар ұйымдарынан бастап ардагерлерге дейінгі әлеуметтік барлық қабат қамтылып отыр.
Ал 8 қазанда Орталық сайлау комиссиясы өз отырысында Президенттікке кандидат Қ.Тоқаевтың сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады. ОСК сұрауымен құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай, азамат Қ.Тоқаевтың Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуіне кедергілер жоқ екені анықталды. ІІМ мәліметінше, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тумысынан Қазақстан азаматы, елде соңғы 69 жыл бойы тұрады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі дерегінше, Қ.Тоқаевтың мемлекеттік қызметтегі, сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жалпы жұмыс тәжірибесі – 43 жыл 1 ай.
Нәтижесінде, Ортсайлауком кандидат Қ.Тоқаевты Конституцияда және «Сайлау туралы» конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкес келеді деген қаулы қабылдады.
Жалпы, президенттік додаға қатысуға деген қызығушылық үлкен. 9 кандидат ұсынылып отыр: Президент Қ.Тоқаев сыртында, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсынан» – Қарақат Әбден, «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен – Жұматай Әлиев, «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігінен – Нұржан Әлтаев, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан» – Нұрлан Әуесбаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан – Жигули Дайрабаев, «Қазақстан құрылысшылар одағынан» – Талғат Ерғалиев, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығынан – Мейрам Қажыкен, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінен Салтанат Тұрсынбекова ұсынылды.
Еске сала кетсек, 2019 жылғы 9 маусымда өткен Президент сайлауында 7 үміткердің бағы мен бабы сыналды.
Бәйге бюджеті қанша?
Сонымен бірге тосын оқиғалар да болды. Мысалы, Орталық сайлау комиссиясына Польша азаматшасы Балли Мажец Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде сайлауға түсу ниетін білдіріп, бірнеше рет жүгініпті. ОСК мүшелері Ата заңымызға сәйкес, шетел азаматы Мемлекет басшысы болып сайлана алмайтынын түсіндірді.
Конституцияның 41-бабының 2-тармағына сәйкес, Қазақстан Президенті болып тумысынан Республика азаматы ғана, яғни Қазақстан аумағында туған адамдар сайлануға құқылы. Дәл осындай талап АҚШ-та да бар. Бұған қоса, кандидат 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар Республика азаматы болуы шарт. Сондай-ақ, «Сайлау туралы» заңның 54-бабының 1-тармағына сәйкес, Президент болып сайлану үшiн ол адамның мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі болуы шарт.
Мұның сыртында биылғы 29 қыркүйекте И.Иманбаева есімді азаматша комиссия ғимаратына келіп, Президент сайлауына өзін-өзі ұсынатынын мәлімдепті. Оның бұған құқығы бар. Алайда ол сол бойы «заңда көзделген, қажетті құжаттарды ұсынбаған» екен.
Сарапшылар бұл жолғы сайлау науқанындағы тағы бір шағын өзгеріске назар аударыпты: бұған дейінгі барлық президенттік додада барлық президенттікке кандидаттардан сынақ алған Мырзатай Жолдасбеков бұл жолы комиссияға кірмеді. Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін белгілеу жөніндегі лингвистикалық комиссияның құрамына бұл жолы филология, тіл білімі мен әдебиет саласындағы көрнекті ғалымдар: Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, Жанқара Дәдебаев, Гүлтас Құрманбай, Дихан Қамзабекұлы, Анар Фазылжанова кірді. Олардың алдында кандидаттар үш бағыт бойынша сынақ тапсырды: шығарма жазды, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзіндіні мәнерлеп және қатесіз оқыды, кандидаттан өзі таңдаған тақырыпта көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеп, ойын қазақша нақты, жатық жеткізе білуі талап етілді.
Ортсайлауком төрағасының орынбасары К.Петровтың мәліметінше, 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне белсенді сайлау құқығы бар 11 827 277 азамат енді.
Үміткерлердің сайлау алдындағы бұқаралық іс-шаралары, үгіт материалдары және көлік шығындары бюджеттен өтеледі. Осыған орай, бюджеттен әр кандидатқа 10,3 млн теңгеден бөлінді. Ал әр үміткердің төл сайлау қоры 1,6 миллиард теңгеден аспауы тиіс. Соның ішінде кандидаттың өз қаражатының, оны ұсынған республикалық қоғамдық бірлестік қаражатының қоры ең төменгі жалақы (ЕТЖ) көрсеткішінің 12 мың есе мөлшерін, яғни 720 миллион теңгені құрайды. Тағы 15 мың ЕТЖ немесе 900 миллион теңгені республика азаматтары мен ұйымдарынан ерікті қайырымдылық жарна ретінде жинауға рұқсат.
Сайлау қорытындыларын жариялау және сайланған Президентті тіркеу дауыс беру өткен соң 10 күн ішінде жүзеге асады.