Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қарлығашым, келдің бе?

Қарлығашым, келдің бе?
Ашық Дереккөз
Көптен күткен көгілдір көктем келісімен мына тіршілік шіркін қыз-қыз қайнап шыға келді. Күн жадырап, аулада көктемнің иісі аңқиды. Әлі де болса салқындау ауаға дес бермей топырақты жарып, қопсытып, әнеу бір күні қылтиып бой көрсеткен бәйшешектер аздап солғын тарта бастапты. Олардың орнын түйін түйген қызғалдақтар баспақ болып, талпынып өсіп келеді. Өңірімізде алғашқылардың бірі болып гүлдейтін өрік талы бүршік ата бастапты. Таңғаларлығы, бұл жеміс ағашының басқалардан ерекше бір қасиеті – жапырағынан бұрын гүл шашуы.

Шуақты күн нұрына жүзін тосқан гүлдер лүп еткен жел самалымен дір-дір етеді. Бал жинауға кіріскен еңбекқор аралар ызыңы құлаққа шалынады. Құстар да көңілденіп, сақтықпен бұтақтан-бұтаққа жеңіл секіріп, тынымсыз шырылдап, қыт-қыттап бір-бірін шақырып, ұя салатын жерлерін іздеп әлек болып жүр ме, қалай... Әйтеуір, мына мың құбылған беймаза дүниеде, жарық шашқан әлемде тыныштық жоқ, әркім өз ісімен тынбай алысып жатыр. Айналаңа зер сала қарасаң, қауырт тіршілік анда да, мұнда да бір сәт тоқтамай дамыл табар емес...

Айналадан жылы жақтан өңірімізге оралған жыл құстарының бірнешеуін көзім шалды. Содан көңілім бір сәт жадырағандай болды. Еріксіз ойыма Шерағаның (Шерхан Мұртазаевтың) «Бір кем дүние» кітабындағы мына бір әңгімесі оралды.

«Тілші менен сұрайды:

 – Жұрттың көбі қалада тұрады. Сіз неге ауылды аңсай бересіз? – дейді.

Мен: – Наурызкөк, қарлығаш, т.б. құстар ерте көктемде сонау жердің түбіндегі Африкадан біздің елге мыңдаған шақырым ұшып жетеді. Немене, сонда Африкада ұя салатын жер жоқ па? Құс екеш құс та туған жеріне жер түбінен ұшып жетеді. Ал мен адаммын ғой. Кейбіреулер туған жерінен жерісе, бұл да бір кем дүние.

Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас,

Үйірінен безінген тұлпар оңбас».

 Иә, біздің ауладағы ағаштарда мына сайрап жүрген жыл құстары қай жерден, қанша қашықтықтан оралды екен? Біз үшін жұмбақ дүние...

Аулада асыр салып ойнап жүрген немерем бір кезде:

– Ата, ата! Қарлығаштар келіпті, қараңызшы, анау бағана басында екеуі отыр, – деп жерден алтын тапқандай қуанып, ентіге сөйледі. Еріксіз немерем саусағымен көрсеткен бағана басына қарадым. Шынында да шықылықтап қос қарлығаш отыр екен. Басын жан-жағына жалт-жұлт бұрып, көзін аудармай қарап бізбен шиқылдай сөйлескендей болады. Біраз жыл болды достық пейілмен, шынайы ниетпен арқа сүйей ұшып келетін екі қарлығаш ұя салып, балапандарын қанаттандырып, «өргізіп» жүр. Міне, биыл да адаспай, жолдың ұзақтығына, шалғайлығына қарамай, кері қайтып келіпті жарықтықтар. Қарлығаштар алғашқы келген күні үйді, қора-қопсыны жын-періден аластағандай күн ұзақ арлы-берлі бір тынбай зу-зу етіп әсем үнмен шиқылдай ұшумен болады. Өткен жылғы салған ұясын ретке келтіріп, жиегін жаңа түйіршік лаймен кірпіш қалағандай жаңартады. Екеуі күні бойы тыным көрмейді, «жұмыссыз» бос отыруы сирек. Бұғаттан атып шығады да, әуеде қалықтаған күйі бір сәтте көзден ғайып болады. Көп ұзамай қайта келеді. Келген сайын титімдей балшық тістеп әкеледі. Оны нобайы біліне бастаған ұяға жапсырады. «Құрылыстарын» бір-екі күнде қалап шығады. «Құс төресі қарлығаш қой, жарықтық. Қарлығаш – адам баласының досы, киелі құс. Өзі ұя салған шаңырақтың ақжолтай тілекшісі, ырысы мен ынтымағының белгісі іспетті. Көпшілік оны тек қуаныш пен ырыс әкеледі деп ырымдайды. Бесіктегі баланың уіліне ол би билейді екен деген де сөз бар. Алыс сапарға жолға шыққан жолаушының аман-есен оралуына ізгі сапар тілейді, майданға аттанған солдаттар кезінде қарлығашпен де қоштасқан екен», – деп отырушы еді ауылымыздың қарақұлақ қариялары. Онысы, сірә, рас болуы керек. Халық айтса – қалт айтпайды.

 Немеремнен:

 – Қарлығаш туралы қандай өлең білесің? – дедім.

 – Иә, ата, білемін. Әнеу бір күні мектебімізде ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, әдеби кеш өтті. Сонда, сынып жетекшіміз маған ақынның «Қарлығашым, келдің бе?» деген өлеңін жаттатып, кеш барсында оқытқан болатын. Оқып берейін бе?

 – Тыңдайын, жақсылап оқы, – дедім көздері қуаныштан күлімдеген немереме. Ол бағана басында отырған қарлығаштарға қарап тұрып, жаттаған өлеңін бастап кетті:

 Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?

Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау-құсым?

Оралдың ба, тағы да өзің өскен ұяға,

Оралдың ба, сүйіктім, екеуің де бармысың?

Қарлығашым, бұ қалай, қайда кеткен серігің?

Ғанибет қой, шіркін-ай, шуылдасаң ұлардай,

Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай,

Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы,

Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай.

 Қарауытып көз алдым, қарап тұрмын досыма,

 Қарлығашым, қайта орал мекеніңе, шошыма.

 Әжем менің күйбеңдеп, күбірлеп жүр аулада,

 – О, бәтшағар өмірай, өмір дейтін осы да!.. – деп екпіндете оқыды.

– Қалай, ата? Сізге өлең ұнады ма?

– Иә, жарайсың! Жақсы екен. Мынау өлең анау отырған қарлығаштарға да ұнаған болу керек. Қанаттарын қағып, бір-бірімен шүйіркелесіп, көңілді шықылықтап отыр.

 – Ата, қарлығаш туралы мына аңыз-әңгімені естіп пе едіңіз? Ташкентте «Қарлығаш би» немесе «Қарлығаш әулие» кесенесі бар дейді білетіндер. Мына әңгіме сол кісі туралы екен. Тыңдайсыз ба? Ежелгі жаугершілік заманның бірінде жоңғар басқыншылары қазақ ауылдарын бірінен соң бірін шауып, құйындата қиратып, үйлерін өртеп шаңырақтарын ортаға түсіріп, тоқтаусыз төстеп-жүйткіп келе жатады. Қарсы тұрарға күш болмағасын қазақтың белгілі биі Төле елді түгел көшіреді де, өзі көшпей қалып қояды. Жоңғар қолбасшысы ауылға жақындағанда жұртта қалған жалғыз үйді көреді. Жақындап келіп, Төле биден:

 – Ауылың қайда? – деп сұрайды.

 – Сенен қорқып көшіп кетті.

– Ал, сен неге көшпедің?

– Киіз үйімнің шаңырағына қарлығаш ұя салып, балапан басып шығарды, солар темір қанат болып, ұшып кеткенше үйімді жықпаймын деп, қалып қойдым. Бұл қасиетті де киелі құс, обалдан қорқып отырмын, – деп жауап беріпті Төле би қария. Сонда дұшпандардың өзі «Бұл тегін адам болмады. Құс екеш құс – қарлығашты аяп, қадірлеп, терең ойлап, өз басын қиындыққа, тіпті өлімге байлап отырған адамды неге сыйламасқа?!» деп, ордасына шақырып, құрмет көрсетіп, аттың басын бұрып, кері қайтқан екен. Сондықтан оны көпшілік «Қарлығаш би», «Қарлығаш әулие» деп құрметтепті, ата.

 – Ой, мына әңгімең шынында да қызық екен, балам. Қарлығашты және де басқа пайдалы құстарды құрметтеулерің керек. Қарлығаш адамға жақын жүреді. Адам өмір сүрген аймақта тіршілік етеді, яғни ұясын адам жүрген жерге салады. Қарлығаш – өте еңбекқор құс. Ата бабаларымыз қарлығашты ежелден жақсы көрген. Қарлығаштай сүйкiмдi, еңбекқор, ақылды болсын деп, қыздарына Қарлығаш деп ат қойған. Әлі де қазақ қыздарының арасында Қарлығаш есімді қыздар аз емес. Қарлығашқа көптеген аңыз-ертегi, мақал-мәтел, жұмбақтар, жыр жолдарын арнаған. Аңыз-ертегiлерде қарлығаштың адамдарға жасаған көмегi айтылады. Мысалы, « Қарлығаштың  құйрығы неге айыр?» ертегісі бойынша мультфильм бар екенін білесің ғой… Қарлығашқа қатысты көптеген ырымжорамалдар да бар. Мысалы, Қарлығаш биiктеп ұшса – күн ашық болады. Жер бауырлап ұшса – жаңбыр жауады. Қарлығаш жылы жақтан оралған кезде қораға қонса, қой егiз туады. Ақ мол болады. Ал үй жақтауына немесе шатырына қонса, сол үйдiң жан басы көбейедi. Түсiңде қарлығаш көрсең бақытқа кенелесiң… Қарлығаш хақында халық арасында аңыз-әңгімелер аз емес. Мысалы, Нұх пайғамбар с.а. кемесіне келіп, шөпті тастап құтқарған да қарлығаш екен. «Адам баласы үй салуды қарлығаштан, өрмек тоқуды өрмекшіден үйренген», – деген ертеден келе жатқан пікір бар. Ол, сірә, рас болар. Ал, енді сен айтшы, қарлығаштың пайдасы жайлы не білесің?

 – Иә, ата, кітаптан оқыдым, қарлығаш сүйкімді, пайдалы құстардың қатарына жатады екен. Зиянды жәндіктердің, әсiресе, шыбыншiркейдi өте көп жеп, ауыл шаруашылығына пайда келтiредi дейді. «Түсiңде қарлығаш көрсең бақытқа кенелесiң» деген сөз де бар емес пе? Қарлығаш өте жақсы, жылдам ұшады, тіршілігінің көп уақытын ауада ұшып жүріп өткізеді екен. Мысалы, сұр қарлығаш сағатына 170 шақырым жылдамдықта ұшады дейді. Су үстінен ұшып бара жатып-ақ су іше береді. Ұшып жүріп қорегін – шыбын-шіркейлерді ұстап жейді. Ашық күндері биіктеп ұшады да, ауа райы жауын-шашынды болар алдында жер бауырлап ұшады. Сондықтан да қарлығаштың ұшу ерекшелігіне қарап ауа райының өзгерісін алдын-ала болжауға болады екен. Дауысы да құлаққа жағымды, онша қатты емес. Қосылып шықылықтасқанда керемет әсем сазды симфония тыңдап отырғандай сезінеді екенсіз.

– Қарлығаш ұясын саз балшықтан сілекейімен араластырып бекем етіп жартас қуыстарына, жағалаудағы жарға, үй ішіне, кейде ағаш басына да салады екен. Ұясы жарты ай немесе түбі кең, аузы тар құмыра пішінді. Ұясының түбіне қауырсыннан, тағы басқа заттардан жұмсақ төсеніш жасайды. Ашық ұядағы жұмыртқа қара теңбілді шұбар, жабық ұядағы жұмыртқа ақ түсті болады. Жылына 1, кейде 2 рет 3-7 жұмыртқа салып, балапан басып шығарады. Балапандары қызылшақа болып туады. Қарлығаш балапанын 24 күн бойы ұядан шығармай жетілдіреді екен. Сондай-ақ қарлығаштың тіршілігін бақылау барысында мен олардың ұя салуы, қоректенуі, жұмыртқа салуы, ұядан қанаттанып ұшуы туралы кітаптан көп нәрсе білдім. Ата, білесіз бе?.. Қарлығаш қанаттанбаған сарауыз балапандарын ұядан абайсызда түсіп кетпесін деп аяқтарын қылмен тұзақтап қояды екен. Сол рас па?

– Естігенім бар. Қарлығаш өте ақылды құс қой. Балапандары сәл үлкейе бастаған кезде ұясынан құлап кетпесін деп, аяғынан қылмен байлап қояды. Қыран да сөйтеді дейді. Атабабамыздың айтуынша, қарлығаштың ұясын бұзу үлкен сәтсіздікке душар етеді дейді. Бұл құстың бүкіл өмірінің басым уақыты ауада өтеді. Басқа құстардан ерекшелігі, аспанда ұшып келе жатып маса-шіркейлермен тамақтана алады, кейбірі ұйықтауға да қабілетті келеді екен.

 – Қарлығаш – мейірімді және бейбітшілік құсы дейді. Оның ұясына басқа құс кіріп кетсе, оған шабуыл жасамай, өзі өзге ұяға көшіп кетеді делінеді. Сол рас па, ата? – Иә, дұрыс. Қарлығаш туралы біраз оқығаның, түсінігің, білімің бар екен. Білім шіркін адамға ешқашан артық болмайды. «Үйрен, үйрен де жирен» немесе «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген қазақта қанатты, мәні терең сөздері бар. Сондықтан, уақытыңды бос өткізіп, бірде бір кітап бетін ашпай, білім алмай, ізденбей, ой-санаңды жетілдірмей бос, сайраңдап пайдасыз жүре бермей, әр күнді, әр мезгілді пайдаңа жаратуың керек. Уақыт – қымбат, қайта оралмайтын дүние. Осыны ұқ балам. Ал қарлығашқа оралсақ, өкініштісі, байқап жүрміз, қарлығаш сиреп барады. Ол бізден, адамдардан, қамқорлықты қажет етеді.

Соңғы жылдары қарлығаш көзге көп шалына бермейді. Әсіресе, қалада тым сирек. Ұя салуға қамданған қарлығашты, есігін айқара ашқан үй иесін де көрмейтін болып барамыз. Есіктер жабылды, құс та өз жөніне кетті. Ал, бұрын қандай еді? Дарқан көңілді қазақтың қай шаңырағы болсын, барлық жанға ашық еді. Бір-бірінің үйіне еркін кіріп-шығып жүретін. Қарлығашқа да орын табылатын. Қазір адамдардан мұндай кеңдікті, жанашырлықты көрмейсіз. Пейілдері тарылып, қатыгездік дендеп барады. Мұны құс та сезгендей... Жанашырлық, аяу деген ұғымдардан алшақтап кеттік. Дәл осылай кете берсек, алдағы уақытта қасиетті құсымыздың «Қызыл кітапқа» еніп кетуі мүмкін-ау деген ойға келесің. Ол да ғажап емес. Сол себепті де табиғатты қорғап, қолда бардың қадірін түсінетін, оларға назар аударатын, қорғауға күш салатын кез жеткен секілді.

– Ата, рақмет. Біраз пайдалы нәрсені ұқтырдыңыз. Әлі де оқитын, үйренетін, зерттейтін дүние аз емес екен, – деп немерем шабыттанып, ризашылығын білдірді.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

Қазақстан Журналистер

 одағының мүшесі.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар