Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТҮРКИЯДАҒЫ ТАБЫС КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ АБЫРОЙЫ АСҚАҚТАДЫ

ТҮРКИЯДАҒЫ ТАБЫС КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ АБЫРОЙЫ АСҚАҚТАДЫ
ашық дереккөз
ТҮРКИЯДАҒЫ ТАБЫС КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ АБЫРОЙЫ АСҚАҚТАДЫ
Түркияның Изник қаласында өткен IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Байрақты бәсекеге әлемнің 102 мемлекетінен 3 мыңнан астам спортшы 13 спорт түрінен қатысты. Қазақ спортшылары спорттың 5 түрінен (қазақ күресі, көкпар, көкбөрі, жамбы ату, садақ ату) өнер көрсетті. Жекелей тоқталар болсақ, қазақ күресі бойынша біздің құрама спортшылары 6 медаль еншіледі. Марат Нығматуллаев 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанса, 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі алтынды Зарина Сарипова жеңіп алды. Сондай-ақ Еламан Қойшыбаев (80 келі) пен Рауза Нұрмұхамметова (55 келі) күміс, ал «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов (+80 келі) пен Мөлдір Азамат (+65 келі) қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар Қасымхан Қанат дәстүрлі садақ атудан финалда өнер көрсетіп, 95 спортшы бақ сынаған бәсекеде күміс жүлдеге ие болды. Ал көкбөріге Қазақстан, Қырғызстан, Түркия командалары қатысты. Түркия командасы өз қалауы бойынша үшінші орынға келісім беріп, ақтық сынға қазақ-қырғыз құрамалары өтті. Ақтық сында Қазақстан – Қырғызстан командаларының ойыны 0-5 есебімен аяқталып, спортшыларымыз күміс жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан құрамасы көкпардан чемпион атанып, Қырғызстан командасын 4:3 есебімен жеңді. Финалға жету жолында қазақстандықтар Өзбекстан (8:1) мен Моңғолия (12:2) спортшыларын ойсырата жеңген болатын. Тас тақым, құрыш білек жігіттердің бәсекесінде ел намысын Ұ.Байтөреев, А.Нышанбеков, Қ.Тұрғанбек, А.Жамалбеков, Қ.Тоғайбаев, Е.Құрманбай, Б.Әзімбаев, И.Рәт, Д.Айтан, А.Бердіқұл, Ы.Әліпбаев, Ә.Мамыт абыроймен қорғады. Айта кетейік, 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Қазақстанда өтеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев өзінің «Facebook» парақшасында жазды. «Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Мәдениет және спорт министрлігі делегациясы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін Түркияға арнайы барып, ақжолтай жаңалықпен оралып отыр. Сапар барысындағы өзекті мәселелердің бірі – Қазақстанда V Ойындарды өткізу жөніндегі келіссөздер болатын. Нәтижесінде Түркияның Жастар және спорт министрі Мехмет Касапоглу кеше салтанатты түрде аталған ауқымды шараның эстафетасын елімізге табыс етті. Яғни ресми түрде Қазақстан – 2024 жылғы V Дүниежүзілік көш­пен­ді­лер ойындарын өткізуші мемлекет ретінде белгіленді. Бұл – айтарлықтай қуаныш, әрі аса жауапты жұмыс. Мыңжылдықтардың мұрасына ие, көшпелі дала салтын ұлықтаған ел ретінде бұл дүбірлі доданы жоғары деңгейде өткіземіз деп сенемін. Кеше Түркия төрінде ел намысын қорғап, ерекше нәтиже көрсеткен барлық жеңімпазды тағы да шын жүректен құттықтаймын!», деді Дәурен Абаев.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар