Жыл он екі ай бойы қызмет ететін оқу-сауықтыру орталығының директоры Салтанат Құрманованың айтуынша, мекеме бір жылда 16 ауысым бойынша 900 оқушыны қабылдайды. Орталық жаз мезгілдерінде де қызметтерін тоқтатпайды. Жаз айларында ерекше білімді қажет ететін балалар арнайы білім алып, демалады екен.
– Бүгінде облыстық «Мөлдір Бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының жұмыс істеп келе жатқанына үш жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында орталық өңірдегі салауатты өмір салты мен білімді ұштастырған маңызды мекемеге айналды десем болады. Қазіргі таңда мұнда 74 маман қызмет етеді.
Біздің мекеме оқу-сауықтыру орталығы болғандықтан, қыркүйек-мамыр айлары аралығында балалар 20 күнге, ал жаз мезгілінде 15 күндік ауысыммен демалуға келеді. Осы уақыт ішінде олардың демалысы мен білім алуы қатар ұйымдастырылады.
Күн тәртібі таңғы жаттығудан басталып, таңғы астан кейін негізгі пәндер бойынша сабақтар өткізіледі. Сабақ барысында заманауи технологиялар қолданылып, математика, физика, химия пәндері бойынша есептерді тиімді әрі жеңіл тәсілдермен шығару жолдары үйретіледі. Соның нәтижесінде оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, мектеп бағдарламасынан қалыс қалмауына мүмкіндік жасалады. Педагогтер жас болғанымен, жоғары білімді, білікті мамандар. Оқу кабинеттері жаңа технологиямен жабдықталған.
Түскі астан кейін балалардың тынығу уақыты қарастырылып, сағат 16:00-де үйірме жетекшілерімен түрлі бағыттағы үйірмелер басталады. Үйірмеден соң жоспарға сәйкес іс-шаралар ұйымдастырылады. Іс-шаралардың барлығына балалар топ болып қатысады. Топтық жұмыс арқылы тұйық немесе ұялшақ балалар да ашылып, өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік алады. «Мен қатыспаймын» немесе «Менің қолымнан келмейді» деген сөздер сабақ барысында сирек айтылады, өйткені балалар бір-бірін қолдап, ортақ нәтижеге жетуге ұмтылады. Әр іс-шараға жауапкершілікпен қарап, бар өнерін салады. Ауысым соңында балалардың «20 күн 20 сағаттай ғана өтті» деп жүрекжарды тілектерін білдіруі – ұжым еңбегінің нәтижесін көрсететін ең үлкен қуаныш, – деді орталық басшысы.
Орталықта әр ауысым бекітілген жоспарға сәйкес өткізіледі. Жоспар аясында оқыту семинарлары, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар, психологиялық тренингтер, әртүрлі сала мамандарымен кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады.
– Орталық балалардың денсаулығын нығайтуға ерекше басымдық береді. Күнделікті таңғы жаттығу өткізіліп, одан кейін денсаулыққа пайдалы оттегі коктейлі мен түрлі фито-шайлар ұсынылады. Демалушы балалардың оқу бағдарламасынан қол үзбей, білімдерін үздіксіз жалғастыруы үшін орталықта арнайы бейімделген оқу ғимараты жұмыс істейді. Спортты қолдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында арнайы жабдықталған спорт алаңы мен воркаут алаңы бар. Жатын бөлмелер толықтай «СанПиН» талаптарына сәйкес жабдықталған. Барлық ғимараттар әжетхана және жуынатын бөлмелермен қамтамасыз етілген.
Орталықта негізгі пәндер бойынша сабақтар жүйелі түрде жүргізіледі. Пән мұғалімдері білікті, тәжірибелі мамандар. Барлық сыныптарға арналған оқулық қоры жеткілікті, оқушылар оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Оқу үдерісі тек білім берумен шектелмей, білім алушының жан-жақты дамуына бағытталады.
Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес шығармашылық және спорттық бағыттар бойынша түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Тоқталып өтер болсақ, қолөнер, домбыра, сурет, робототехника, сөйлеу шеберлігі, репортерлік, ұлттық және үстел ойындары, жеңіл атлетика секілді үйірмелер жүргізіліп, балалардың қабілетін ашуға және жан-жақты дамуына жағдай жасалады, – дейді орталық директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дарья Мақсутқызы.
Орталыққа 12 ауданнан балалар келетіндіктен, олардың тарихи-мәдени және рухани танымын кеңейтуге ерекше мән беріледі. Осы мақсатта негізге ала отырып орталық мамандары Тараз қаласындағы киелі орындармен балаларды толық таныстырады. Экскурсияда әрбір тарихи ескерткіш, кесене немесе мұражай бойынша балаларға егжей-тегжейлі ақпарат беріледі, олардың құрылу тарихы, маңызы, ата-бабаларымыздың мәдениеті мен дәстүрі түсіндіріледі.
Орталыққа демалып әрі білім алуға келген өреннің бірі – Т. Рысқұлов ауданы, Абай орта мектебінің 9-сынып оқушысы Інжу Серікқызы.
– Мен «Мөлдір бұлақ» орталығына алғаш келген күннен бастап өзімді ерекше ортаға түскендей сезіндім. Орталыққа келмес бұрын бізді қаланың қасиетті, тарихи орындарымен таныстырып, қызықты экскурсия ұйымдастырды. Сол арқылы біз қаланың тарихын тереңірек біліп, рухани байып қайттық. Орталықта көптеген жаңа достар таптым. Біз бір-бірімізді тез түсінісіп, ортақ қызығушылықтарымыз арқылы жақын араласып кеттік.
Орталықтың ауасы таза, айналасы жасыл желекке толы. Ауласы кең әрі көрікті, табиғатпен етене жақын орналасқандықтан, көңіл күйге әсер етеді. Әрдайым жасыл желекті көргеннен соң көңіл күйім үнемі көтеріңкі болады. Орталықта тапқан достарыммен сабақтан кейін таза ауада серуендеп, ойын ойнап, демаламыз.
Мұндағы мұғалімдер біз сияқты жеткіншектермен тез тіл табыса алады. Олар әр сабақты түсінікті, жеңіл әрі қызықты етіп өткізеді. Қиын тақырыптардың өзін қарапайым мысалдармен жеткізіп, бәріміздің түсінуімізге жағдай жасайды. Әрқашан қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырады.
Орталықтың іші әрдайым тыныш әрі жайлы. Мұнда біз тек сабақ оқып қана қоймай, бос уақытымызда демалып, пайдалы істермен айналысамыз. Тамақтары да өте дәмді әрі құнарлы. Асханасында қызмет ететін апайлар мейірімді, әрдайым жылы жүзбен қарсы алады. Күтушілердің қамқорлығы мен жанашырлығы ерекше сезіледі.
«Мөлдір бұлақ» орталығы мен үшін оқу-сауықтыру орталығы ғана емес, екінші үйіме айналған ыстық мекен. Мұнда алған білімім, тапқан достарым және көрген әсерлі сәттерімді әрдайым есіме алып отырамын,– деді Інжу Серікқызы.
Расында да оқу-сауықтыру орталығы – тек демалыс орны ғана емес, білім мен тәрбиені, денсаулық пен рухани дамуды тоғыстырған орта. Мұнда әрбір бала өз мүмкіндіктерін сынап көріп, болашаққа нық қадам жасауға әрекет етеді.
Сымбат ҚУАНЫШ



