Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таразда «Конституциялық реформаға қолдау» атты ауқымды live-концерт өтті

Таразда «Конституциялық реформаға қолдау» атты ауқымды live-концерт өтті
arainfo.kz
Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Конституциялық реформаға қолдау» атты live-концерт өтті , деп хабарлайды arainfo.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, конституциялық өзгерістер – елдегі жүйелі саяси жаңғырудың жалғасы. Президенттің айтуынша, реформалардың басты мақсаты – әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарын нығайту, өкілді институттардың рөлін күшейту және билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылды теңгерімді ету. Сондай-ақ ол ұсынылған өзгерістерді ашық қоғамдық талқылаудан өткізіп, халықты кеңінен ақпараттандырудың маңызын атап өтті.

Іс-шара мәдени-көпшілік форматта ұйымдастырылып, оған Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты. Сахнада қазақстандық танымал орындаушылар – Kalifarniya және DARICORN өнер көрсетті. Сонымен қатар облыстық филармония әншілері де көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Концерттік бағдарлама жалпыұлттық коалиция мүшелерінің баяндамаларымен жалғасты. Жамбыл облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбек Кадралиев, Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті студенті Аяна Ким, «Жастар Рухы» жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ерғали Әбуғали Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, алдағы референдум туралы ақпарат берді. Олар саналы таңдау жасаудың және белсенді азаматтық ұстанымның маңызын ерекше атап өтті.

Айбек Кадралиев өз сөзінде конституциялық өзгерістер елдің саяси дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын және қазіргі реформалар тарихи жаңғыру үдерісінің маңызды бөлігі екенін айтты.

«Ата заңымыз заман талабына сай, жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып әзірленді. Бұл еліміздің тұрақты дамуына және ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік береді. Әрбір қазақстандық референдумға қатысу арқылы өз азаматтық ұстанымын білдіріп, әділетті, ашық әрі заманауи мемлекет құруға үлес қосуы тиіс», – деді ол.

Ал, Аяна Ким референдум өткізуді ел үшін маңызды қадам деп бағалап, бұл тек заңға өзгеріс енгізу емес, халықтың мемлекет ісіне кеңінен араласуына берілген мүмкіндік екенін атап өтті.

«30 жылдан бері еліміздегі бірлік пен татулықты нығайтып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа кезеңде де өз жұмысын жалғастырады. Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Сондықтан ұлтаралық келісім мен өзара құрмет әрдайым маңызды. Ассамблея әр этностың мәдениетін сақтауға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жол ашты. Бұл тәжірибе алдағы уақытта да жалғасады деп сенемін», – деді ол.

Ерғали Әбуғалидың айтуынша, Жаңа Конституция жобасы азаматтардың қоғамдық-саяси процестерге қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, жастардың белсенділігін арттыруға жағдай жасайды.

«Ұсынылып отырған өзгерістердің түпкі мәні – тәуелсіздігімізді нығайтып, оны келер ұрпаққа аманат ету. Алдағы референдум – бұл жай ғана дауыс беру емес, әрқайсымыздың ел тағдырына қосатын үлесіміз. “Менің пікірім маңызды” деп айту мүмкіндігі. Болашақ – өз қолымызда», – деді Ерғали Әбуғали.

Жамбыл облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мәліметінше, іс-шара 5 мыңнан астам адамды біріктіріп, өңірдегі жалпыұлттық түсіндіру науқаны аясындағы алғашқы ауқымды қоғамдық алаңдардың біріне айналды.  Айта кетейік, бұған дейін аймақта жетекші саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан коалиция құрылған болатын.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар