Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты азаматтық жауапкершілікке, елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі істер органдарында қызмет ету идеясын насихаттау және кәсіби бағдар беру. Жаңа бастама жасөспірімдердің бойында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, тәртіп пен заңға құрмет сезімін арттыруға бағытталған.
Іс-шара барысында алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ортаға шығарылып, еліміздің Әнұраны әуелете шырқалды. Одан кейін «Жас сақшы» сыныбына қабылданған 8-сыныптың 24 оқушысы салтанатты түрде ант қабылдап, қолдарына арнайы куәліктер табыс етілді.
– Салтанатты түрде ант қабылдаған жас тәртіп сақшыларын құттықтаймын. Бұл жас ұрпақтың бойында патриоттық рух пен Отанға қызмет ету ұстанымын насихаттайтын игі бастама. Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруда Ішкі істер министрлігінің бастамасымен республика көлемінде ашылып жатқан «Жас сақшы» полиция сыныптары білім берумен шектелмей, оқушыларды құқықтық мәдениетке баулып, патриоттық рухын оятып, тәртіптің маңыздылығын ұғындырып, жоғары адами құндылықтарды қалыптастырады. Еліміздің болашағы – саналы, отансүйгіш, жауапкершілігі жоғары жастардың қолында. Осы жолда оқушыларымыз полиция қызметінің қыр-сырына қанығып, құқықтық тәртіптің мән-маңызын ұғынып, азаматтық ұстанымы жоғары, жарқын болашаққа бет түзейтін азамат болып өседі деп сенеміз. 2011 жылдың қараша айында облыс орталығы Тараз қаласында орын алған ланкестік оқиға кезінде қанды қол қылмыскерді құрықтау барысында облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жеке полиция батальонының жедел ден қою взводының полицейлері, полиция аға сержанты Полат Аянқұлов пен полиция сержанты Жақсыбек Байсейтов ерлікпен қаза тапқан еді. «Жас сақшы» полиция сыныбы осы екі азаматтың атынан ашылып отыр. Олар қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен қажырлығы үшін 3 дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған болатын. Аталған әріптестеріміздің ерліктерін жас ұрпаққа үлгі ретінде үнемі айтып жүреміз, – деді жиында сөз сөйлеген облыстық мемлекеттік күзет қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жамалбек Пиртаев.
Бұдан кейін облыс әкімдігі білім басқармасының тәрбие бөлімінің бас маманы Мұхтар Керімбеков, осы мектеп-гимназияның директоры Индира Нұралиева, облыстық «Ауған соғысы ардагерлері» кеңесінің төрағасы, мектепішілік қамқоршылық кеңесі және ата-аналар комитетінің төрағасы дүкенбай Ермеков, мектепішілік ата-аналар кеңесінің мүшесі Ниет Молдабаев сөз сөйледі. Олар өз сөзінде өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ, жас сақшыларға білім мен тәртіпті қатар ұстанып, елдің сеніміне лайық болуға шақырды.
Іс-шара барысында облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мен білім беру мекемесі арасында ынтымақтастықты нығайтатын өзара әріптестік жөніндегі келісімге бастамашылдық жасалды, яғни екіжақты меморандумға қол қойылды. Аталған білім беру мекемесінің директоры Индира Абжанқызының айтуынша, осы арқылы «Жас сақшы» сыныбының жұмысы жүйелі ұйымдастырылып, кәсіби бағдары айқындалмақ.
Құқық қорғау органдарының басшылығы, ардагерлер, педагогтер, ата-аналар және оқушылар қатысқан іс-шарада арнайы қойылымдар, кинолог мамандарының көрсетілімі, би және музыкалық нөмірлер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар мектептің мәжіліс залында Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған «Капитан Байтасов» көркем фильмі көрсетілді.
Бұдан кейін жаңадан ашылған «Жас сақшы» сыныбының летнасы қиылды. Ж.Пиртаевтың сөзіне сүйенсек, бұл мемлекеттік күзет қызметінің білім мекемесімен бірлесе ашқан облыстағы алғашқы «Жас сақшы» сыныбы екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ



