Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға, алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды.
– Мемлекет басшысы медициналық көмектің бірыңғай пакетін құруды тапсырды. Бүгінде біз кезең-кезеңімен сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау моделіне көшіп келеміз. Сонымен қатар Үкіметке жыл соңына дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін толық цифрландыру тапсырылды. Тек осы жағдайда ғана жұмыс процестерінің ашықтығы қамтамасыз етіліп, қаражаттың мақсатты жұмсалуына кепілдік берілетін болады. Бұл – жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттыруға және халықтың сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам, – деді басқарма басшысы.
Сержан Сәрсенбекұлының айтуынша, 2026 жылғы 4 ақпандағы мәліметке сәйкес облыс бойынша медициналық ұйымдарға тіркелген халық саны 1 171 882 адамды құрайды. Сақтандырылған азаматтар саны – 1 012 856 (86,4 пайыз). Оның ішінде Д және Е категориялары бойынша 58 419 пациент тіркелген. Сондай-ақ медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылмаған халық саны 159 066 (13,6 пайыз) екен.
2026 жылдан бастап облыс әкімдігі D және E санаттарына жататын азаматтарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен (МӘМС) қамтамасыз ету үшін 2 853 382 000 теңге бөліпті.
– Облыс деңгейінде Д-есептегі санаттар бойынша сақтандырылмаған азаматтардың саны 2025 жылғы 18 қарашада 26 227 адам болса, 2026 жылғы 4 ақпанда 15 851 адамға дейін төмендеді. Яғни 10 376 адамға азайып, 39,5 пайызға қысқарды. Бұл – жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесі. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының орталық аппаратынан жолданған деректерге сәйкес, Д-есепте тұрғанымен МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар туралы ақпарат ұсынылған. Алдын ала талдау және медициналық ұйымдар жүргізген тексеру барысында ұсынылған 26 227 адамның 10 026-сы нақты Д-есепте тұрмайтыны белгілі болды. Қазіргі таңда мұндай азаматтарды тізімнен шығару үшін Денсаулық сақтау министрлігіне ресми хат жолданды, – деді Сержан Назарбек.
Басқарма басшысының келтірген деректеріне сүйенсек, жекелеген аурулар бойынша да оң динамика қалыптасқан. Қант диабетімен есепте тұрған сақтандырылмаған азаматтар саны 1390 адамнан 596 адамға дейін азайып, 57,1 пайызға төмендеген. Гломерулярлық аурулар бойынша көрсеткіш 36 адамнан 21 адамға қысқарса, балалардың сал ауруы бойынша 8 адамнан 5 адамға дейін кеміген.
Келесі кезекте басқарма басшысы азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
– Сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік портретін қалыптастыру үшін медициналық ұйымдар тарапынан үй аралау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Call-орталық мамандарына арнайы оқыту ұйымдастырылып, халықпен жұмыс істеудің бірыңғай алгоритмі бекітілді. Жиі қойылатын сұрақтарға арналған тезистер мен бейнероликтер дайындалып, айналымға енгізілді. Ақпараттық-әдістемелік материалдар әзірленіп, тұрғындарға кеңінен таратылуда, – деген Сержан Сәрсенбекұлы 2026 жылы денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект негізіндегі дауыстық көмекшілерді енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
Бұл жүйе скринингтік зерттеулерге шақыру, балаларды вакцинациялау және сақтандырылмаған азаматтармен байланыс орнату үшін қолданылады.
– Автоматты хабарласу арқылы сақтандырылмаған азаматтардың мәртебесін анықтап, төлем жасау тәсілдері мен қажетті қадамдар бойынша нақты бағыт-бағдар беріледі. Нәтижесінде сақтандырылмағандар үлесі азайып, медициналық көмекке қолжетімділік бойынша шағымдар төмендейді деп күтілуде, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Облыс әкімі және қала әкімі орынбасарларының қатысуымен 8 штаб отырысы өткізілген. Медиа-жоспар бекітіліп, спикерлер құрамы айқындалған. 22 желтоқсанда басқарма мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы бірлесіп брифинг өткізген. Облыстық телеарнаның «Ұлт саулығы» бағдарламасында заңнамадағы өзгерістерге арналған 5 бағдарлама эфирге шығып, бұқаралық ақпарат құралдарында 18 мақала жарияланған. Әлеуметтік желілерде 1020 ақпараттық материал таратылып, Тараз қаласында 18 LED экран мен 88 мекемеішілік теледидарда көрсетілім ұйымдастырылған. 55 автобуста дыбыстық ақпараттандыру жүргізіліп, 10 320 буклет, баннер, плакат пен жадынама үлестірілген.
2026 жылға арналған төсек қоры да оңтайландырылған. Тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлардағы төсек саны 5 761-ді құрайды, оның 5 155-і мемлекеттік, 606-сы жекеменшік секторда. Стационарды алмастыратын көмек бойынша 853 орын қарастырылған. Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығымен бірлесіп төсек саны 5 997-ден 5 761-ге дейін қысқартылып, 238 төсек оңтайландырылған.
Жиын барысында облыс әкімі МӘМС жүйесіне жылдар бойы жарна төлеп, алайда медициналық қызметке жүгінбеген азаматтарға қаражаттың бір бөлігін қайтару мүмкіндігі бар-жоғын сұрады. Басқарма басшысы бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде заңнамаға өзгерістер қарастырылып жатқанын айтты.
– Қазіргі таңда заңға түзетулер енгізілуде. Соның аясында емханаларға жыл бойы жүгінбеген пациенттерге бөлінген қаражаттың 20 пайызын қайтару мәселесі талқыланып жатыр. Дегенмен бұл әзірге нормативтік-құқықтық актілер деңгейінде қаралу үстінде. Түпкілікті шешім Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне жатады, біз заңнамалық өзгерістерді күтіп отырмыз, – деді ол.
Ербол Шырақпайұлы ересектерге арналған базалық стоматологиялық қызметтерді МӘМС пакетіне енгізу мәселесін де тиек етті.
– Қазіргі таңда кепілдендірілген медициналық көмек аясында 15 санат қарастырылған. МӘМС жүйесі бойынша стоматологиялық көмек жүкті әйелдерге, балаларға және зейнеткерлерге көрсетіледі. Ал ересектерге арналған базалық стоматологиялық қызметтер әзірге пакетке енгізілмеген. Бұл мәселе де Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретінде. Біз өз тарапымыздан ұсыныстар беріп, талқылау жұмыстарына қатысып отырмыз, – деп түйіндеді Сержан Назарбек.
Келесі кезекте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыс бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың баяндамасы тыңдалды.
Қазіргі таңда сақтандырылған азаматтар санының динамикасы 4 ауданда жоғары пайыздық көрсеткіш деңгейінде қалыптастырып отыр. Жиын барысында облыс әкімі МӘМС жүйесіне қатысты аудандардағы ахуалды нақтылау мақсатында Қордай, Меркі, Шу және Жуалы аудандарының әкімдерінен жауап алды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев баяндама жасады.
– 2025–2026 жылғы мал қыстатуға облыстың барлық санаттағы шаруашылықтарында 3,8 миллион бас мал түсті. Оның 3,2 миллионы – ұсақ мал, 450,1 мыңы – мүйізді ірі қара, 183,6 мыңы – жылқы, 8,3 мыңы – түйе. Мал басының өсу динамикасы сақталып отыр. Қыстауға түсетін малды азықпен толық қамтамасыз ету үшін 92,1 мың тонна сүрлем, 2,2 миллион тонна пішен, 119,9 мың тонна пішендеме, 480,3 мың тонна сабан және 214 мың тонна құнарлы жем дайындалды. Жиналған мал азығы қажеттілікті толық өтейді. Облыс бойынша 5862 мал қыстату орны бар, оның 1020-сы шалғай жайылымдарда орналасқан. Қысқа дайындық аясында 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар, 936 баз жөндеуден өткізілді. Барлық аудандарда жедел штабтар құрылып, арнайы техника тарту бойынша меморандумдар жасалды. Қазіргі таңда 1347 трактор мен 758 автокөлік жұмылдырылған. Шаруашылықтарға қолдау көрсету үшін мал азығының сақтандыру қоры жасақталды. Қосымша пішен дайындалып, жоспар артығымен орындалды. Мал қыстауы тұрақты бақылауда, аудандардан апта сайын және ауа райына байланысты күнделікті ақпарат алынып отыр. Бүгінгі таңда мал шығыны тіркелген жоқ, науқан қалыпты өтуде, – деді Әбдірәсіл Серікұлы.
Жиын соңында облыс әкімі бірқатар тапсырма жүктеді. МӘМС жүйесімен халықты толық қамту, 159 066 азаматты сақтандыру жұмыстарын жеделдету, сақтандырылмағандар санын азайту міндеті қойылды. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және медициналық ұйымдарға төлемдердің уақытылы жүргізілуіне бақылау күшейтілетінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ көші-қон қызметін жандандыру, бейресми жұмыспен қамтылғандарды ресми еңбекке тарту, МӘМС бойынша берешектерді өндіру тапсырылды. Мал қыстату кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу, арнайы техникаларды дайын ұстау және ветеринариялық-профилактикалық жұмыстарды толық орындау міндеттелді.
Облыс әкімі барлық тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
Айжан ӨЗБЕКОВА




