Осындай қасиетті жерде дүниеге келіп, текті тәрбие көріп өстік. Әкеміз Бейсенбай Көпбосынұлы – елге сыйлы, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болды. Соғыс жылдарының ауыртпалығын көрген буын өкілі еді. 1942 жылы майданға аттанып, елге тек 1950 жылы оралған. Соғыстан кейін де үш жылдай әскери міндетін атқарып, одан соң Семейде техникумды тәмамдап, жолдамамен Ақкөлге жіберіледі. Сол жерде болашақ қайынатасымен әріптес болып, анамызбен танысып, шаңырақ көтереді. Әкем әскери тәртіппен шыңдалған, мінезі қаталдау кісі еді. Балаларымен көп сырласа бермейтін. Бірақ біз оның бойынан жауапкершілік пен көшбасшылық қасиетті үйрендік.
Анамыз Айткүл – сегіз перзентті дүниеге әкеліп, бәрімізді мейірім мен тәртіпке бөлеп өсірген асыл жан. Айт күні туғандықтан есімі де сүннетпен қойылған. Сегіз құрсақ көтерсе де, сымбатын да, сабырын да сақтаған. Мейірімді болғанымен, еңбек пен тазалыққа келгенде өте талапшыл еді. «Еңбек, тәртіп, тазалық» деген ұғымдарды санамызға бала күнімізден сіңірді. Үй ішінің ұйытқысы, бәрін үйлестіріп отыратын дана ана болды. Бір баласы қандай да бір қиындыққа душар болса, қалғанымызды соған жұмылдырып, бауырмалдыққа баулыды.

Үйіміздің төрі қонақтан босамайтын. Әкем қызметте жүрсе де, елмен аралас-құралас болатын. Біз бала кезімізден еңбекке араласып, қонақ күтіп, қызмет жасап өстік. Қонақ келгенде тып-тыныш жүретінбіз. Біреуіміз шу шығара қалсақ, анамыз байқатпай келіп шымшып алатын. Сол жеткілікті еді. Тәрбие деген – сол.
Отбасымыздағы сегіз баланың барлығы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияда білім алды. Ата-анамыздың қатаң талабы мен дұрыс бағытының арқасында бәріміз жоғары білім алдық. Өзім мектепті күміс медальмен, институтты алтын медальмен тәмамдадым. Әкем «Аяз би әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл!» деп басталатын әңгімесін білімнің қадірін түсіндірумен аяқтайтын. Сол сөздер бізге өмірлік бағдар болды.
Еңбек жолымды әртүрлі салада бастап, тәжірибе жинақтаған соң мемлекеттік қызметке келдім. Меркі, Жуалы аудандарының әкімі қызметін атқардым. Жер қатынастары басқармасын сегіз жыл басқардым. Қай қызметте жүрсем де, ата-анамның атына кір келтірмеуді ойладым. Анам мені телеарнадан көрсе, газеттен оқыса, марқайып қалатын. Бірде Меркі ауданында әкім болып тұрғанымда анам әпкеммен бірге шипажайға барып демалды. Соңғы күні алып кетуге барғанда ғана жұрт оның әкімнің анасы екенін біліп, таңғалыпты. «Неге айтпадыңыз?» дегенде, «Ел қатарлы жүрейін» деп жауап берген екен. Бұл – оның қарапайым болмысы.
Жарымды да анамның ақылымен таңдадым десем болады. Бірақ ешқашан балаларының таңдауына қарсы болған емес. Отбасымыз интернационал. Өзге ұлттан келін түсіріп, қыз бергенбіз. Бұл да анамыздың кеңдігін көрсетеді.
Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрдік. Отбасымыздың ортан жілігі болған Бақытжан ағам – біздің тірегіміз еді. Қанат інімді де ерекше сағынамын. Ол менің жанымдағы сенімді серігім болатын. Мектепте де, лагерьде де, кейін кәсіпте де бірге жүрдік. Досым, сырласым, ақылшым еді. Өкінішке қарай, бүгінде ұлдан өзім ғана қалдым. Қолдан келері – дұға жасау, артында қалған ұрпағына қамқор болу. Бұл – ағалық әрі азаматтық парыз.
Анам сегіз баласын көзге көрінбейтін мейірім жібімен бір-біріне байлап кеткендей. Бүгінде біздің балаларымыз да бір-біріне жанашыр, той-томалақта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жүреді. Бұл – ананың аманатының жалғасы.
Анам буы бұрқыраған етті тамаша пісіретін, дастарқаны мол, қабағы ашық болатын. Мен анама өзім сыйлық алғаннан гөрі, ақшалай бергенді құп көретінмін. Анам өзіне қалаған затын таңдап жүріп алғанды жақсы көруші еді. Әйел затына сенім білдіру – құрметтің белгісі деп білемін. Биыл тірі болғанда тоқсан жасқа толар еді.
Бүгінгі жеткен жетістігім – әуелі Алланың, одан кейін ата-анамның берген тәрбиесінің жемісі. Әкем өмірдің қиындығын көріп шыңдалған жан болса, анам сол қатал өмірдің ортасында жүріп жүрекке жылу ұялата білді. Бізге тек білім алып, қызмет ету емес, адам болып қалуды үйретті. Сол ұстаным мен үшін өмірлік темірқазыққа айналды.
Анам кенже ініммен бірге тұрды. Үйіміміз жақын орналасқандықтан күнделікті қарбалас тіршіліктің арасында анама соғып, хал-жағдайын біліп, батасын алып шығатынмын. Ол кісі әр баласының жайын жіті біліп отыратын. Қайсыбіріміздің шаруамыз тұралап қалса немесе алда үлкен жиын болса, бәрімізді ақылмен жұмылдырып, ауызбіршілікке шақыратын. Оның осы сабырлы ұйымдастырушылығы отбасының берекесін арттырды.
Анам көп сөзге жоқ, бірақ ойы терең адам еді. Ауыл-аймақ та оны құрмет тұтатын. Дастарқан басында болсын, күнделікті тіршілікте болсын, артық қылық пен орынсыз әрекетке жол бермейтін. Баланың тәрбиесі ұсақ-түйектен басталатынын ісімен көрсетті. Үйге келген қонаққа қызмет ету, үлкенге ізет көрсету, таза жүру – бәрі өмірлік әдетке айналды.
Қазір өткен күндерге ой жүгіртсем, анамның әр ісінен парасат пен пайым көрінеді. Балаларының татулығын бәрінен жоғары қойды. «Бір-біріңе сүйеу болыңдар» деген үнсіз өсиеті бізді әлі күнге дейін біріктіріп тұр. Сол кісінің қарапайым қалпы, сабырлы сөзі, мейірімге толы жанары жадымда. Уақыт өткен сайын ананың қадірі арта түседі екен. Асыл анамның тәрбиесі – мен үшін сарқылмас рухани күш.
Бақтияр КӨПБОСЫНОВ,
«Қазақ Газ Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық филилының директоры



