Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Біздің мақсат – өткенді ұмытпай, оны жаңаша жаңғырту»

«Біздің мақсат – өткенді ұмытпай, оны жаңаша жаңғырту»
Автор
Осыдан отыз жыл бұрын Әулиеата өңірінің ақпарат айдыны тағы бір басылыммен толыққан еді. Жалпы дәстүрлі басылым оқырманға берерін салмақты ой, сүбелі сөз қолдану арқылы, қандай да бір тақырыпты талдап, сараптап барып ұсынатыны баршаға аян. Өз міндетін жоғары жауапкершілікпен атқаратын газет сонысымен құнды. Алғашқы кезде «Jambyl-Taraz» газеті Тараз қаласының тыныс-тіршілігін тақырыпқа арқау етсе, бүгінде облыс көлемінде қалың оқырманның көңілінен шыққан орны бөлек басылымға айналды. Асқаралы белесті бағындырған аталған басылымның мерейтойы қарсаңында біз оның бас редакторы Саятқан Сатылғановпен сұхбаттасқан едік.

– «Jambyl-Taraz» газеті өзінің 30 жылдық тарихында қандай жолдан өтті, газет кімнің қолдауымен ашылды, алғашқы редакторы болды? Сұхбатымызды өткен күндерге саяхаттан бастасақ.

– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Бүгінде ақпарат айдынында жаңалықтың жаршысы болып жүрген үнпарақтар аз емес. Соның бірегейі облыстық «Jambyl-Taraz» газеті биыл 30 жылдық белесіне келіп отыр. 1996 жылдың 16 ақпанында алғашқы саны жарық көрген газет шаһардың шамшырағына, аймақтың айнасына айналды.

Ел егемендік алған қиын-қыстау кезеңнің өзінде еңсе тіктеп, болашаққа нық қадам басқан басылымға ең алғаш сол кездегі Тараз қаласының әкімі Болат Жылқышиев қолдау көрсеткен. Ал газеттің тұңғыш бас редакторы болып Дархан Байтуов тағайындалады. Бастапқыда демеушілердің көмегімен жарық көрген қалалық газет 3 мың оқырманнан бастап, 22 мың оқырманға дейін тарай бастайды. Дархан Байтуовтан кейін газетті әр жылдары Болат Дүйсебаев, Ирина Маликова, Көкен Оршабеков, Эльмира Мырза-Ғали сынды журналистер басқарып, өзіндік қолтаңбасын қалдырды. «Jambyl-Taraz» газетінің тізгінін бірнеше жыл ұстаған жазушы, ақын, драматург, марқұм Болат Бекжанов ағамыздың да еңбегі ел есінде. Ал газетті ең ұзақ уақыт басқарған Эльмира Иниятқызы үнпарақтың өрістеуіне өлшеусіз үлес қосқаны даусыз.

2021 жылы газеттің тізгінін белгілі журналист Дәулет Төленді қолына алды. Талай жыл өңірлік басылымдарды басқарып, журналистика саласында ысылған азамат үнпарақтың өрісін қалалық деңгейден облыстық деңгейге көтеріп, көкжиегін кеңейте түсті. Газеттің тынысын түрлі айдарлармен жандандырып, таралымы бойынша алдыңғы қатарға шығарды. Осылайша таралымы бір кездері қалалық шеңбермен ғана шектелген газет бүгінде облыстық басылымдармен бір қатарда үзеңгі қағыстырып келеді.

– Газет құрылған алғашқы жылдар мен бүгінгі кезеңнің басты айырмашылығы неде? 30 жылда редакция қандай кезеңдерді бастан кешті, оқырман саны қай кезде артты, қай кезде түсті, оның себебі неде?

– Сөз басында айтып өткенімдей, газет ең алғашында демеушілер есебінен жарық көрген. Алайда басылым тікелей Тараз қаласы әкімінің қолдауымен шығып отырғаннан кейін жергілікті билік тарапынан да көмек қолы созылған. Бірақ газеттің алғашқы бюджеті небәрі 300 мың теңгені құраған. Сондықтан сол тұстағы редактор мен журналистер жарнама тартуға күш салып, таралымын 22 мың данаға жеткізген.

Жарыққа шыққан газетті журналистер базарда жүріп сатқан да күндер болған екен. Ал газетке жазылу құны сол кезде небәрі 316 теңге 8 тиын болған. Міне, осылайша басылым басынан түрлі қиын күндерді өткізіп, аяғынан тік тұру үшін жанын салған. Кейінгі онжылдықтарда «Jambyl-Taraz» газетінің болмысы да, бағыты да өзгергені белгілі. 2021 жылға дейін газет қала шеңберінде таратылып келсе, соңғы бес жылдың бедерінде шалғайдағы ауыл тұрғындарына да жетті. Нәтижесінде таралымы 10 мың данадан асты. Қаржыландыру тетіктері де кеңейіп, редакция қабырғасынан SММ тобы құрылды. SММ мамандары бүгінде түрлі әлеуметтік мәселелер мен жаңалықтарды көрерменге бейне үлгіде жеткізуде. Ал әлемдік, республикалық һәм өңірлік жаңалықтарды ақпараттық агенттігіміз тәулік бойы таратуда. Бұл да басылымның жаңашылдыққа бет бұрып, өркениет көшіне көш түзегенінің бір көрінісі.

Әрине, мұндай ауқымды бастамалар жауапкершілік жүгін еселеп, алдымызға жаңа мақсаттар мен міндеттерді айқындайтыны анық. Сондықтан «Jambyl-Taraz» газеті биылғы 30 жылдық белесінде 11 488 оқырманына тың жобалары мен баянды бастамаларын ұсына бермек.

– Білуімізше, өзіңіздің журналистік жолыңыз осы басылымда басталды. Кімнен не үйрендіңіз, газет қандай журналистерді дайындап шығарды?

– Негізі журналистік жолымды М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезімде облыстық «AR-AI»  жастар газетінен бастадым. Қызметке сол тұста «AR-AI» газетін басқарған Болат Бекжанов ағамыз шақырған еді. Алайда әлі қолына дипломы тимеген жас болғаннан кейін «AR-AI» газетінде үш айдай қызмет етіп, кейіннен оқуыма оралдым. Бірақ қолыма дипломымды алғаннан кейін қалалық «Jambyl-Taraz» газетіне тілшілікке қайта шақырған да сол Болат Бекжанов ағамыз болды. Ол кісі сол тұста қалалық басылымға редактор болып тағайындалған. Болат ағамыз талапшыл редактор еді. «Қандай мақала жазсаң да нысанаң биік болсын» деп отыратын. «Жаза алмасаң саған, баса алмасам маған сын» дейтін кісі еді. Қандай сыни мақала жазып келсең де ештеңеден қаймықпай, жариялап жіберетін. Журналистикадағы батылдықты сол кісіден үйрендім. 

Журналистикадағы алғашқы ұстазымның тағы бір сөзі есімнен кетпейді. «Jambyl-Taraz» газетіне алғаш жұмысқа келгенімде «Сен осы редактордың орнын басамын деп жаз мақаланы. Әр мақалаңа редакторлық көзқараспен қара» деп отыратын. Сол кезде бір басылымға редактор болу қол жетпес армандай көрінетін. Алайда ұстаздың сөзі дәл келіп, сол кісінің тәрбиесінің арқасында «Jambyl-Taraz» газетіне де араға жылдар салып редактор болдым. Қазір іштей «Болат көкем сол кезде болашақты көре білген екен-ау» деймін. «Жақсы редактор түзейді, нашар редактор күзейді» деген де осы шығар. Болат Бекжанов ағамыз кемшіл тұсымызды түзеп, редакторлық қызметке дайындаған екен-ау...

Ал «Jambyl-Taraz»-дан түлеп ұшқан журналистерге келер болсақ, олардың алды бүгінде еліміздің әр өңірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Отыз жыл көне шаһардың бас басылымына айналған газетте сақа журналистер Жамбылбек Шоқыбас, Болат Жапаров, Сәуле Сейдахметова, Ерман Әбдиев, Жүрсінгүл Жақып, Талғат Талапұлы, Василий Мазур, Галина Скрипник, Еділ Әлиев, Сапарғали Әлібай, фототілшілер Виктор Барбаш, Юрий Ким, Ағаділ Рысмахан жеңісті еңбек етті. Кейінгі буыннан бүгінде өңірге ғана емес, елімізге танымал Бекнұр Сатыбалдиев, Хамит Есаман, Салтанат Әлімқұлова, Шухрат Хашимов, Юрий Ефимов, Индира Байқонысова, Жасұлан Сейілхан, Нұржан Қадірәлі, Маржан Сатыбалдықызы, Сәндібек Піренов, Құралай Сейсенбекқызы, Наурызбек Сарша, Шынболат Сейдуалиев, Арайлы Жақсылық, Атабай Толғанай, Кирил Бердецкий, Дионисий Пляшешник сынды тілшілер аянбай тер төкті. Бір сөзбен айтқанда, «Jambyl-Taraz» газеті отыз жылдың бедерінде талантты тілшілерді түлетіп, жас журналистердің ұстаханасына да айналды.

– Газеттің бет-бейнесі, ұстанымы, бағыты заман талабына сай қай кезден бастап қалыптасты, қай кезде не жойылды, нендей жаңашылдық енді?

– Газет бұрын А3 үлгісінде шықса, кейінгі жылдары D2 үлгісіне көшті. Бастапқыда жылдар бойы бұл басылым аптасына қазақ және орыс тілдерінде екі рет шығып жүрсе, қазір оқырман талғамына қарай екі тілде аралас шығуда. Әрине, әрбір кезеңнің өз ұстанымы мен бет-бейнесі болады. Алайда газет кейінгі бес жылдықтың бедерінде түбегейлі өзгерді десек қателеспейміз. Жылдар бойы оқырман қауымды тың жаңалықтармен қуантуға тырысып келеміз. «Шындықтың жүзі», «Бар мен жоқ», «Ақ пен қара», «Құлып пен кілт», «Оң мен сол», «Бұзық фотоаппарат» сынды айдарлар арқылы тұрғындардың түйткілді мәселелерін көтеріп, түйінін тарқатып жүрміз. Бұдан бөлек, газет  «Әлеумет», «Қоғам», «Диагноз», «Талбесік», «Дидар», «Құрақ көрпе», «Тылсым», «Тарих пен таным» атты арнаулы беттермен оқырман қауымды рухани мақалалармен сусындатуда. «Сын әрдайым шын болсын» дейді. Сондықтан тікенек тұспалмен, шымбайдан шымшып та тілшілер әртүрлі тақырыпта мақалалар жазуда.

– Газет қай жылдары қандай келелі мәселелерді көтерді, басылым ықпалымен қандай түйткілдердің түйіні тарқады?

– Әрбір кезеңнің өз түйткілі мен шешімін күткен мәселесі болатындығы белгілі. Бұқараның базынасы да қоғам дамуына қарай әрқалай болып жатады. Міне, осы тұрғындардың көкейіндегісін тап басып, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауда журналистер қауымы ешқашан шет қалған емес. «Jambyl-Taraz» газеті де осы сенім үдесінен шығып келеді. Басылымда 2019-2020 жылдары қызмет еткен Сәндібек Піренов газеттің №35 санына «Жұмыспен қамтуда кедергілер болмауы керек» деген көлемді мақала жазады. Әріптесіміз материалында бос орындар жәрмеңкесіндегі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерді сынға алады. Нәтижесінде мектеп директорының бос орынды жасырғаны белгілі болып, жәрмеңкеге келген жас маман тұрақты жұмысқа орналасады. Осылайша газетіміз әділдік салтанат құруына септесті.

Тағы бірде, дәлірек айтқанда  2021 жылдың қаңтар айында редакцияға облыс орталығындағы №1 аумақтың тұрғындарынан алаңдаулы хат келіп түседі. «Электр сымдары талапқа сай тартылмағандықтан, жанымызды шүберекке түйіп отырмыз», – деп жазған олар мәселенің мәнісін анықтап беруді сұраған. Арыздың анық-қанығын білу мақсатында әріптесіміз Арайлым Шабденова аталған аумаққа арнайы барып, тұрғындармен жүздесіп, олардың шағым-тілектерін тыңдайды. Нәтижесінде сол жылғы газеттің №4 санында «Мәселе» айдарымен «Тоққа түспей, тоқтам болмай тұр» атты проблемалық мақала жарық көреді. Мақаладан кейін жауаптылар «жаздық, жаңылдық» деп мәселе оң шешімін тапты.

Бірде сол кездегі газет тілшісі Құралай Сейсенбекқызы Жамбыл облысының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына барады. Сонда ол Гүлбаршын есімді тәрбиеленуші қызбен танысады. Ол өмірлік арманы анасымен қауышу екенін айтып, көз жасын төгеді. Осы жағдайдан кейін «Jambyl-Taraz» газетінің тілшісі ретінде Құралай Сейсенбекқызы «Қарекет» бағдарламасына хабарласып, өрімдей қыздың жағдайын баян етеді. Республикалық журналистер тарапынан кең қолдау көрген Гүлбаршын анасымен қауышып, кейіннен үйлі болып, өзінің армандаған оқуына түседі. Осылайша газет тілшілері мақала жазып қана қоймай, өзгеге аялы алақанның жылуын сездірген кездері де көп.

Басылым арқылы бағы ашылған жастың бірі – Айзере Ерен. Ол редакция ұйымдастырған «Кітап оқып, миллионер бол!» атты байқауға 5-7 сыныптар арасында қатысып, жеңімпаз атанған. Бүгінде Айзере оқуда озат. Кітапқа деген махаббатын ашқан «Jambyl-Taraz» газетіне ризашылығын білдіріп, хат жолдап тұрады.

Ал келесі бір кейіпкеріміз тағдыр тәлкегіне түсіп, Алланың сынағын қайыспай арқалаған мүмкіндігі шектеулі жан – Жұмабек Күлетов. Ол 2019 жылы электронды арбасы сынып, осы мәселені әлеуметтік желідегі парақшасына жазады. Жұмабектің жан күйзелтер сөзін сол кездегі газет редакторы Эльмира Мырза-Ғали бастаған журналистер мәселе етіп көтеріп, нәтижесінде демеушілерге үндеу тастау арқылы мүмкіндігі шектеулі жанға электронды арба алып береді. Бұл, әрине, газет журналистерінің араласуы арқылы шешімін тапқан мәселелердің бір парасы ғана. Бұдан бөлек те, тілшілер қауымы тіршілігінен айнымай, қаламымен халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.

– Оқырман мен уақыт талабынан қалай шығып жатырсыздар, қазіргі оқырманның көзқарасы өзгерді ме? Оқырман, тұрақты авторлармен байланыс қандай?

– Оқырманы болмаса газеттің өміршеңдігі ұзақ болмайтыны белгілі. Сондықтан әрдайым оқырманның талғам, тілегін ескеріп тұрған абзал. Газет екі тілде аралас шығатындықтан, орыс тілді оқырмандарымыз ресми тілде жазылған мақалаларын редакциямызға әкеліп, шығарып беруін өтініп жатады. Біз олардың сұраныстарын ескерусіз қалдырмай, екі тілде де мақалалардың сапалы шығуына күш саламыз. Осы тұста бір айта кетерлігі, бұрын оқырмандардан әлеуметтік мәселелерін көтерген хаттар көп келіп жататын. Әсіресе, коммуналдық түйткілдер көп айтылатын. Кейінгі кезде газет оқырмандары тәрбиелік мәндегі, рухани дүниелерді көптеп әкелетін болды. Яғни, арыз-шағым емес, тұрғындарға, жастарға ой салар дүниелер көптеп келуде. Осы жағы қуантады.

Газетіміздің тұрақты авторлары да бар. Сағындық Ордабеков сынды медицина саласының майталман маманы халық саулығы хақында ой салар мақалаларын көптеп жолдап тұрады. Сейітжан Қуантаев сынды әскери іс-қимылдары ардагерінің де жастарға тәлім-тәрбие беретін материалдары жиі жарық көреді. Осы сынды өзге авторларымызбен де байланысты үзбей, үнемі бірлесе жұмыс атқарудамыз.

– Баспа басылымының дәуірі өтті дейтін пікірлерге көзқарасыңыз қандай? Жас оқырмандарды тарту, жас журналистерге бағыт-бағдар беру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

– Газет ешқашан өлмейтіні, өшпейтіні хақ. Цифрлық дәуірге бізден сан жылдар бұрын жеткен АҚШ мемлекетінің өзінде «The New York Times» сынды газеттері әлі күнге миллиондаған данамен жарыққа шығады. Дәл сондай цифрлық әлемге еніп кеткен Жапония мемлекеті де газет-журналдардан қол үзген емес. Ал Қытай мемлекетінде тіпті сағатына шығатын газеттер де бар екен. Сондықтан газеттің дәуірі тоқтамайтыны анық.

Елімізге әлеуметтік желі, сайт, ақпараттық егенттіктер сынды дүниелер кеш келді. Сондықтан қазір бізге газеттің орнын сайттардағы ақпараттар басып кететіндей көрінеді. Алайда, байқап тұрсаңыздар, халық жаймен желілерден де жалыға бастады. Ақпарат алу емес, тек уақыт өткізу құралы ретінде пайдалануда. Алпауыт мемлекеттер бұл үдерістен өтіп, қазір құнды дүниеге оралып жатыр. Біздің де уақыт өте арзан дүниелерден бас тартып, ұрпаққа тәлім берер құндылықтарымызға қайта оралатынымыз даусыз.

– «Jambyl-Taraz»-дың алдағы бағытын қалай елестетесіз? Газет қоғамға әлі де қандай қызмет атқаруы тиіс деп ойлайсыз?

– Сағат тілімен таразылайтын болсақ, 30 жыл деген аз, әрине. Алайда осы уақыт ішінде талай тірлік атқарылып, тағдырлы тарихи сәттер де өтті. Буын алмасып, жаңа медианың журналистер шоғыры да қалыптасты. Бұрындары аға буын журналистер фельетон сияқты жанрдағы жазбалар жазса, бүгінгі журналистер жеделдікке басымдық беруде. Бұл заман ағымына қарай орын алатын заңды құбылыс деп ойлаймын. Десе де, біздің мақсат – өткенді ұмытпай, оны жаңаша жаңғырту. Осы бағытта «Jambyl-Taraz» газетінің журналистері алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жүргізіп, шығармашылық ізденісте еңбек ете беретін болады.

Алға қойған мақсатымыз айқын, жоспарымыз жұмыр. Газетіміздің бергенінен, берері әлі де көп. Сондықтан күні кеше қалалық газет болсақ, бүгінде облысқа тарап, ертең бәлкім республика шеңберіне де шығар күн туар. Бұл бағытта, әрине, тек талмай еңбек ету қажет.

– 30 жылдық мерейтой қарсаңында оқырманға айтар тілегіңіз...

– Отыз жыл бізбен бірге болған ойлы оқырманға тек қана алғыс білдіреміз. Оқырманы барда газеттің ғұмыры ұзақ болатыны хақ. «Jambyl-Taraz» газетінің екі он бестің белін буған белесін 12 000 оқырманымыз бірге қарсы алып жатқаны қуантады. Сондай-ақ газетімізге қолдау білдіріп, жан-жақты демеп жатқан облыс, Тараз қаласы әкімдігіне де алғыс айтамыз! Мерейтойымызбен құттықтап жатқан әріптес, қызметтес азаматтарға шексіз разымыз. Барлықтарыңызға тек қана бақыт пен береке тілейміз! Ізгі тілек, игі ниеттеріңіз еселеніп қайтсын!

Әріптестік байланыс орнатып қана қоймай, сырлас, жолдас, замандас болып жүрген «AR-AI» газетіндегі журналистер қауымына да тек қана шығармашылық табыстар тілейміз! Жазар көбейсін, әріптестер!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар