Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Екіжақты меморандумға қол қойылды

Екіжақты меморандумға қол қойылды
Автор
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті білім беру ісін дамытуға, студенттердің сапалы білім алуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған әріптестік байланыстарды тұрақты түрде кеңейтіп келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы ретінде жуырда университетте кезекті меморандумға қол қойылды.

Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Рысгүл Кудретуллаева Астана қаласынан келген «UNIT LLC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айдос Жұманазарды қабылдап, білім мен ғылым саласындағы ортақ бастамаларды талқылады. Кездесу барысында заманауи цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, дарынды талапкерлерді анықтау және жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру жолдары кеңінен сөз болды. Тараптар алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін білдіріп, өзара түсіністікке негізделген келісімге келді.

Қол қойылған құжат аясында білім беру жобаларын бірге жүзеге асыру, олимпиадалар мен түрлі байқаулар арқылы талапкерлерді іріктеу және олардың әлеуетін дамыту көзделіп отыр. Келісімге сәйкес, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «UNIT LLC» ұйымдастыратын білім бәйгелерінде жоғары нәтиже көрсеткен үміткерлерге толық оқу ақысына жеңілдік ұсынуды жоспарлап отыр. Бұл бастама жастардың білім жолындағы мүмкіндігін кеңейтіп, өз қабілетін еркін көрсетуіне жағдай жасайды.

Өз кезегінде «UNIT LLC» ЖШС университетке «Eduser online» цифрлық платформасын ұсынып, олимпиадалар мен іріктеу шараларын ұйымдастыруға қажетті техникалық және ақпараттық қолдау көрсетеді. Платформа арқылы байқауларды тиімді өткізуге, қатысушылардың білім деңгейін әділ бағалауға және нәтижелерді ашық түрде жариялауға мүмкіндік артады.

– Бұл келісім талапкерлердің қабілетін ерте кезеңнен анықтап, оларды білім жолында қолдауға мүмкіндік береді. Университет үшін дарынды жастарды іріктеу мен оларға сапалы білім алуға жағдай жасау әрдайым маңызды бағыттардың бірі болып келеді. Осындай бастамалар арқылы жастар өз әлеуетін толық ашып, болашақ маман ретінде қалыптасуға сенімді қадам жасайды. Сонымен қатар цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану білім беру үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, іріктеу кезеңдерінің ашық әрі әділ өтуіне ықпал етеді. Біз алдағы уақытта да білім алушыларға қолайлы орта қалыптастырып, жаңа жобаларды жүзеге асыруды жалғастыра береміз, – дейді Рысгүл Кудретуллаева.

Кездесу соңында тараптар алдағы жоспарларды талқылап, ортақ жобалардың аясын кеңейтуге дайын екендіктерін жеткізді. Қонақтар университет басшылығына жылы қабылдау үшін алғыс айтып, білім ордасының бастамалары алдағы уақытта да жалғасын табарына сенім білдірді. Жаңа келісім жастарға сапалы білім алуға жол ашып, университет пен серіктес ұйым арасындағы өзара ықпалдастықты кеңейте түспек.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар