Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Соңғы үш жылда ұлттық тасымалдаушы пойыздарында 15 сәби дүниеге келген

Соңғы үш жылда ұлттық тасымалдаушы пойыздарында 15 сәби дүниеге келген
ҚТЖ
«Жолаушылар тасымалы» АҚ пойызда жолаушының денсаулығы сыр берген жағдайда қандай әрекет жасау қажет екенін еске салды, деп хабарлайды arainfo.kz

Компания мәліметінше, барлық жолаушылар пойыздарының жолсеріктері алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша арнайы даярлықтан өткен. Әрбір пойыз медициналық қобдишамен жабдықталған.

Егер жол үстінде жолаушының жағдайы нашарласа, ең алдымен вагон жолсерігіне дереу хабарлау қажет. Жолсерік жолаушының жағдайын бағалап, өз құзыреті шеңберінде алғашқы көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда пойыз бастығы хабардар етіледі. Ол тиісті шараларды қабылдап, медициналық қызметтермен байланысты қамтамасыз етеді.

Шұғыл жағдай туындаса, жедел жәрдем шақырылады. Мұндай жағдайда пойызды жақын станцияда медицина қызметкерлері қарсы алуы мүмкін. Ерекше жағдайларда белгіленген тәртіпке сәйкес жоспардан тыс тоқтау да жасалады.

Сондай-ақ ұлттық тасымалдаушы созылмалы аурулары бар жолаушыларға қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруді және денсаулық жағдайы туралы жолсерікті алдын ала хабардар етуді ұсынады.

Айта кетейік, пойыздарда төтенше жағдайлар тек жолаушылардың денсаулығының нашарлауымен шектелмейді. Пойыз бригадалары түрлі оқиғаларға тап болып жатады. Соның ішінде сапар барысында босану деректері де тіркелген. Соңғы үш жылда ұлттық тасымалдаушы пойыздарында жолсеріктер мен пойыз бастықтарының қолдауымен шамамен 15 сәби дүниеге келген.

Компания жолаушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты басымдық екенін атап өтіп, азаматтарды өз денсаулығына мұқият қарауға және қажет болған жағдайда дер кезінде көмек сұрауға шақырды.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар