Бұл мамандарды көпшілік біле бермеуі мүмкін. Дегенмен олардың еңбегі орасан. Орталық мамандары қажетті уақытта дәрігер де, құтқарушы да, психолог та бола алады. Әмбебап дайындықтан өткен бұл жандар апат аймағында тәулік бойы қызмет көрсетіп, адам өмірін сақтауды басты мақсат етеді.
Апаттар медицинасы орталығы еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Мұндай маңызды мекеме біздің облыста да халыққа қызмет көрсетіп келеді. Орталық мамандары кез келген төтенше жағдайға дайын тұрып, жедел әрекет етуге машықтанған. Қазіргі уақытта облыс бойынша Апаттар медицинасы орталығына дәрігер Бақытжан Мақұлбеков жетекшілік етеді. Ол бұл қызметке 2024 жылдың сәуір айында тағайындалып, содан бері ұжым жұмысын жаңа бағытта үйлестіріп келеді.
– Елімізде Апаттар медицинасы орталығы 2013 жылы құрылған. Сол уақыттан бері мекеме ел қауіпсіздігіне қызмет етіп келеді. Құтқару орталықтарының ашылуына табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың жиілеуі себеп болды. Сондай күрделі кезеңдерде халыққа жедел әрі үйлесімді медициналық көмек көрсету қажеттілігі туындаған еді. Қоғамдағы өзгерістер мен қауіптердің артуы медицина саласында жаңа бағыттағы қызметтің маңызын айқындап, арнайы дайындықтан өткен мамандардың бір орталыққа топтасуына жол ашты. Осылайша қысқа уақыт ішінде апат кезінде әрекет етудің заманауи жүйесі қалыптаса бастады. Алғашқы кезеңде орталықтың жұмысы төтенше жағдай орын алған сәтте шұғыл медициналық көмек ұйымдастырумен шектелсе, кейінгі жылдары қызмет ауқымы кеңейді. Бүгінде мамандар жаппай зақымдану қаупі туындаған кезде жедел әрі үйлесімді әрекет етіп, түрлі құтқару қызметтерімен бірлесіп жұмыс жүргізеді. Әрбір жағдайға алдын ала дайындалу, қауіптің алдын алу жолдарын жетілдіру, тәжірибелік жаттығулар өткізу секілді бағыттар тұрақты назарда. Орталықта кәсіби біліктілікті арттыруға арналған оқыту бағдарламалары жүйеленіп, халықаралық тәжірибелермен алмасу жұмыстары да жолға қойылған. Орталыққа жетекшілік ету жауапкершілігі артылған уақытта ең алдымен мекеменің қызметін ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарап, төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету алгоритмдерін жетілдіруді қолға алдық. Әсіресе әртүрлі құтқару қызметтерімен өзара байланыс нығайып, төтенше жағдайлар қызметтері, полиция және жедел жәрдем құрылымдарымен бірлескен жұмысты жолға қойдық. Мамандардың дайындық деңгейін көтеруге арналған жоспарлар қабылдап, оқу-жаттығулар мен тәжірибелік сабақтардың мазмұнын жаңарттық. Мұның бәрі шұғыл әрекет ету сапасын және халыққа көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді, – дейді Бақытжан Пернебайұлы.

Бүгінде орталық құрамында 23 қызметкер еңбек етеді. Одан бөлек төтенше медициналық көмек көрсету бөлімшелерінде тағы 30 маман қызмет атқарады. Әр бригада құрамында дәрігер мен фельдшерден бөлек, фельдшер диспетчер, психолог, жүргізуші санитар және құтқарушы санитар секілді сирек кездесетін мамандық иелері бар. Осындай көпсалалы құрамның арқасында науқастарға алғашқы көмек жан-жақты көрсетіліп, төтенше жағдай орын алған сәттен бастап үйлесімді әрекет етуге мүмкіндік туады. Орталық мамандары кәсіби шеберлікті үнемі шыңдап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бірлесе еңбек етіп келеді.
Орталық басшысының айтуынша, елімізде орын алған төтенше жағдайлар кезінде мекеме мамандары талай сын сағатта адам өміріне араша түсті. Соның бір дәлелі ретінде 2024 жылғы көктемгі су тасқынын айтуға болады. Табиғат тосын мінез танытқан шақта бригада құрамындағы Алмас Шыншер мен Тимур Сансызбаев Ақмола облысына арнайы көмек көрсетуге жіберіліпті.
– Су қоршауында қалған ауылдардың бірінде жүктіліктің 39 аптасындағы әйел медициналық көмекке мұқтаж еді. Мамандар қауіпті жағдайға қарамастан науқасқа дер кезінде алғашқы көмек көрсетіп, оны аман-есен босану бөлімшесіне жеткізді. Нәтижесінде сәби дін аман дүниеге келді. Су апаты кезіндегі табандылығы мен кәсіби шеберлігі үшін мекеме мақтаныштары ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. Орталық тарихында есте қалған тағы бір оқиға 2016 жылдың 3 қаңтарында Тараз бен Шу арасындағы автожолдың 147 шақырымында тіркелді. Мекемеге жол бойындағы әжетхананың бетон шұңқырынан жаңа туған нәресте табылғаны туралы хабар түсті. Жағдайдың аса күрделі екені айтпаса да түсінікті. Құрылысты бұзу сәбидің өміріне қатер төндіруі мүмкін еді. Қиын уақытта оқиға орнына жеткен «Луговое» трассалық медициналық құтқару пунктінің бригадасы күтпеген шешім қабылдады. Бригада тар саңылау арқылы фельдшер диспетчер Ермек Меңдібаевты төмен түсіруге бел буды. Құтқарушының батылдығы мен кәсіби шеберлігінің арқасында нәресте аман шығарылды. Құтқару жұмысына Жолтай Жұмабеков және Жамбыл Пірімқұлов та белсене қатысып, үйлесімді әрекет еткенін айтпай өтуге болмас. Ерекше ерлігі үшін Ермек Меңдібаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды, – дейді Б.Мақұлбеков.

Жан жылытатын осындай ерлікке толы оқиғалар орталық мамандарының күнделікті қызметі кәсіби міндетпен шектелмейтінін көрсетеді. Олар қауіп пен үміт қатар тұрған сәттерде сабыр сақтап, адам тағдырына жауапкершілікпен қарай білетін жандар екенін дәлелдеп келеді.
Бақытжан Пернебайұлы Апаттар медицинасы орталығы мамандарының кәсіби дайындығы халықаралық талаптарға сай болуы үшін оқу-жаттығулар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратынын айтып өтті. Бригадалар Төтенше жағдайлар министрлігінің үйлестіруімен ұлттық және өңірлік оқу базаларында, орталықтың республикалық оқу орталықтарында, облыстық филиалдар алаңында және арнайы симуляциялық орталықтарда тәжірибеден өтеді. Мұндай жаттығуларда жарақат алған науқастарға көмек көрсету, жаппай зақымдану жағдайында сұрыптау жүргізу, күрделі сценарийлерге жедел әрекет ету секілді дағдылар пысықталады. Сонымен қатар халықаралық оқу миссиялары аясында далалық жағдайдағы практикалық жаттығулар да жиі өткізіледі. Жер сілкінісі мен су тасқыны, техногендік апаттар сияқты түрлі жағдайлар үлгі ретінде алынып, көшпелі госпиталь орналастыру, аэромедициналық эвакуация жүргізу тәсілдері жан-жақты сыналады.
Ұжым ішінде кәсібилігімен көпке үлгі болған азаматтар аз емес. Соның ішінде жоғары санаттағы шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің дәрігері Нұралы Сүлейменов пен фельдшер Азиза Шарипованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Нұралы Юлчибекович күрделі жағдайларда сабыр сақтап, науқасқа дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білетін тәжірибелі маман ретінде әріптестерінің құрметіне ие. Ал Азиза Рустамжанқызы орталық құрылған 2014 жылдан бері филиалда адал қызмет атқарып, жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және кәсіби біліктілігімен ұжымның ұйытқысына айналған жан. Осындай өз ісіне берілген мамандардың арқасында орталықтың абыройы артып, халыққа көрсетілетін көмек сапасы жылдан жылға нығайып келеді.
– Апаттар медицинасы маманына қойылатын талаптар қарапайым медицина қызметкерінен әлдеқайда жоғары. Мамандар үшін ең алдымен мықты психологиялық төзім мен терең медициналық білім қажет. Дегенмен олардың қызметі тек осы екеуімен шектелмейді. Кез келген қауіпті жағдайда тез шешім қабылдай білу, командамен үйлесімді әрекет ету және түрлі ортаға бейімделе алу да аса маңызды. Апаттар медицинасы көпсалалы, кейде экстремал сипаттағы мамандық болғандықтан, бригада құрамында трассалық медициналық құтқару пунктерінің құтқарушылары да қатар қызмет етеді. Сол себепті әр маман шектеулі уақыт пен қауіп-қатер жағдайында дұрыс шешім қабылдай алатын, командалық әрекетке бейім тұлға болуы тиіс. Ең бастысы, қандай жағдай орын алса да сабыр сақтап, адам өмірін сақтауға бағытталған шешімді жоғалтпай қабылдау қабілеті жоғары бағаланады. Мұндай мамандар далалық жағдайда еркін әрекет ете алуы керек. Байланыс үзілген, инфрақұрылым жоқ аймақтарда бағдарлау, карта мен компасты пайдалану, GPS арқылы бағыт табу, бірнеше тәулік автономды түрде жұмыс істеу дағдылары күнделікті тәжірибенің бір бөлігіне айналған. Таулы өңірлердегі немесе биік ғимараттардағы апаттар кезінде арқанмен көтеріліп-түсу, тік жартастар мен қирандылар арасында қозғалу, құлау қауіпсіздігін сақтау секілді альпинистік дайындық та аса қажет. Су тасқыны немесе өзге де гидрологиялық қауіптер туындағанда суда жүзу, құтқару тәсілдерін меңгеру, мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін білу де мамандардың кәсіби қоржынын толықтырады. Осындай жан-жақты қабілеттердің арқасында апаттар медицинасы қызметкерлері кез келген ортада әрекет етуге дайын әмбебап маман ретінде қалыптасады. Осы тұста халықтың жүрегінде сақталып қалған бір құтқару оқиғасы есіме түсіп отыр. Өткен жылдың 1 тамызында Алматы мен Екатеринбург бағытындағы тас жолдың 342 шақырымында төтенше жағдай орын алды. Мойынқұм аудандық орталық ауруханасына бара жатқан жолда 1993 жылы туған Индира Төлеудің кенеттен толғағы басталып, жағдай күрделене түсті. Жақын маңдағы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Шығанақ» трассалық медициналық құтқару пунктіне жеткізілген әйелді Апаттар медицинасы орталығының бригадасы жедел қабылдап, арнайы реанимациялық көлікпен ауруханаға бағыт алды. Жол үстінде толғақ күшейіп, дәрігерлер мен құтқарушылар бір сәтке де абдырамай, барлық қажетті көмекті дер кезінде көрсетті. Нәтижесінде реанимациялық машина ішінде шекесі торсықтай ұл дін аман дүниеге келді. Анасы мен нәрестенің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде болып, екеуі де аман-есен Мойынқұм аудандық ауруханасына жеткізілді. Осындай сын сағатында мамандарымыз өз білімін, тәжірибесін және батылдығын бір арнаға тоғыстырып, тағы бір отбасының қуанышқа кенелуіне себепкер болды, – деп қосып өтті орталық басшысы.
Айта кету керек, өткен жылы орталық мамандары түрлі төтенше жағдайларда 312 адамның өмірін сақтап қалуға атсалысып, 105 азаматты қауіпсіз аймаққа көшіруге көмектесті. Сондай-ақ 241 зардап шеккен адамға алғашқы медициналық жәрдем көрсетіліпті. Авариялық құтқару және шұғыл кезек күттірмейтін жұмыстар аясында 503 рет шығу ұйымдастырылып, әрбір шақыртуда мамандар жедел әрекет етіп, кәсіби шеберліктерін танытқан.
Мекеменің материалдық-техникалық базасы талапқа сай жасақталған. Орталық қазіргі уақытта заман талабына сай санитарлық автокөліктермен толық қамтамасыз етілген. Әр көлік ішінде қажетті медициналық құрал-жабдықтар, алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектер және құтқару жұмыстарына арналған арнайы жабдықтар бар. Қолданыстағы техника күнделікті қызметке жеткілікті болғанымен, төтенше жағдайлардың күрделене түсуіне байланысты кейбір жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту қажеттілігі де байқалады. Әсіресе заманауи байланыс құралдары мен далалық жағдайда ұзақ жұмыс істеуге арналған қосымша техникаларды жетілдіру өзекті бағыттардың бірі саналады.
Бүгінде орталық Тараз қаласы «Қаратау» ықшамауданы №42 мекенжайда орналасқан өрт сөндіру бөлімінің ғимаратында қызмет атқарады. Төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бір ғимаратта орналасу мамандардың жедел әрі үйлесімді әрекет етуіне мүмкіндік беріп, тұрғындарға уақытылы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасайды. Алайда халықтың ақ батасын алып, ел құрметіне бөленіп жүрген құтқарушыларды алаңдататын жайттар да жоқ емес. Мекеме жетекшісі Бақытжан Пернебайұлының айтуынша, қызметкерлерді алаңдататын мәселелердің қатарында құқықтық мәртебе мен әлеуметтік кепілдіктер бар.
– Апаттар медицинасы мамандары бір жағынан медицина қызметкері болса, екінші жағынан төтенше жағдай аймағында еңбек ететін құтқарушы мамандарға жақын қызмет атқарады. Дегенмен олардың мәртебесі заң жүзінде толық айқындалмағандықтан, қауіпті жағдайда жұмыс істегені үшін берілетін жеңілдіктер мен құқықтар жеткілікті деңгейде қарастырылмай келеді. Еңбек өтілін есептеу, зиянды еңбек жағдайына байланысты үстемеақы немесе қосымша демалыс секілді тетіктерді нақтылау қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар өмірі мен денсаулығын сақтандыру, кәсіби жарақат алған жағдайда өтемақы төлеу, психологиялық оңалту, тұрғын үй мен әлеуметтік қолдау бағыттарын күшейту мәселелері де ұжым арасында жиі көтерілетін өзекті тақырыптардың бірі. Осындай түйткілдер шешімін тапқан жағдайда мамандардың әлеуметтік қорғалуы артып, салаға деген қызығушылық та күшейе түсері анық,– дейді Б.Мақұлбеков.
Төтенше жағдайлар кезінде Апаттар медицинасы орталығы үшін өзге құрылымдармен өзара үйлесімді байланыс ерекше мәнге ие. Себебі апат аймағында әрбір шешімнің жедел әрі нақты қабылдануы адам өміріне тікелей әсер етеді. Осы мақсатта орталық жергілікті штабтар құрамында полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру бөлімдерімен бірлесіп жұмыс жүргізеді. Ерекше оқиғалар орын алған сәтте мамандар тактикалық операциялық жиналыстарға қатысып, қажетті ақпаратты нақты уақытта бөліседі. Полиция қызметкерлерімен бірге зардап шеккендерді құтқару бағыттары айқындалып, көлік қозғалысы реттеледі, жол қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Ал жедел жәрдем қызметімен медициналық эвакуацияны үйлестіру, далалық госпиталь мен стационар арасындағы пациенттерді тасымалдау және қосымша медициналық күштерді жұмылдыру жұмыстары қатар атқарылады. Өрт сөндіру және құтқару бөлімшелерімен қирандылар арасынан адамдарды шығару, су басқан аумақтарда әрекет ету және медициналық топтардың оқиға орнына кедергісіз жетуіне жағдай жасау бағытында тығыз байланыс орнаған. Орталық ұжымы кәсіби еңбегі үшін түрлі марапаттарға ие болып келеді. Жоспарлы және жоспардан тыс оқу-жаттығуларға белсенді қатысқан қызметкерлер Алғыс хаттармен марапатталған. 2024 жылы республика аумағындағы су тасқыны салдарын жою жұмыстарына белсене атсалысқаны үшін облыстық Апаттар медицинасы орталығы Төтенше жағдайлар министрлігінің грамотасына ие болыпты. Ал 2025 жылдың 28-31 наурызы аралығында Меркі ауданында орын алған жер сілкінісі кезінде көрсеткен медициналық көмегі үшін орталық қызметкерлері облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Байқағанымыздай, орталықта жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. Дегенмен оны жетілдіре түсу үшін алға қойылған міндеттер де аз емес. Басшының сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта халыққа көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің сапасын арттыру жоспарланып отыр екен. Мамандар төтенше жағдай кезінде әрекет ету уақытын қысқартып, жаппай зақымдану жағдайларында «triage» жүйесінің тиімділігін жетілдіруге күш салмақ. Далалық жағдайда көрсетілетін медициналық көмекті халықаралық талаптарға барынша жақындату, материалдық-техникалық базаны нығайту және санитарлық автокөліктер мен жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту да басты назарда тұр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



