Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ел дамуының кепілі

Ел дамуының кепілі
Автор
Жаңа конституциялық жоба елімізде қолға алынған саяси реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру қажеттігінен туындағаны белгілі. Сондықтан да бұл үдеріс нақты айқындалған мақсаттарға негізделуі тиіс. Бұл ретте қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету, қабылданып жатқан өзгерістердің мәні мен мазмұнын азаматтарға лайықты деңгейде түсіндіру айрықша маңызға ие. Осы мақсатта кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев конституциялық реформаларды түсіндіру бойынша Жамбыл ауданының зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Өз сөзінде аймақ басшысы конституциялық реформаларды әзірлеу үшін арнайы құрылған жұмыс тобының қызметіне тоқталып, жаңа Ата Заң жобасы азаматтардан түскен ұсыныстарды жүйелі түрде талдау және ашық қоғамдық талқылаулар нәтижесінде дайындалғанын атап өтті. Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылғанын тілге тиек етті.

– Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс. Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді. Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады, – деді Ербол Шырақпайұлы

Басқосу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев сөз алып, зиялы қауым өкілдері ұсынылып отырған конституциялық реформаларды қолдайтынын айтып, бастамалардың елдің саяси жаңғыруына оң ықпал ететінін сөз етті.

– Құжатта қоғам дамуының қазіргі кезеңіне сай келетін бірқатар маңызды өзгерістер енгізілгені аңғарылады. Мұндай реформаның елдің тұрақты дамуы мен саяси жүйенің тиімділігін арттыруда маңызы айрықша. Сондықтан біз жаңа Конституция жобасын қолдаймыз, – деді Б.Сырлыбаев.

Қарасу ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманалы Құрбанов та елдегі саяси реформа жайлы білгенін ауылдастарымен бөлісіп жүргенін айтты.

– Біздің мемлекетіміз дамыған мемлекеттерге қарағанда өте жас мемлекет. Тәуелсіз еліміздің небәрі 35 жылдық қана тарихы бар. Мемлекетіміздің дамуы барысында мұндай өзгерістердің болуы заңды.

Негізінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаңа Конституция жобасы туралы мәліметтерге кеңінен қанықтық. Оның негізгі бағыттарымен де мұқият танысып шықтық. Бұл жайлы ақпараттарды күнделікті жаңалықтардан үзбей көріп отырмыз. Дегенмен жаңа Конституция жобасына қатысты ауыл адамдары арасында қандайда бір сұрақтардың туындайтыны да заңды. Ауылдық жерде арнайы жиын өткізілмесе де ел жиналған жерде Конституция жобасы әңгіме өзегіне айнала қалса, бұл жайлы тұрғындарға барынша ұғынықты түрде түсіндіріп жатырмыз, – деді ол.

Конституциялық реформалардың мәні мен маңызын сөз болған жиынды қорытындылаған аймақ басшысы сөз соңында жұртшылықты алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Облыс әкімі әрбір азаматтың ой-пікірі мен таңдауы еліміздің саяси дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар