Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақстанда алғаш рет: Ұлттық хирургия ғылыми орталығы бірегей операцияларды іске асырды

Қазақстанда алғаш рет: Ұлттық хирургия ғылыми орталығы бірегей операцияларды іске асырды
gov.kz
А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы – Қазақстандағы жетекші көпбейінді хирургиялық орталықтардың бірі – 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды arainfo.kz

Бүгінде орталық құрамында ангиографиялық кешендермен және OR1 интеграцияланған эндоскопиялық жүйелермен жабдықталған 10 хирургиялық бөлімше мен 14 заманауи операциялық блок жұмыс істейді.

2025 жылы орталықта 8 мыңнан астам операция жасалды, оның ішінде 426 жоғары технологиялық араласу орындалды. Сонымен қатар 40 444 диагностикалық зерттеу жүргізіліп, 21 261 консультация көрсетілді.

Орталық Қазақстанда заманауи интервенциялық әдістер мен кардиоқұрылғыларды имплантаттауды қолдана отырып, туа біткен және жүре пайда болған жүрек аурулары кезінде ашық әрі аз инвазивті эндоваскулярлық операциялар жасайтын жалғыз медициналық ұйым болып табылады.

Жыл ішінде бірқатар жаңа технологиялар енгізілді, олардың қатарында:

ROTAPRO ротациялық атерэктомиясы;

перифериялық реваскуляризацияға арналған JETSTREAM эндоваскулярлық атерэктомиясы;

MyVal (TAVI) қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантаттау;

FARAPULSE импульстік далалық абляция.

Онкологиялық хирургия бағыты да қарқынды дамуда. Орталықта асқазан-ішек жолы және гепатопанкреатобилиарлық аймақ ағзаларындағы қатерсіз және қатерлі ісіктер кезінде лимфодиссекциямен түбегейлі операциялардың барлық түрлері орындалады. Аз инвазивті әдістерден бастап күрделі реконструктивті араласуларға дейін, соның ішінде лапароскопиялық бауыр резекциялары, лапароскопиялық гастропанкреатодуоденальды резекциялар, бауыр эхинококкозын PAIR әдісімен емдеу және торакоскопиялық эзофагэктомия кеңінен қолданылуда.

Ұлттық орталық – елімізде эндоУДЗ-диагностика, эзофагеальді манометрия және POEM әдісімен кардия ахалазиясын эндоскопиялық емдеу енгізілген әрі белсенді қолданылатын жалғыз орталық. Бұл тәсілдер үлкен кесулерсіз жүргізіліп, пациенттердің тез қалпына келуіне мүмкіндік береді.

2025 жылы Қазақстанда алғаш рет ағзаны сақтайтын емдеу әдістері енгізілді – өт қабын алмай-ақ, тастары мен полиптерін ретроградтық эндоскопиялық жолмен алып тастау тәжірибеге енді. Бұл пациенттердің өмір сүру сапасын арттыруда ерекше маңызға ие.

Орталық трансплантология саласында да көшбасшы болып отыр. Жыл ішінде:

74 бүйрек трансплантациясы (63 – туыстық, 11 – мәйіттік);

38 бауыр трансплантациясы (33 – туыстық, 5 – мәйіттік) жасалды.

Өңірде алғаш рет бауырдың сплит-трансплантациясы орындалды. Сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет үш жұп донор мен реципиент қатысқан үштік бүйрек трансплантациясы жүзеге асырылды. Орталық мамандары инновациялық операцияларды Өзбекстанда және еліміздің бірқатар өңірлерінде (Қызылорда, Түркістан) да өткізді.

А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы – тек клиникалық база ғана емес, сонымен қатар еліміз бойынша хирургияның дамуын үйлестіретін, кадрларды даярлайтын және ТМККК мен МӘМС шеңберінде жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді ететін жетекші сараптамалық орталық болып табылады.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар