– Арслан Әлімұлы, сұхбатымыздың әлқиссасын мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберіндегі үйірмелерді цифрландыру жұмысынан бастасақ. Қандай жаңашылдықтар жүзеге асырылуда және одан қандай нәтижелер күтілуде?
– 2026 жылғы 6 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұл құжат ел дамуының жаңа кезеңін айқындап, мемлекеттік әкімшілендіру жүйесінде, экономикада және әлеуметтік салада цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің шешуші рөлге ие болатынын нақты көрсетті.
Осы тұста, мемлекеттік тапсырыс аясындағы шығармашылық үйірмелерде цифрлық трансформация мәдениетін қалыптастыру және адами факторға тәуелділікті азайту негізгі басымдықтар болып отыр.
Облыс әкімінің тапсырмасымен мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жұмыс істейтін балалар үйірмелерінде сабаққа қатысуды тіркеу жүйесі жаңғыртылуда. Атап айтқанда, балалардың сабаққа нақты қатысуын қамтамасыз ету, есептіліктің ашықтығы мен әділдігін арттыру мақсатында биометриялық сәйкестендіру технологиялары енгізілуде.
Бұл шешім бір жағынан бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан ата-аналар мен қоғам тарапынан жиі көтерілетін «қағаз жүзіндегі қатысу» мәселесін түбегейлі шешуге бағытталған.
Биометриялық жүйе адами факторды барынша азайтып, деректердің бұрмалануына жол бермейді. Менің ойымша, мұндай технологияларды балалар үйірмесіне енгізу – цифрландырудың нақты нәтижесін көрсететін маңызды қадам.
Сонымен қатар бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу процесінің сапасын арттыруға және мемлекеттік тапсырыстың заманауи стандарттарға сай болуына ықпал етеді.
Жалпы алғанда 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы – уақыт талабынан туындаған, болашаққа бағытталған стратегиялық шешім.
– Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жұмыс істейтін балалар үйірмелерінің басты мақсаты – бизнес пе, әлде әлеуметтік жауапкершілік пе? Осы жөнінде пікіріңізді білсек.
– Балалар үйірмесі бойынша қызмет көрсету – кәсіпкерлердің заң аясындағы ерікті таңдауы. Алайда бұл бағыт тек табыс көзі ғана емес, үлкен әлеуметтік жауапкершілікті де талап етеді. Өйткені сөз болашақ ұрпақ – балалар туралы болып отыр. Осыны ескере отырып, 2021 жылдан бастап мемлекет балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру және үйірмелердің қолжетімділігін арттыру мақсатында жеке кәсіпкерлердегі үйірмелерді тегін негізде ұйымдастыру механизмдерін енгізе бастады. Бұл бастама балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік беріп қана қоймай, ата-аналардың қаржылық жүктемесін жеңілдетуді көздеді.
Иә, бастапқыда бастама әлеуметтік тұрғыдан өте тиімді әрі халық тарапынан оң бағаланған еді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, кейбір жеке кәсіпкерлер жүйенің осал тұстарын пайдаланып, оның негізгі әлеуметтік мақсатын екінші орынға ысырып қойды. Яғни, балалардың сапалы қосымша білім алуына жағдай жасаудың орнына, бұл мүмкіндікті оңай табыс табу көзіне айналдырғандар да болды. Мұндай әрекеттер ең алдымен бастаманың беделіне нұқсан келтіріп, ата-аналардың сеніміне селкеу түсірді. Сонымен қатар, сапасыз қызмет көрсету, үйірмелердің формалды түрде ғана жүргізілуі және бақылаудың әлсіздігі балалардың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін деген пікірлер көбейе бастады. Сондықтан бұл мәселе тиісті қадағалау мен ашықтықты күшейтуді, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды талап етеді. Бұдан шығатын қорытынды, кейбір кәсіпкерлер балалардың ғана емес, тұтас елдің болашағына салғырт қарайды деп айтуға негіз бар.
Қолданыстағы механизм бойынша әрбір кәсіпкер облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына үйірмеге балалардың қатысуы жөнінде ай сайын онлайн форматта электронды есеп жолдайды. Осы есептің негізінде кәсіпкерге мемлекет тарапынан төлемдер жолданады. Алайда бұл есептерде балалардың қатысқаны белгіленгенімен, олардың үйірмеге шын мәнінде тұрақты барған-бармағанын және сабақтардың нақты қалай өткенін анықтау қиын. Сонымен қатар, үйірме сабақтарының сапасы, бағдарламаның толық орындалуы, балаларға берілген білім мен дағдының деңгейі көбіне бақылаусыз қалып жатады. Көп жағдайда ата-аналар баласын үйірмеге апарады да, оның ішкі жұмысына, нәтижесіне, сабақ беру әдістемесіне терең үңіле бермейді. Үйірмеде сабақ өткізетін маманның кәсіби білімі, педагогикалық тәжірибесі, балалармен жұмыс істеу қабілеті сияқты маңызды мәселелер де назардан тыс қалып жатады. Мұның салдары белгілі – бала үйірмеден күтілгендей сапалы білім мен тәрбие алмайды. Ал бұл тек бір баланың ғана емес, жалпы қоғамның болашағына әсер ететін мәселе.
– Талаптарды сақтамай, формалды есеп берумен ғана шектеліп, мемлекеттен қаржы алып отырған кәсіпкерлер үйірме жұмысын жүргізуге рұқсатты қалай және қандай негізде алып отыр?
– Балаларға арналған үйірмелерді тегін ету тетіктері нақты әрі ашық тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл жүйенің басты мақсаты – мемлекеттік қызметкер мен кәсіпкер арасындағы тікелей байланысты шектеу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу. Сол себепті барлық рәсімдер қашықтан жүргізіледі. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер үйірме жүргізу мүмкіндігін облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына онлайн форматта дәлелдейді. Ол үшін ғимаратқа қатысты заңды құжаттарын, үйірме жұмысының оқу-әдістемелік бағдарламасын, сондай-ақ сабақ өткізетін маманның біліктілігін растайтын құжаттарды электронды түрде жолдайды. Ұсынылған құжаттар қолданыстағы заң талаптарына толық сәйкес келген жағдайда, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы кәсіпкердің өтінімін мақұлдап, үйірме жұмысын жүргізуге рұқсат береді. Осылайша, жүйе ашықтықты қамтамасыз етуге және адами фактордың ықпалын азайтуға бағытталған.
Қалай болғанда да жеке кәсіпкердің негізгі мақсаты табыс табу екені белгілі. Қанша жерден түрлі механизмдер қарастырылса да, кейбір кәсіпкерлер оңай табыс табудың жолын іздейді.
– Осы уақытқа дейін нақты қандай заңбұзушылықтар анықталды? Ең бастысы олқылықтар неге дер кезінде анықталмай қалады?
– Сұрағыңыз өте орынды. Қазіргі жүйеде кәсіпкер өтінімді тек онлайн жолдайтындықтан барлық құжаттар тек қағаз жүзінде тексеріліп, мақұлданады. Бұл ретте үйірме өтетін орынды мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері көзбен көріп, іс жүзінде бақылау жүргізе алмайды. Мұның себебі – тікелей бақылау сыбайлас жемқорлық тәуекелін туындатуы мүмкін. Сондықтан олқылықтар мен заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтау өте қиын. Соған қоса, елімізде кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғаны белгілі. Кейбір кәсіпкерлер осы шектеулерді өз пайдаларына асыра пайдаланып, үйірме жұмысын сапасыз жүргізуге немесе есепті формалды ғана орындауға мүмкіндік алды.
Дегенмен, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы белсенді әрекет етіп, прокуратура мен басқа да құзырлы органдарға жүгіну арқылы кәсіпкерлердің жұмысына жүйелі түрде тексеріс жүргізді. Осы тексерістер барысында кейбір жағдайларда бюджет қаражатын ұрлау, яғни қаражатты мақсатты түрде дұрыс пайдаланбау фактілері анықталды.
Аталған тексерістер сырт қарағанда қарапайым жұмыс сияқты көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде ол көптеген рәсімдер мен дайындықты қажет етеді. Ең бастысы, мұндай тексеріс мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлеріне айтарлықтай қысым түсіреді. Тексеріс барысында кейбір кәсіпкерлер түрлі қитұрқылыққа барып, мемлекеттік қызметкерлердің тіпті жеке басына қысым көрсетуге дейін барады. Мысалы, «Жоғарыда аға-көкелерім бар», «Қызметіңнен айрыласың» деген мазмұндағы анонимді хаттар мен хабарламалар жіберу арқылы қызметкерлерді қорқытып, олардың тексеріс жүргізуіне кедергі жасауға тырысады. Бұл жағдай тексеріс процесін қиындатып қана қоймай, мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби жауапкершілігі мен ашық жұмысын қамтамасыз етуге қосымша сынақтар туғызады.

Өткен жылдары қаржы бақылау және қадағалау органдары, облыстық мәслихат, облыс әкімі тарапынан жеке кәсіпкерлер жүргізіп отырған балалар үйірмелерінің сапасын бақылау және олардың тиісті деңгейде өткізілуін зерделеу қажеттілігі бірнеше рет көтерілген болатын. Ақырында, бұл мәселе сол кездегі Президенттің көмекшісі Тамара Дүйсенованың назарына ілінді. Осылайша Президент көмекшісінің пәрменімен былтыр зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша әкімдерге тапсырма берілді.
Сөйтіп 2025 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен зерделеу жұмыстарын мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлері және облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлері бірлесіп жүзеге асырды. Облыстық халық шығармашылығы орталығы өңірдегі барлық үйірме жұмыстарын қадағалайтын негізгі орган болғандықтан, олардың қатысуы зерделеудің толық және кәсіби түрде өтуіне мүмкіндік берді. Бірлескен жұмыс барысында үйірмелердің сапасы, сабақтардың деңгейі, педагогикалық құрам және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына ерекше назар аударылып, бірқатар өрескел заңбұзушылықтар, олқылықтар анықталды. Кейбір кәсіпкерлердің үйірме сабақтарын өткіземін деп көрсеткен ғимаратының құжаттары мүлдем басқа ғимаратқа тиесілі болып шықты. Домбыра үйірмелерінде мүлдем домбыра жоқ, ал би залдарында негізгі құрал-жабдықтар болмаған.
Талапқа сәйкес, үйірме өтетін орындарда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылуы тиіс. Алайда, зерделеу кезінде бұл талап толық орындалмағаны анықталды. Кейбір ғимараттарда камералар мүлдем орнатылмаған, ал орнатылған жерлерде олар істен шыққан немесе бейнежазбаларды сақтамаған. Тіпті кей жағдайларда үш-төрт күн бұрынғы жазбалар өшіп кеткен.
Өте маңызды заңбұзушылықтардың бірі – үйірме жұмысын жүргізуге біліктілігі сәйкес келетін маман біраз уақыт бұрын басқа қалаға көшіп кеткен. Алайда оның орнына мүлдем білімі мен тәжірибесі үйірме түріне сәйкес келмейтін маман сабақ жүргізгені анықталды.
Балалардың құжаттарына қатысты кейбір талаптар сақталғанымен, кей жағдайларда құжаттар мүлдем жоқ. Мәселен үйірмеге қатысатын балалардың жұқпалы аурулары жоқ екенін растайтын медициналық анықтамалары болмаған. Керек болса сабаққа қатысты деген балалардың мүлдем құжаты жоқ. Кейбір үйірме орындарының санитарлық жағдайы сын көтермейді. Зерделеу кезінде кейбір ғимараттардан темекі қалдықтары, тіпті тарақан өлекселері де табылды.
– Аталған заңбұзушылықтарға қатысты кәсіпкерлерге қандай шаралар қолданылды?
– Ашығын айтқанда шара қолдану қиынның қиыны болып тұр. Себебі, кәсіпкерлер айқын бұзушылықтар анықталған жағдайда да көбіне оны мойындамайды. Сонымен қатар, жоғарыда айтқанымдай, кейбірі қысым жасауға бейім келеді. Мысалы, зерделеуді жүргізген мәдениет басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкерлеріне қарсы жан-жаққа шағымдар түсіреді. Әлеуметтік желіде өз атынан немесе басқаның атын пайдаланып мемлекеттік қызметкерлерді даттайды, «заңсыз зерделеу жүргізді», «кәсіпкерге дөрекі сөйледі» деген сияқты айыптаулар тағады. Мемлекеттік қызметкерге тағылған жария айыптаулар тасада қалмайды. Құзырлы органдар тарапынан қызметкерлер мен зерделеу жүргізген мекеменің әкімшілігіне қосымша тексерістер ұйымдастырылады. Мұндай тексерістерде мемлекеттік қызметкер өзінің заңсыз әрекетке бармағанын дәлелдеу үшін көптеген рәсімдерден өтуге мәжбүр болады. Осы себептен, бұзушылықтарға шара қолдану тек заңдық тұрғыдан емес, әкімшілік және психологиялық тұрғыдан да күрделі процесс болып табылады.
Айта кетсек, өткен жылдары жүргізілген тексерістер мен зерделеу жұмыстары нақты нәтижелерін берді. 2022-2024 жылдары атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бюджетке 8 млн 200 мың теңге қайтарылған болатын. Ал былтырғы жылғы зерделеу жұмыстарына байланысты оқиғалар кәсіпкерлер тарапынан айтарлықтай наразылық тудырған еді. Дегенмен, бұл зерделеу нәтижесінде үйірме жұмысын жүргізуге берілген 54 мақұлдау-рұқсат кері қайтарылды. Сонымен қатар, үйірме жұмысын тиісінше орындамаған кәсіпкерлердің есебінен 140 миллион теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Кәсіпкерлердің өз бұзушылықтарына қатысты мемлекет тарапынан қолданылған шараларды заңсыз деп тануды талап етуімен байланысты 8 азаматтық іс қазіргі уақытта сот органдарында қаралуда. Яғни, кәсіпкерлер мемлекеттік органның шешімдеріне шағымданып, сот арқылы олардың заңдылығын тексеруді сұрап отыр. Бұл процестер заңға сәйкес азаматтық-құқықтық тәртіппен жүргізіліп, сот шешімдері тараптардың құқықтары мен міндеттерін анықтауға бағытталған.
Жалпы мемлекет тарапынан ұйымдастырылған тегін балалар үйірмелері – бұл қоғам үшін өте маңызды әрі құнды жоба. Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік беріп қана қоймай, ата-аналарға қаржылық жеңілдік әкеледі.
Бірақ, жоғарыда атап өткенімдей іс жүзінде бұл жоба бірқатар күрделі мәселелерге тап болды. Кей жағдайда бұл жүйе балалардың дамуына емес, жекелеген кәсіпкерлердің оңай табыс табуына қызмет етіп кеткені жасырын емес. Нәтижесінде, кейбір үйірмелер формалды түрде ғана жұмыс істеп, балалар күткен білім мен тәрбие ала алмады. Мұндай олқылықтар ата-аналардың сенімін төмендетіп, тегін үйірмелердің негізгі әлеуметтік маңызын көлеңкеде қалдырды.
Сұхбатымыздың басында айтып өткенімдей, 2026 жылы балалар үйірмелеріндегі ашықтық пен бақылауды күшейту мақсатында маңызды жаңашылдық енгізілуде. Яғни балалардың сабаққа нақты қатысқанын тіркеу үшін биометриялық сәйкестендіру, яғни «фейс-контроль» жүйесін енгізу қолға алынды. Бұл механизм балалардың үйірмеге формалды түрде тіркеліп, іс жүзінде қатыспау фактілерін болдырмауға бағытталған. Аталған бастама тікелей облыс әкімінің қадағалауымен жүзеге асырылып отыр. Биометриялық сәйкестендіру жүйесі арқылы сабаққа қатысу деректері автоматты түрде тіркеліп, есеп берудің шынайылығы артады.
Осы ретте үйірмелердің балаларға үлкен мүмкіндіктер сыйлап отырғанын да айтпай кетуге болмайды. Бүгінде осы бағыттағы үйірмелерге қатысып жүрген көптеген балалар шетелдерге шығып, түрлі халықаралық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. Бұл – жас өнерпаздардың әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық мәдениетімізді әлемге танытудың бір жолы.
Мәселен, былтыр Ұлттық домбыра күніне орай осындай үйірмелерге қатысушы екі жүзге жуық бала бір мезетте Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап, «Баласағұн» орталық концерт залының алдында көпшілікке рухани әсер сыйлады. Мұндай ауқымды шаралар балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін күшейтеді.
Сонымен қатар, аталған үйірмелерге қатысушы балалар тұрғындардың рухани демалуына мүмкіндік беретін түрлі мәдени-танымдық іс-шараларға тұрақты түрде тартылуда.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА



