Астанада өткен экспортты ілгерілету жөніндегі Экспорттық штабтың алғашқы отырысында Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер қарастырылып, отандық өндірушілер тап болып отырған кедергілерді жою басты назарға алынғанын атап өтті.
Жалпы отырыста агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер және қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығу барысында кездесетін жүйелі кедергілерді жою мәселелері талқыланды.
Вице-министрдің айтуынша, Экспорттық штабтың қызметі былтыр сапалық тұрғыдан жаңа форматқа көшкен. Бұған дейін талқылаулар жекелеген мәселелер шеңберінде жүргізілсе, мамыр-желтоқсан айлары аралығында «QazTrade» алаңында 5 салалық отырыс өтіпті. Олар агроөнеркәсіп кешені өнімдеріне, май-тоңмай саласына, астықты қайта өңдеуге, балға, сондай-ақ өнеркәсіп және IT өнімдеріне арналған. Нәтижесінде штаб нақты салалардың экономикалық ерекшеліктеріне негізделген жүйелі шешімдерді әзірлеуге бағытталған.
Бұл жұмыстың негізгі нәтижесі 2026-2028 жылдарға арналған май-тоңмай саласы өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасының әзірленуі болды. Сала алғаш рет қосылған құнды қалыптастырудың толық тізбегі аясында қарастырылды. Құжатты әзірлеу барысында еліміздің солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде майлы дақылдарды өсірумен, сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Жетісу және Алматы облыстарында оларды өңдеумен айналысатын 30-дан астам кәсіпорынға кешенді диагностика жүргізілді. Жұмысқа мемлекеттік және жеке сектордан 50-ден астам өкіл тартылып, үш бейінді министрліктің өзара іс-қимылы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Еуропалық одақтың қолдауымен Халықаралық сауда орталығының халықаралық әдіснамасы қолданылды.

Жол картасында саланың дамуына арналған нақты әрі өлшенетін көрсеткіштер айқындалды. Олардың қатарында өңдеу қуаттарының жүктемесін арттыру, экспорт географиясын кеңейту және 2028 жылға қарай Қазақстанның күнбағыс майын әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің қатарына енуі көзделген. Нәтижесінде сала сыртқы нарықтардағы нақты сұранысқа негізделген бірыңғай және келісілген іс-қимыл жоспарына ие болды. Қалыптасқан тәжірибе салалық тәсілді агроөнеркәсіп кешенінің өзге бағыттарына да кеңейтуге негіз болғанын айта кетуіміз керек. Отырыста мысал ретінде экспорт көлемі тұрақты өсіп келе жатқан және табыстылығы, климаттық тәуекелдерге төзімділігі мен экспорттық тартымдылығы бойынша дәстүрлі дәнді дақылдардан асып түсетін жасымық дақылы қарастырылды. Сонымен қатар шикізаттық емес экспортқа кедергі келтіретін жүйелі мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, теміржол көлігінде жүктерді басымдықпен тасымалдау, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау рәсімдері, қазақстандық компанияларды Қытай Халық Республикасының тізілімдеріне енгізу, экспорттық шығындарды өтеу және қаржылық қолдау құралдарына қолжетімділік мәселелері қозғалды.
– Май-тоңмай өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасы саланың стратегиялық дамуына берік негіз қалады. Сонымен бірге май өңдеу зауыттарын Еуразиялық экономикалық одақтың тауар өндірушілері тізіліміне жедел енгізу және карантиндік рәсімдерді оңайлату қажет. Бұл шаралар шығындарды азайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді, – деді «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Ядыкар Ибрагимов.
Өз кезегінде Айдар Әбілдабеков проблемалық мәселелердің бірыңғай тізілімі қалыптастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тетік шешілмеген кейстерді «қолмен басқару» режимінде Сауда және интеграция министрлігі деңгейіне, қажет болған жағдайда Үкімет Аппаратының қарауына шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Экспорттық штаб отырыстарын ай сайын, салалық қағидат бойынша өткізу туралы шешім қабылданды.
Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі



